Израиль мен Газа Секторындағы ХАМАС тобы арасындағы атыс жұма, 21 мамырдың таңынан бастап тоқтатылды. Осылайша, 240 адамның өмірін қиған 11 күнге созылған конфликт соңына жетті, деп жазады bbc.
Израиль мен ХАМАС әрқайсысы өздерін жеңімпаз деп жариялауда. АҚШ президенті Джо Байден оқ атудың тоқтатылуы прогресс жасауға "жақсы мүмкіндік" екенін мәлім етті.
Бейсенбіде Газа секторының солтүстігіндегі ХАМАС инфрақұрылымдарына 100-ден астам Израиль әуе соққысы жасалған. ХАМАС ракетамен атқылап жауап берген.
Сектордағы қақтығысқа бірнеше араб отбасын Шығыс Иерусалимнен басқа шаққа көшіру туралы сот шешімі себеп болған. Сот шешімі кейінге қалдырылғанымен қақтығыс тоқтамады.
Иерусалим 1967 жылғы Алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауында. Алайда халықаралық қауымдастық қаланың тұтас Израильге тиесілі екенін мойындамаған. Қала бірнеше бөлікке бөлінген. Қаланың Шығыс бөлігінде арабтар тұрады. Израиль билігі Шығыс Иерусалимде тұратындарға ел азаматы атану құқығын берген. Бірақ ол жердегілердің басым көпшілігі резидент ретінде тұрып келеді.
Газа Секторы заң жүзінде тәуелсіздігі ішінара мойындалған Палестина мемлекетінің бір бөлігі болып саналады. Шығысы мен солтүстігі Израильмен шектесіп жатыр. Ел кей мемлекеттер лаңкестік топ деп таныған ХАМАС тобының бақылауында.
Палестина заң жүзінде тәуелсіз мемлекет. Бірақ оның тәуелсіздігін БҰҰ мемлекеттерінің барлығы бірдей мойындамаған. Қазақстан Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған. Елде шын мәнінде егемендік нақты құрылмаған. Мемлекеттік құрылымдар ішінара ғана жасақталған. Мемлекеттің президенті, үкіметі мен парламенті болғанымен, әскері, ұлттық валютасы, халықаралық әуежайы жоқ.
Пікір қалдыру
пікір