• USD 426.77

  • EUR 509.95

  • RUB 5.89

  • CNY 66.34

18 Маусым, 12:24:55
Алматы
+24°
Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов прокурордың қамау мерзімін ұзарту туралы талап арызы жорамалға құрылған деп санайды. Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында өткен сотта сөйлеген сөзінде ол ешқандай жемқорлық қылмысқа қатысы жоқ екенін айтты. Бұған дейін прокурор Елжан Біртанов пен оның экс-орынбасары Олжас Абішев мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келтіргенін хабарлаған болатын.

– Кеше бірқатар ақпарат құралдары қателесіп немесе қасақана прокурор маған айып таққаны туралы ақпарат таратты. БАҚ өкілдеріне, маған әлі айып тағылмағанын, тергеу жүріп жатқанын, бүгін күдік қаншалықты негізді екені, күдікті ретінде менің құқығымды шектеу-шектемеу мәселесі қаралатынын атап өткім келеді. Мен прокурор талап арызында бюджет қаражатын оңды-солды шашты, жымқырды деген айыптың заңды, негізі бар екенін растайтын сенімді дерек жоқ екенін мәлімдеймін. Жұрт алдында тұрып, тағы қайталаймын: осы іс бойынша да, министр қызметіндегі басқа кезеңде де менің ешқандай жемқорлық істеріне қатысым болмаған, – деді ол.

Экс-министр талап арызда шетелде өзінің жылжымайтын мүлкі бары туралы жазылғанын айтып, соттан мұны растайтын құжаттарды сұратуды өтінді. 

– Құрметті сот, менің жылжымайтын мүлкім бар екенін, жақындарымның шетелде тұруға рұхсаты барын растайтын құжаттар болмаса, жоқ нәрсені бар деп отырған тергеуші мен прокурор әрекетіне құқықтық баға беруіңізді сұраймын, – деді Біртанов.

Сондай-ақ Біртанов электрондық төлқұжат қосымшасы істемейтіні туралы айыпқа да келіспейтінін жеткізді.
 
– Іске менің телефонымнан жасалған скриншотты тіркеуді сұраймын. Мен өзімнің жеке деректерімді ұсынуға әзірмін. "Денсаулық" қосымшасынан өзімнің электрондық төлқұжатымдағы көшірмені жүктей аламын. Алғаш оны 2019 жылғы 16 қыркүйекте жүктедім. Артынша 2020 жылғы 28 тамызда, 2021 жылғы 23 ақпанда, 2021 жылғы 4 сәуірде жүктедім. Ашып, өзімнің қай емханада тіркелгенімді, 2020 жылы екі ауруханада Covid-19-дан емделгенім туралы ақпаратты көрсете аламын, – деген ол қосымша қызметі толық істеп тұрғанын, тек толықтыруға байланысты мәселелер барын, ол үрдіс емханалардың ақпарат жүйесі платформаға қосылуына байланысты екенін айтты.

Экс-министр Елжан Біртанов 2020 жылғы 3 қарашада аса ірі көлемде бюджет қаржысын ысырап ету фактісі бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған.

7 қарашада Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, үй қамаққа алынған. Мұнан соң үй қамаққа алу шарасы әлденеше рет ұзартылған.

Жуырда, 21 сәуірде Біртановқа қатысты үй қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы 2021 жылғы 14 мамырға дейін ұзартылды. Алайда сот бұл жолы оған 8:00 мен 19:00 аралығында үйінен шығуға рұхсат берді. Сот мұндай шешімді экс-министрдің бұлтартпау шарасын бұзбауымен түсіндіріп, ел игілігі жолында жұмыс істеуіне болатынын мәлім етті. Оған дейін Біртановқа отбасы мүшелері мен адвокатынан өзге ешкіммен сөйлесуге болмайтын. Тіпті оған шаштараз да кіргізілмеген. Енді жаңа шараларға байланысты ол жұмысқа бара жатып жолай жолыққан адамдармен сөйлесе алады. 8:00 мен 19:00 аралығынан тыс уақытта шектеу бұрынғыша қала береді.

26 сәуірде Біртановтың коммерциялық құрылымда жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат шықты.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Біртанов ісі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір