30 Наурыз, 2021 NEWS
Фото: inform.kz
Қазақстанның "қызыл" аймағындағы өңірлерде сабақ 3-тоқсандағыдай форматта жалғасады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің аппарат жиналысында мәлімдеді.
– 1 сәуірде 4-тоқсан басталады. 4-тоқсанда әдеттегідей оқушы саны 300-ге дейінгі мектептерде бір сыныпта оқушы саны 25 бала жинақталып, штаттық режимде оқу жалғастырылады. Сонымен қатар 4-тоқсанға енгізіліп отырған жаңа формат – жасыл және сары аймақта, яғни тәуекелі төмен және орташа деңгейдегі өңірлерде аралас оқыту барлық сыныптар үшін ұсынылады, – деді Шолпан Каринова.
Вице-министр бұл жағдайда бірқатар мәселеге назар аудару қажеттігін еске салды.
– Бірінші – карантин талаптары қатаң орындалуы керек. Білім басқармалары және әр мектептің әкімшілігі тиісті санитарлық талаптарды сақтау бойынша толық жұмыс жүргізуі қажет. Екіншіден, әлеуметтік арақашықтық сақтау және оқушылар мен педагогтардың жеке гигиенасын сақтау мәселелерін ескеру керек. Оқушылар ауырған жағдайда не науқастармен байланыста болғанда және ата-ананың өтінішіне байланысты қашықтан оқыту мүмкіндігі сақталады, – деді ол.
Шолпан Каринова мектеп асханаларының жұмыс істеуі жергілікті санитар дәрігерлермен бірігіп шешілуі керектігін атап айтты.
– Негізгі пәндер штаттық режимде оқытылады. Ал музыка, еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік негіздері секілді пәндер қашықтан оқытылады. Әрбір сыныпта 15 баладан аспауға тиіс, ал сабақтардың ұзақтығы 40 минутқа созылады.
Қазіргі уақытта "қызыл" аймақтағы өңірлерде сабақ 3-тоқсандағыдай форматта жалғасады. Демек, 1-5 және 9 бен 11 сыныптарда аралас оқыту форматы қолданылады. Ал басқа сыныптар қашықтан оқи береді, – деді вице-министр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір