• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

16 Қазан, 09:20:45
Алматы
+9°

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәні мұғалімі мен 9-сынып оқушылары Алмаз Нұржанов пен Алина Чернякованың «Маңғыстаудағы экстрааридті табиғи-климатты жағдайда қарапайым анар өсіру» ғылыми жобасы авторлық куәлікке ие болды.

Зерттеу жобасының басты мақсаты - шөлді Маңғыстау топырағына отырғызылған қарапайым анардың түрлі қоспалар мен тыңайтқыштарға әсерін, өсу кезеңдеріне сынақ жүргізу. Эксперименттер мен бақылаудың нәтижесінде жоба авторлары Маңғыстау топырағы мен ауа-райы анардың өсуіне мүмкіндік беретіндігін анықтаған. Осылайша оқушылар өңірдегі ауыл шаурашылығының дамуына үлес қосқысы келген.

Алина мен Алмаз анар тұқымдарын мектеп жылыжайына отырғызып көрген. Кейін бір жыл бойы өсімдіктің морфологиялық белгілеріне фенологикалық бақылау жүргізіп, оның өсу жылдамдығына және тыңайтқыштарды қосу барысындағы реакцияны сараптаған. Барлық сараптаманы талқыға сала келіп, нәтиже шығарған.

Фото: qamshy.kz

Бұл зерттеу жұмысының тәжірибеде өзектілігі өте жоғары деп есептейміз. Оқушылар алдағы уақытта отырғызған ағаштарын бақылап, оларға күтім жасаудың агротехникалық жолдарын меңгеріп, Маңғыстау облысындағы фермерлерге анар отырғызып көруді ұсынғылары келеді, - деді жоба жетекшісі Гүлжан Нүсіпжанова.

Жас зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, ағаштар қазір Маңғыстау жеріне жерсіну процесі жүріп жатыр. Егер сынақ сәтті жүзеге асса бұл ағаштар 4-5 жылдан кейін жеміс бере бастайды.

– Мені биология мен ботаника 7-сыныптан бастап қызықтыра бастады. Нәтижесінде мен әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға қатыса бастадым. Өткен жылы бізге ұстазымыз осындай идеяны ұсынған кезде біз қуандық. Өйткені өңірде жеміс ағаштарын отырғызу, жалпы көгалдандыру мәселесі өте өзекті болып тұр, - дейді Алмаз Нұржанов.

Жас ботаниктер алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жалғастырып, Маңғыстаудағы ерекше жеміс ағаштары отырғызылған бақты жүзеге асырғылары келеді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Ақтау Маңғыстау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір