• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:23:54
Алматы
+12°

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

18 мамыр – халықаралық Музей күніне орай Алматы облысындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде «Ұлы дала галереясы» атты конференция өтті.

Ашық аспан астындағы «Таңбалы» қорық-музейі Қазақстанның оңтүстік-шығысында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарабастау ауылының солтүстік-батысына қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Алматы қаласынан 170 шақырым жерде.

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

Аталған шараға Алматы облысының танымал суретшілері мен тарихшы ғалымдары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Мәдени шараның ерекшелігі – сонау қола дәуіріндегі тасқа қашалып салынған суретшілік өнерді бүгінгі қылқалам шеберлерімен рухани байланыстыру.

Сонымен қатар мұнда алғаш рет «Таңбалы түні» атты мәдени іс-шара өтті. Ойын түрінде өткен бұл шара өте қызықты және әсерлі болды. Екі топқа бөлінген командалар түнде жарық шамның көмегімен Таңбалы шатқалында арнайы киінген жартас кейіпкерлерін кездестірді. Театрландырылған түнгі қойылымды тамашалап, сол кейіпкерлердің бейнесін жартастардан іздеді. Бейнелерді жылдам тапқан топ мүшелеріне ұпай беріліп, сол ұпайдың қорытындысымен жеңімпаздар анықталды. Арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

Музей директоры Мадияр Әмірғалиев журналистерге берген сұхбатында:

– Бұл мәдени шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Мақсатымыз Бабалардан мұра болып қалған тарихи құндылығымызды көлемді түрде дәріптеу. БАҚ өкілдеріне Таңбалының тылсымын көрсету. «Таңбалы» қорық музейі бүгінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, сондықтан осы ұйымның қорғауында. Бұл бірден бір көне дәуір шежіресі болып саналады. Музейдің мақсаты – көне дәуірден бері сақталып келген жәдігерлерін болашақ ұрпаққа сақтап, жеткізу. Соның аясында ғылыми қызметкерлер тастағы таңбаларға жылда маниторинг өткізіп отырады. Қыс, жаз мезгілінде петроглифтердің қалыпты жағдайын сақтауға мән беріледі. Оған қоса «Остров Крым» ғылыми-реставрация зертханасы, Қазреставрация мекемелерімен тастарды осы күйінде сақтап қалуға байланысты зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Былтыр 3 195 таңба құжаттандырылды, бұл дегеніміз осы таңбалардың бұдан 5 жыл, 10 жыл бұрынғы кезінен бері қандайда бір өзгеріске ұшырағанын анықтау. Мұндай мониторингтік жұмыстар жылына екі рет жүргізіледі. Тексеріс барысында таңбалардың қандайда бір өзгеріске ұшырағаны анықталса, ол қалпына келтіріледі.

Орталық Азия бойынша тастағы петроглифтердің ең көп шоғырланған жері осы жер, мұнда 5 мыңдай таңба бар. Музейді дамыту бойынша алға қойған жоспарларымыз көп. Осы жылдың күзінде әлемдік петроглифтер конференциясын өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар музей қабырғасында отандық суретшілердің дәстүрлі фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар турист тартуда маңызы зор. Өйткені көпшілікке тасты көтеріп апарып, көрсете алмаймыз, ал суретшілердің салған суретін кез келген жерде көрсетіп, таңбалармен таныстыруға болады. Пандемия аяқталып, шекара ашылса, сырттан көптеген турист келеді деген ойдамыз.

Жартастағы суреттер осыдан 3-5 мың жыл бұрын тасқа қашап салынған. Халықаралық музей күніне орай Алматы облысының суретшілерін музейге жинап, көне дәуір мен қазіргі бейнелеу өнері арасындағы сабақтастық нығая түссе екен деген оймен үлкен конференция өткізіп отырмыз. Бұрынғы петроглифтер тасқа таңбаланып салынса, қазіргі суретшілер сол таңбаларды қылқалам арқылы қағазға түсіріп, рухани құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа насихаттамақ. Жартастағы суреттер жайдан жай салынбаған, ата-бабамыз күнделікті тіршілігін бізге сурет арқылы қалдырып кеткен, – деді музей директоры.

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

Иә, жартастағы әрбір бейнеден біз өткен көне дәуірдің қойнауына сапар шеккендей күй кештік. Таңбалының тылсым сыры жұмбағы көп. Оның қадіріне жетіп, қастерлей білу бүгінгі жастардың борышы.

Фото: «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі баспасөз қызметі

Ел аузында «Таңбалының маңындағы бір сайда ертедегі шайқастың дауысы естіледі» деген қауесет бар. Ол дауысты өз құлағымен естіген адаммен алдағы уақытта жолығып, сұхбаттасамыз.

Бақтияр Айталы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір