26 Сәуір, 2021 Әлем
АҚШ президенті Джо Байден мен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған
Ердоған мен Путинді достар деп айтуға келмес, бірақ кейбір позицияларда олар бір-бірінің айтқандарын түсініп, бірлесе қимылдайтындай әсер қалдырады. Ал Сирия мен Қырымда олардың ұлттық мүдделері тіпті кереғар деуге болатындай. Осы екі авторитарлық режим Батысқа қайткенде де жақпай-ақ қойды. Ресейдің жағдайы түсінікті – олар "СССР" кезіндегі АҚШ-пен паритетті аңсайды, екінші мықты ядролық держава атағынан айырылғысы келмейді, содан бері 30 жыл өткенін, сыртқы жағдайдың күрт өзгеріп кеткенін ескергісі келмейді.
Ал ондай амбициясы жоқ, ядролық қаруы жоқ, ешкімге зорлап өз саясатын таңып отырмаған, өзінің ұлттық мүддесі тұрғысынан дұрыс қадамдар жасап отырған Ердоғанның Батысқа не үшін жақпай қалғаны түсініксіз. Әсіресе Байденнің оған осы кезге дейін телефон соқпауы түркі әлемінің ірі көшбасшысын жорта көзге ілмеу деп бағалауға болады.
Жалғыз ғана себеп – Түркияның АҚШ пен НАТО-ның қатты қарсылығына қарамастан Ресейден С-400 "Тайфун" зенитті-зымыран кешенін сатып алуы. Кейбір сарапшылар "америкалық Пэтриот тұрғанда қажеті қанша еді" десе, екіншілері "олар Пэтриотты Ердоғанға сатпады, сондықтан амалсыз сондай қадамға баруға мәжбүр болды" дейді. Шын себебін білу бізге қиын, мүмкін сырт көзге біліне бермейтін басқа да жайттар бор шығар. Біріншілері Түркия С-400-ді сатып алу арқылы НАТО-ның әскери мүмкіндіктеріне нұқсан келтірді, өйткені С-400 НАТО-лық F-35-ті "оқуға" арналған дейді. Сондықтан да Блинкен наурыз айының аяғында тағы да Түркия сыртқы істер министрлігіне телефон соғып, С-400-ді өздеріне қайтып беруді сұраған. Оған тағы да жоқ деген жауап алған.
Сондықтан БАҚ-тарда АҚШ осыдан 100 жылдан астам уақыттағы Осман империясының армяндар геноцидін тануы мүмкін деген "утечкалар" пайда болды. Бұл Ердоғанға айтылған соңғы ескерту сияқты еді. Шамасы Түркия тарапынан тағы да теріс жауап берілген болуы керек, бүгін Байден Ердоғанға телефон соғып армяндар геноцидін АҚШ-тың мойындайтынын жеткізген. Оған Түркияның жауабы – біз АҚШ-тың бұл әрекетін мойындамаймыз!
Түркия, әрине, АҚШ-тай ірі держава емес, бірақ осал мемлекет те емес. Бізге бауырлас ел, сондықтан біз Байденнің бұл әрекетін құптамаймыз, қарсымыз. Бұл әлі толық зерттелмеген тақырып деп ойлаймыз. Өйткені Ердоған Түркия архивтерін толық ашқанын, әркімнің-ақ келіп зерттеулеріне болатынын, ал армяндар әлі күнге шейін архивтерін ешкімге көрсетпей отырғанын жария түрде бірнеше қайтара айтты.
АҚШ-та армяндар лоббиі өте күшті. Сондықтан да болуы керек, барлық 50 штаттың 49-ы армяндар геноцидін Байденге дейін-ақ мойындап қойған. Бүгінге дейін ол геноцидті 32 мемлекет мойындапты. Жалпы оны кезінде Рейган бастапты. 1981 жылы бір сөзінде ол армяндар геноцидін Холокостпен салыстырған. Бұған қарағанда негізгі жұмыстар Байденге дейін-ақ біткен, тек оны АҚШ атынан ресми рәсімдеу ғана қалған сияқты. Сайлауалды үгіт-насихатында Байденнің берген уәдесі де бар екен, ол қазір сол уәдесін орындағандай болып отыр. Шамасы армяндар лоббиі бұл жерде де ұйымшылдықпен біраз жұмыстанған болып тұр.
Өкінішті-ақ әрине. №1 держава басшысының мұндай толық зерттелмеген тақырыптарды саудаға салуы, оны екінші бір елді мұқату үшін пайдалануы қалай болғанда да ақтауға келмейді деп ойлаймын. Әрине, идеал адам болмайды, әркімнің-ақ әйтеуір бір кемшілігі болады. Байден де идеал емес. Мұнысын сондай кемшіліктерінің бірі деп есептейік. Ал түрік бауырларға еңселеріңді түсірмеңдер, мына сапырылысқан дүниеде, әлемнің бір шетінде сендермен жүрегі бір, қашан да қолдауға дайын туысқандарың бар дегіміз келеді.
Қуаныш Еділхантегі
Шолушы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір