• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:28:03
Алматы
+35°
Сенатор, жер реформасы бойынша комиссия мүшесі Мұрат Бақтиярұлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді Қазақстан азаматтарына да сатуға қарсы екенін мәлім етті. Оның пікірінше, азаматтардың жартысынан астамы орта тапқа айналмайынша, бұл мәселені қозғаудың қажеті жоқ.
 
"Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның мүшесімін. Бірақ қатты сырқаттанып қалуыма байланысты комиссия отырыстарына қатысуға еш мүмкіндігім болмады. Комиссия ауқымды жұмыс жасап жатқанынан хабардармын. Жерге қатысты қоғамда алуан түрлі пікірлер барын да білемін. Оны таразылап нақты бір байламға келтіру комиссия үшін оңай шаруа емес екенін де түсінемін.
 
2016 жылы жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге қатысты заңға сенатор Қуаныш Айтахановпен бірге қарсы болғанбыз. Дауысымыз естілмеді. Президентімізге үлкен рахмет, бұл мәселені түбегейлі шешіп берді. Ендігі үлкен алаңдаушылық тудыратын жайт-жерді өз азаматтарымызға жеке меншікке сату, сатпау мәселесі. Көптеген мемлекеттерде жерді нарықтық тауар ретінде қарап жеке меншікке сатып жатады. Біздегі жағдай мүлдем бөлек. Ғасырлар бойы халқымыз жерді товар ретінде емес, оны Анаға тиеп, Жер АНА деп қастерлеп келді. Сондықтан да осы елдің азаматы мен комиссия мүшесі, сенатор ретінде жердің өз азаматтарымызға да сатылуына қарсымын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Ұлтымыздың жартысынан астамы орта тапқа айналмайынша бұл мәселені қозғамауымыз керек. Келер ұрпақтың үлесіне қалдырайық. Қазіргі кезде жердің иесі тек мемлекет болуы тиіс. Жерді пайдаланам деген азаматтарға тек жалға ғана беруге кедергісіз барлық мүмкіндіктер жасалу қажет" деп жазды сенатор өзінің facebook парақшасында.
 
Бұған дейін 14 сәуірде мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Заң жобасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге жалға беруге тыйым салуды көздейді.

Қоғам белсенділері мен жер реформасы жөніндегі комиссияның кей мүшелері жерді Қазақстан азаматтарына да сатуға болмайды деген пікірде. Олар жер қазақстандықтарға сатылатын болса, оған ақшасы барлардың ғана қолы жетіп, мұның арты жерге иелік ететін алпауыттардың шығуына әкеліп соғатынын айтады. Сондай-ақ жерді қазақстандықтарға рәсімдеп, шетел азаматтары емін-еркін пайдалып отыруы мүмкін деген қатерді алға тартады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жер дауы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір