15 Сәуір, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
The New Yorker журналы тағы бір қазақ қызының Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагеріндегі өмірі туралы егжей-тегжейлі жазды. Бұған дейін басылым лагерьде қамалған үш қазақтың өмірі туралы деректі фильм жариялаған.
Журналда Канадада тұратын Анар Сәбит есімді қыз Қытайға барған кезде лагерьге бір жыл сегіз ай қамалғаны, бастан өткен оқиғасы баяндалған.
Анар 2014 жылдан бері Канадада тұрады. Қытайдың Күйтің қаласында мектепте оқыған ол 2004 жылы Шанхай қаласында инвестициялық компанияда жұмыс істеген. Ол Шанхайда болғанда әке-шешесі Қазақстанға көшкен.
Анар кейінірек достарының шақыруымен Канадаға барып, Ванкуверде есепші болып жұмыс істеген.
2017 жылы әкесі жүрек ауруынан қайтыс болып, Анар Қазақстанға анасының қасына ұшып келген. Марқұм әкесінің жұмыстарына байланысты сол жылы жазда Қытайға барған. Бір айдай жүріп, 15 шілде күні Үрімші әуежайынан анасы екеуі Қазақстанға қайтар кезде қытай полицейлері жібермей, ұстап алып кетіп, қайта тәрбиелеу лагеріне бір жыл сегіз айға қамалған.
Төменде "The New Yorker" басылымында жарияланған материалдың бір бөлігі ұсынылды:
Қайта тәрбиелеу лагері ауруханаға, білім беру орнына мүлде ұқсамайды. Шыңажаң повинциясының басшысы Чен Чуангу лагерьлерді "әскерилер сияқты басқаруды және түрме сияқты қорғауды" бұйырды. Анар мен басқа әйелдер өздерінің киімдерін жолақтармен ерекшеленетін формаларға ауыстыруға мәжбүр болды. Ер күзетшілер залдар мен ғимараттың сыртын күзетті. Әр офицер жиырма төрт сағаттық ауысымда жұмыс істеді, ал әйел қызметкерлер тұтқын әйелдер қайда барса соңынан еріп, тәртіп сақшысы болып қызмет етті. Тәртіп сақшылары болмаған кезде бақылау камералары болды; Моншаға түскен кезде де тұтқындар олардан құтыла алмайды.
Ғимаратта рұқсат етілген жалғыз тіл – қытай тілі болды. Егде жастағы әйелдердің кейбіреулері қытайша бірде-бір сөз білмейтін. Олар бірнеше тіркесті қоспағанда, негізінен үнсіз жүруге мәжбүр болды. Барлығынан "есеп!" деп айқайлау талап етілді. Бөлмеге кіргенде, көптеген әйелдер оны ұмытып кететін. Бір тәртіп сақшысы әйелдерді үнемі қорлады. Оны ашуландырған тұтқындар жазаға тартылды, кішкентай бөлмеге қамалып, түні бойы "жолбарыс креслосына" кісенделді.
Сақшы үнемі "Егер бойсұнбасаңдар, онда өмір бойы қамауда боласыңдар" деп қорқытты. Әйелдер әр күні таңертең дәл сағат сегізде оянуы керек еді. Жуыну мен дәретханаға баруды қоспағанда, тәулігіне 24 сағат камерада қамалып отыратын. Қамалғандарға бет және тістерін жууға, дәретханаға баруға 3 минут берілді. Жуыну бес минуттан аспауы керек. Кейбір әйелдер 5 минутта жуынып үлгере алмай сабынын шайып үлгермеген күйінде шығатын.
Тамақтану үшін әйелдер есікке қарап, азық-түлік арбасын күту үшін камераларына кезекке тұрулары керек. Оларға берілген тамақ ыдыстары арзан пластиктен жасалған, ал Анар қызметкерлердің ыстық тамақ пен суды араластырып жатқанын көріп, тамаққа улы заттар қосты деп күдіктенді.
Анардың камерасында үстел болмады, Әйелдерге дәрет өтеу үшін құрылғы берілді. Оларды қолдану өте ауыр еді, өйткені олар бір футтай болатын. Әйелдер олардың үстінде отырып, табақтарын еденге қойды. Егер олар тым баяу тамақтанса, оларға сөгіс жарияланды.
Тұтқындарға күндіз төсектерінде отыруға тыйым салынды, бірақ түскі астан кейін оларды міндетті түрде ұйықтауға, көздерін жұмып жатуға мәжбүр етті. Сағат 22-де ұйықтауға бұйрық берілді, бірақ камералардағы шамдар ешқашан сөндірілмейтін. Көрпемен немесе сүлгімен көзді жауып қоюға тыйым салынған. Жастау әйелдер қарттарды жарықтан қалқалау үшін өз еріктерімен жоғарғы төсектерді алды.
Егер біреу сөйлесе, бөлмедегілер дауыс зорайтқыштан шығатын құлақ жарған дауыспен жазаланады. Түнде жуынатын бөлмені пайдалану туралы кез-келген өтінішке құлақ аспайтын, ақыр соңында әйелдер сұрауды қойды. Олар өздерінің ауырсынуларын жасырды, өйткені тұтқындар жүзінен қайғы-қасірет көрінсе де жазаланды. "Мұнда жылауға болмайды" деді күзетшілер оларға. "Қайта тәрбиелеу" деп аталатын лагерьлер оларға камераларға қарамауды, беттерін жасыруды және үнсіз жылауды үйретті.
Сынып темір тормен қоршалған. Әр бұрышқа бақылау камерасы орнатылды. Сабақ кезінде екі полиция қызметкері күзетте тұрды. Кез келген тексеру кезінде "Қателіктеріңді түсінесің бе?" деп сұрайтын. Қамауға алынғандар "тәубеге келу" туралы өтініш жазды. Күзетшілер мұндай өтініш жазбаған адам ешқашан кетпейтінін айтты.
***
Психологиялық ауытқуға ұшырағандар өте көп болды. Қытайша әзер оқитын бір әйел мәтіндер мен кейіпкерлерді жаттауға күш салатын. Бір күні кешке ол айқайлай бастады, киімін шешіп, төсегінің астына тығылды, ешкім тиіспесін деп айқайлады. Сақшылар дәрігермен бірге жүгіріп келіп, оны алып кетті. Лагерь әкімшілері оны ауруға шалдықты деп, камераға қайтарды. Осыдан кейін әйел құрысып, ауруханаға жіберілді. Бірақ ол босатылған жоқ.
Анар да өзін әлсіз сезінді. Ол арықтап бара жатты. Ол ештеңені, тіпті бір жұтым суды да ұрттай алмады, тоқтаусыз құсты. Басқа әйелдер сияқты, оның эмоциясында да өзгеріс болды.
Сол жазда, Анар қамалған лагерьдің директоры оларға қоршалған аулаға шығуға рұқсат берді. Онда снайперлер тұратын, ал әйелдер шұғыл жаттығу сияқты әрекеттермен шектелді...
***
"Біз жүзімді төсек жапқыштың ішіне жасыратын едік" деп еске алды Анар. "Сонда біз оларды камераға алып келіп, жасырын түрде жейтін едік" дейді ол.
Лагерь шенеуніктері шілде айында Анар мен басқа әйелдер жаңа мекемеге ауыстырылатынын айтты. Тұтқындар қайда бара жатқанын білмей, жағдайлары нашарлай ма деп қорықты. Бір күні түнде күзетшілер әйелдерді оятып, заттарын жинауды бұйырды. Оларды алып кету үшін автобус күтіп тұрды. Жолда полиция автокөліктері тізіліп, офицерлер жол қиылыстарын басқарды.
"Көптеген адамдар жылап жатты" деп еске алды Анар. Ол қасындағы қыздан "Неге жылайсың?" деп сұрағанында "мен өзім жүретін көшені көріп, бұрынғы өмірім еске түсіп кетті" деп жауап берді.
Қараңғыда олар оқшауланған кешенге жақындады. Ғимараттардың бірінің пішіні алып "L" әрпі тәрізді және оны қоршауға алған. Автобус ғимараттың жанынан өтіп бара жатқанда, әйелдер онда қанша бөлме бар екенін есептеу үшін терезелерді санады. Анар құрылыста адам жоқ екеніне таң қалды. Оның жарықтандырылмаған бөлмелері қараңғы және қуыс болып көрінді. Олар оның алғашқы тұрғындары болды. Ол кез жаз еді, бірақ қалың бетон қабырғаларының іші қабір сияқты суық сезілді.
Жаңа ғимаратта ұсталғандарды ұлтына қарай бөлді. Ерекше жағдайларды қоспағанда, ұйғырларға қатаң шаралар қолданылды. Кейбіреулерді түрмеге ауыстыратыны айтылып, сотталды. Керісінше, Анардың айналасындағы әйелдер біртіндеп босатылды.
Бір күні Анардың қасындағылардың бірі оған "Ертең сен кетесің" деді. Кейінірек, Анардың жақында босатылуы мүмкін екені туралы сыбыс тарады. Кейбір әйелдер Анардың қытайша жазған дәптерін сұрады. Күзетші оған көзін қысып, көп ұзамай оның аты дауыс зорайтқышта жарияланатынын және бостандыққа шығатынын айтты. Анардың аты аталғанда, Анар орнынан тұрып, басқа әйелдер оған жақсылық тілегендей есіктің ашылғанын күтіп тұрды. Содан кейін ол бөлмесінен азаматтық киімді киіп шыққанын "ақыры жиіркенішті форманы шештім" деп еске алды.
Қызметкерлер Анарды лагерьдің партия хатшысына алып келді. Хатшының бөлмесінде орындық, кішкене үстел және кереует бар екен. Хатшы төсекке отырды да Анарға дәріс оқыды. Хатшы Анарға патриоттық сезім керек екенін айтты: "Сіздің өмір салтыңыз тым индивидуалды болды – өзіңіз үшін күресіңіз!" деді партия хатшысы. Анар іштей ашуланды. Бірақ Анар бас изеп "Иә, иә. Сіздікі дұрыс" деді. Хатшы жергілікті партия қызметкері мен оның көмекшісі Анарды ағасының үйіне апару үшін күтіп тұрғанын айтты.
Лагерьден қызметкерлердің көлігіне қарай бара жатып, Анар бөлмелес әйелдер айтқан бір нәрсе туралы ойлады: "Артқа қарамаңыз. Бұл жаман белгі" деген еді олар. Анар олардың кеңестеріне құлақ асуды ұйғарды...
Анар лагерьден босатылған соң, Қытайдан кету ойына келді, бірақ ол мүмкін емес сияқты көрінді. Кейінірек ол туыстарының шақыруымен Қазақстанға кеткен адамдар туралы білді. Анар босатылғаннан кейін бір ай өткен соң паспортын алу үшін полиция бөліміне барды...Кейінірек ол паспортын алып, лагерьдегі өмірі туралы айтпауға келісім берді. Содан кейін шекараға баратын пойызға дереу билет алды...
Шекарада Анар қазақ даласына көз жіберді: аппақ қар және жел қозғаған шөп. Оның арғы жағында таза ауа мен қатпар-қатпар тау табиғаты. Содан соң Анардың көзі әр жолаушы сұхбаттасуға шақырылатын Қытайдың шекара бекетіне түсті... Терезесіз бөлмеде үш шенеунік қырық минут бойы Анардан жауап алды. Олардың біреуі иығына камера ілген. Содан кейін Анарға бара бер деді. Анар қазақ жеріне өтіп бара жатып, жеңілдеп қалғандай болды. Ол қазақ шекарашыларды өзінің отбасы сияқты сезінді. Адамдар қазақ тілінде еркін сөйлеп тұр. Ешқандай алған заты жоқ болған соң ол кеденнен тез өтті. Анарды күтіп алып, анасына жеткізу үшін немере ағасы қарсы алды. Анар оның машинасына қарай келе жатқанда жел соғып, таза ауаны сезді. Тұтқында болған бір жыл сегіз айдан кейін Анар бостандықта шықты.
Анар бірнеше ай бойы ашыққа шығудан қорыққанын, бірақ лагерьлер туралы қытайлық үгіт-насихат оның қорқынышын біржола ысырып тастауға себеп болғанын айтты. "Мен өзіме не болғанын айтуым керек" деп шешті Анар. 2019 жылдың қазан айында, бостандыққа қол жеткізгеннен жарты жылдан кейін, Анар өзінің естеліктерін жазбаша түрде хатқа түсіре бастады. Анар естелік жан жарақатын жеңуге көмектескенін білді. Терапевтке көріну де пайдалы болды.
Бірақ ол өзін бұрынғыдай сенімді және мақсатты әйел деп сезіне алмады. Түнде түс көріп шошып оянады. "Түсімде мен лагерьде жүремін, әртүрлі формада" деді ол. Түсінде кейде камерада болады. Бірде ол түсінде тауық қорада қамаулы отыр. Енді бірде түрмеге қамалған адамдарды көрді, өзі де сол адамдардың арасында жүр.
"Мен бір жылдай күн сайын осындай түс көретінмін. Қатты қорқып, жылап оянатынмын. Бұл өте ауыр азап болды, себебі қауіпсіз жерде болсам да, бұрынғы өмір есіме келе береді" дейді ол.
Терапиядан кейін бұл жағдай біраз уақытқа басылды, бірақ жақында қорқыныш басқа формада пайда болды. Анар енді Шыңжаңда жүрген түс көреді.
"Мен кетуге тырысқанда, полиция маған болмайды деп айтады. Мен шекарадамын, мен әуежайдамын, олар мені тоқтатады, өзімнен неге келдім? неге Қытайда жүрмін? деп сұрай бастаймын" дейді ол түсі жайлы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір