• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:38:16
+35°

ЖЫР-ЗАПЫРАН!..

Көрген қорлық жылдар бойы жиналған,
Түн баласы қайран жүрек қиналған.
Бұл әлемде біздей бір Ұлт бар ма екен,
Кілең тексіз ақылды алған, миды алған?..

Тағдыр жолы ауыр ма екен, тар ма екен,
Іштен жылап, тұншығатын зар ма екен?
Қайран Ұлттың кеудесіне жиналған
Запыранды көрген біреу бар ма екен?..

Қалай төзем, Ұлттың жайын жоқтамай,
Кім болды өзі сөйлемейтін «оттамай»?
Мына менде запыран-жыр жиналған
Жөнеле ме ағыл-тегіл тоқтамай?...

БЕЙШАРА КІМ?

Күндіз-түні Ұлт Намысын таптаған,
Елде түк те қалмағандай сатпаған?
Бір сұмдығы, Тәуелсіздік арқылы
Кілең ұры, кілең жемқор – қаптаған...

Намыс қайда, сын сағатта ҰЛ айтар?
«Ләпбай, тақсыр!» - бұл ишара құл айтар,
Тумай жатып ар-ұятын жоғалтқан
Біздің Ұлтта бейшара кім, кім айтар?..

Дайын тұрар өз қазағын жүндеуге,
Дайын бастан жөнелтуге мүлдемге.
Қалауынша Ұлт байлығын тонаған
Болады Ұлтым, бейшараны кім деуге?..

ҰЛТТАН ҚЫМБАТ КІМІҢ БАР?!.

Есептелген бодандығы «ПҰЛ» болып,
Тоналған Ұлт - Ар-Ұяттан тұл болып?
Басшысы да, қосшысы да Қазақтың
Жаралған ба, құлақ кесті құл болып?..
«Нағыз Қазақ» – анау ма өзі, мен бе өзі,
Бейшара қал, түсім, яки, өң бе өзі?
Жалтаң қаққан қожайынға бұрынғы,
Қазақ Елі шын Тәуелсіз Ел ме өзі?..

Бейшарам-ай, «шүлдір» қаққан тілің бар,
Ептеп Ұлтқа келетіндей түрің бар.
Ей, орысқұл, түсінбеймін мен сені,
Ұлттан қымбат, ұлттан артық кімің бар?..

ЕҢ ҚИЫН СҰРАҚ!..

Тіршілікте озған кімі, кім қалыс?
Кімі таза және кімі былғаныш?
Өзім менен өзім қалсам оңаша
Болады ылғи естілгендей бір дауыс:

«- Уақыт жылдам өтеді деп налыма,
Тек жақсыны жақын ұста жаныңа.
Асып, тасу – жараспайды пендеге
Риза бол, бүгініңе, барыңа...».

Мен білмеймін, дауыс қайдан шыққанын,
Мен білмеймін, кімнің неден бұққанын.
Мен оны да айта алмаймын тап басып,
Көп пе, аз ба, ұқпағаннан ұққаным?..

ҚАЙРАН ҰЛТТЫҢ МҮҢ-ЗАРЫ!..

...Тек алуды артық көрген жанынан,
Деп кім айтар: «жоғы жақсы барынан?..»
Өз жерінде өгей бала - тек Қазақ,
Бұл қорлықтан қайтсем, қалай арылам?

Тойымсыз кім, құрып тұрар ындыны,
Әлі алда ма ұлттың көрер сұмдығы?
Біздің Қазақ ұзақ жылғы тепкіден
Әбден қажып талғандай ма, шындығы?

Сұрқай тартып, қу медиен дала да,
Кім үйренген беті қалың жалаға?
Тек кірпігі қимылдайтын науқастай,
Қайран ұлтта үміт құрып бара ма?

Бұл жағдайдың кім түсінбес парқын да,
Кім көз сатқан тау-тау байлық - алтынға?
Сәл тықырдан, боздап қоя берердей,
Бір өксік жас кептеле ме алқымға?..

Еріместей Алатаудың мұз-қары,
Тоңдырғандай қатыгездік ызғары!
«Шындық!..»-деген жалғыз сөзден расы
Естілмей ме қайран ұлттың мұң-зары?..

Автор: Жұмаш Көкбөрі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір