• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 14:45:12
Алматы
+35°

Фото: Ердаулет Алғибайдың әлеуметтік парақшасынан

"Франция, Париж, Эйфел мұнарасы, Нотр-Дам" бұл атаулар, кез келген адамның қиялына қанат бітіріп, ғажап өмірді елестетіні анық. Ақиқатында, Францияда өмір сүру қандай? Еліміздің білімді, белсенді жастары шетел асып, неліктен елге оралмай жүр? Бұл жайында Париждегі отандасымыз Ердаулет Алғибай Қамшы порталына берген сұхбатында айтты.

– Ердаулет, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз ...

– Мен Түркістан облысында тудым. Қазір жасым 24-те. "Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы" инженер бойынша бакалавр дәрежесін аяқтадым. Мектепте ағылшын тілін оқығандықтан, университетте профессионалды тілге француз тілін таңдадым. Бірінші курсымнан бастап француз тіліне ерекше көңілім ауып, университеттен тыс жеке курстарға барып, осы тілді барынша еркін меңгеруге тырыстым.

– Францияға қалай бардыңыз?

– Мен француз тілін таңдағанымда, өз миссиямды айқындап алдым. Француз тілін жетік білуімнің нәтижесінде 2015 жылы екінші курста сол елде екі айлық оқу тәжірибесінен өту мүмкіндігіне ие болдым. Ал 2016 жылы төртінші курста 1 семестрлік оқуға қабылдандым. Сөйтіп 2017-де Қазақстанда оқуды аяқтап, Франциядағы жоғары инженерлік университеттің ақылы бөліміне оқуға түстім. Ол жақта 2020 жылға дейін оқып, "халықаралық бизнес" мамандығы бойынша диплом (магистратураға сәйкес деңгей) алдым. Солай студенттік өмірім Франциямен тығыз байланыста болды.

Ердаулет Алғабайдың әлеуметтік парақшасынан

– Ердаулет Франция дегенде, адамның қиялына әдемі өмір елестейді. Ал ақиқатында қандай?

– Сіз айтқан әдемі өмір Парижбен бордоның қызыл шарабы, мишлендік ресторандармен, ницца бойындағы көк жағалаумен немесе жоғары жалақымен сипатталуы мүмкін. Бірақ менің пайымымда "Әдемі өмір" жасандылықтың барынша аздығы, арзан әңгіменің жоқтығы, еңбек пен білімнің бағалануы. Қандай мамандық болмасын, өз ісінде шебер болу.

Ердаулет Алғибайдың әлеуметтік парақшасынан

– Қазақстанмен салыстырғанда оқу жүйесінде қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Үлкен айырмашылық бар. Мен жоғарыда атап өткендей, жоғары инженерлік мектепте оқыдым. Ол жердегі білім жүйесі, университеттен басқаша. Оқу ақысы да жоғары. Францияда мемлекеттік университетте студенттер жылына 300 еуродай төлейді. Ал жеке жоғары мектептерде жылдық оқу ақысы 7000 еуродан басталады. Мен оқуға қабылданғаннан кейін, шетелдік студенттерге арналған ең престижді стипендияны жеңіп алдым. Шәкіртақы күнделікті қажеттілігіме жұмсалатын. Әрине демалыс күндері мейрамханаларда даяшы болып, қосымша шығындарымды реттеп тұрдым. Жүйе бойынша, топтық жобалар өте көп. Екі немесе бес студент болып бір проблематикалық сұрақты жан-жақты талқылайсың, соңында қорғайсың. Бір мезетте үш төрт жобамен айналысуың мүмкін. Әр жобада топ мүшелері әртүрлі. Бұл тәжірибе, кейін жұмыста әртүрлі ортаға дайын болуға үйретеді. Экзамен, лекцияда өткен тақырып бойынша біздегідей тікелей сұрақтар қойылмайды. Көбінде байқағаным, өз ойыңды профессионалды түрде жеткізіп, қойылған сұраққа жауап жазу жақсы бағаланатын.

– Қазір қандай жұмыс істейсіз? 

– Менің мамандығым халықаралық бизнес болғандықтан, оқудың соңғы жылында Париждегі халықаралық брокерлік компанияда алты ай тәжірибеден өттім. Сонда мені компания президенті байқап, жұмысқа шақырды. Мен ұсынысты қабыл алдым. Қазір осында маклер болып жұмыс істеймін. Ал міндетіме келетін болсақ, мен орыс тілі мен ағылшын тілін еркін білгендіктен, қара теңіз аймағындағы (Ресей, Украина, Болгария Турция) елдермен тікелей келіссөз жүргізіп, астық мәселесі жөнінен экспорт/импорт қарым-қатынас құрамын бекітемін. Және тауардың А пунктінен Б пунктіне жетуін бақылаймын.

Қазақстан мен Францияның арасында қандай айырмашылықтар байқадыңыз?

– Әлеуметтік көмек Францияда жетерлік. Үй жалдап тұрған адамның табысы аз болса, пәтердің 20-40 пайызын мемлекет төлейді. Ол көмек қайтарымсыз. Әлеуметтік жағдайы нашар студенттерге, университет қорынан қайтарымсыз қаржы беріледі. Тіпті арнайы супермаркеттен тегін тамақ алуға болады. Сосын жұмыста қосымша істелген сағат міндетті түрде төленеді. Еңбек сәйкесінше бағаланады. Қай жерге барсаңызда жоғары дәрежелі сервис. Адамды киген киіміне қарап бөліп, жармайды.

– Ол елдің мәдениеті, менталитеті, халқының ұстанымы, салт-дәстүрі туралы айтып берсеңіз?

– Маған француздардың мәдениеті ұнайды. Консерватив халық емес. Шамалы италиялық шарм мен немістердің белсенділігі тоғысқан ұлт. Бізде жұмыста аса бір иерархия жоқ. Мен компания президентімен әзілдесіп, тіпті таңертеңгі кофемді сол кісімен жиі ішемін. Үлкен кісілерді мұнда "сен" деп тек атымен атайды. Қазақи тәрбиемен өскен маған, бұл қызық көрінді. Әлі күнге дейін, үлкен буынға кейде "сіз" деп кейде "сен" деп араластырып жүремін.

– Туристерге, соның ішінде қазақтарға деген көзқарастары қандай екен?

– Егер турист деп қарасаңыз, біз мұндағы азиялық туристер санатына кіріп кетеміз. Француздар тек қалталы азиаттар ғана Францияға келеді деп ойлайды. Солай да шығар, өйткені Франция қымбат елдердің қатарына жатады.

Ердаулет Алғибайдың әлеуметтік парақшасынан

– Көптеген білімді, белсенді жастар шетел асып, қайта оралмауына не себеп деп ойлайсыз?

– Біздің елде барлығы ақырындап дұрыс жолға түсіп келеді. Мен Қазақстанға оптимистік көзқарастамын. Дегенмен де, егер білімді жастарды дұрыс бағалай алғанда, қазақ интелегенттері шет елдерде жұмыс істемеуші еді. Өзің қалаған өмірге, қол жеткізу бізде әзірге қиындау.

– Болашақта  Қазақстанға оралу ойыңызда бар ма?

– Туған елге қайту жоспарымда бар. Бірақ қазір маған тәжірибе жинау маңызды. Әзірге қай елде жұмысымды жалғастыратыным белгісіз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Айзада Бидан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір