09 Маусым, 2021 Сұхбат
Фото: Бешір Ахмет Көсенің жеке мұрағатынан
Түркияда қазақтардың ең көп шоғырланған жері – Ыстамбұл, Конья, Измир, Маниса қалалары. Олар қиын-қыстау заманда Қазақстаннан Қытайға барып, одан Пәкістан мен Үндістан асып Түркияға табан тіреуге мәжбүр болған. Ыстамбұл қаласына жол түсіп, Зейтінбұрынды ауданынның тұрғыны Бешір Ахмет Көсеге хабарластық. Ол кісі сұхбатқа бірден келісіп, бізді үйіне қонаққа шақырды. Амандық-саулық сұрасқан соң, Түркия қазағы сүтті шайы мен тандыр нанын алдымызға әкеліп, домбырасы мен әнін шырқағанда өзімізді Қазақстанда жүргендей сезіндік.
65 жастағы Бешір Ахмет Көсе – Ыстамбұл қазағы. Отбасында сегіз ағайынды. Бауырлары мен балалары білім қуып Еуропаға қоныс аударған. Үйге кірген бойда бірден төрде ілулі тұрған домбыра көзге түседі. Түркия қазағы Ыстамбұлдағы той-томалақта домбырасымен қазақ келіндерінің бетін ашып, қала-қаланы аралап гастрольдік сапарға шығып ән шырқайды.
– Түркияның Маниса қаласында туғанмын. 5 жасымда әке-шешелерім Ыстамбұлға көшіпті. 60 жылдан бері Ыстамбұл қаласында тұрамыз. Бауырларым мен балаларымның бәрі үйленген, – деп әңгімесін бастады Түркия қазағы.
Бешір Ахмет Көсенің жақында ғана жұбайы о дүниелік болып, үйі "қара жамылып" отыр екен. Бізді көріп шерін бір тарқатып алды. Бешір Ахмет Көсенің үйі – Ыстамбұлдағы "қазақтардың қара шаңырағы" деуге де болады. Елге танымал өнер иелері мен білім қуып келген жастардың осы үйге келіп амандаспай кетпейтіні кемде-кем.
– Егер жұбайым тірі болғанда, бүгін сендерді күтіп алып, қазанға етін асатын еді, – деп көз жасын бір сығып алды.
Сұхбат ары қарай дастархан басында жалғасты.
– Сіздерге әкелерімізден естіген, кітаптан оқыған тарих туралы айтып берейін. Ата-бабаларымыз қытайлардан қысым көріп, 1937 жылдары 18 мың кісі Гималай тауынан өтіп, Тахламақан шөлін асып, Үндістанға көшіпті. Үндістаннан қазіргі Пәкістан топырағына барып сол жердегі ырду-мұсылмандардың қолдауымен жандарын аман сақтап қалған екен. 1848 жылы Үндістан мен Пәкістан екіге айырылғанда қазақтардың көбі сол соғысқа қатысып "шәһид" болыпты. Ата-бабамыз "Мұсылманбыз, түрікпіз, арғы атамыз – Ертүрік болғанымен, біз қазақпыз" деп Түркия үкіметіне арыз беріпті. Ол арызды Түркия үкіметі бірден қабылдамапты. 12 жыл өткеннен кейін кейін ғана 1950 жылдары Аднан Мендерес деген кісі үкімет басқаруды қолына алып, дереу біздің арызымызға құлақ салыпты. Түркиядан арнайы адамдары келіп, Пәкістандағы тіршіліктерімізді көріп, бізді алдыртуға шешім қабылдап, "алып келіңдер, туыстарымыз бен қандастарымызды" деп бізге кеме жіберіпті. Содан 1952 жылы Түркияның қабылдауымен Анадолы жеріне 2000 қазақ қоныс аударыптық, – дейді түркиялық қазақ.
Түркия шекарасына келгеннен соң үкімет қазақтарды алдымен Ыстамбұлдағы қонақ үйлерге орналастырып, денсаулығын емдетіп, тіл үйретіп, білім берген. Қазақтар біраз тіл үйренген соң, оларды жинап: "Не жұмыс істейсіңдер, кәсіпкерлік ме, егіншілік пе, мал шаруашылығы ма?" деп сұрапты.
– Сол кезде менің әкем өзін "саудагермін" деп жаздырыпты. Саудагерлерді Измир қаласына жіберіпті. Барған жерімізде үкімет бізге үй беріпті. Содан әкем бірнеше жылдан кейін Ыстамбұлға келіп жеке жұмыстар жасап, отбасын осында көшіріп алыпты. Үлкендеріміз керемет кісілер болған еді. Ол кісілерді Түркия халқының бәрі жақсы көретін. Олар өтірік айтпайтын, адам алдамайтын, бес уақыт намазын оқитын қатты сенімді кісілер болған. Содан Зейтінбұрындыда терімен айналысып, осы ауданға орналастық, – дейді Бешір Ахмет Көсе.
Айтуынша, Түркияда тұңғыш тері өнімдері мен айналысып, киім тігіп, шетелге теріден тауар өндіргендер "қазақтар" болған екен. Осы жетістіктері үшін Түркия билігі талай рет алғысын да білдірген.
Бешір Ахмет Көсе сұхбат барысында Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарды да қозғай кетті.
– Қазақстан тәуелсіздік алғанда біз қалай қуандық десеңізші?! Күнде қой сойып, той жасадық. Қатты қуанғанымыз соншалық, қойларды бірінен соң бірін қырып жатты ғой, әкелеріміз. Үлкендер бақырып жылап, көзімнен кетпейді сол кездер, – деп еске алды ол.
Түркия қазағы Қазақстан тәуелсіздік алмаған жылдары Түркиядағы қазақтар көп қиындық көргенін де жеткізді.
– Көзімізге қарап түріктер бізді "қытай, корей, жапон" деп мазақтайтын. Сол замандағы бұл жердің халқы да надан ғой. Олар "қазақ" деген елді білмейтін еді. Әкемнің аты – Ояқия, шешемнің аты – Рақия болатын. 1980 жылдары заң бойынша түріктің атынан басқа ат қабылдамайтын. Азаматтыққа паспорт алар кезде "атың кім?" деп сұраған ғой түріктер әкемнен. Әкем "Ояқия" десе, "Ондай ат болмайды, сенің атың Яхия болсын" деп өз атына ұйқастырып түріктің өздері есім беріпті. Біздікілер де "болсын, болсын" депті, білмейді ғой ешнәрсе (күліп алды). Содан біздің атымыз да түрікшеленіп кетті, – деп күлді.
– Қазақстанға оралу ойыңызда бар ма? – деп сұрағанымызда "жоқ, Қазақстанға барсақ, күн көре алмаймыз. Арамызда отанға барып, қайтып келген қазақтар да болды. Біздің өсіп-өнген ортамыз, жұмысымыз осында. Түркия қазақтары бірігіп салт-дәстүріміз бен тілімізді сақтап жүргенде, Қазақстандағы қазақтардың орысша сөйлегендерін көріп біраз қынжылып қайттық" – деді Түркия қазағы.
Сұхбат соңында Қазақстанға деген жүрекжарды ыстық лебізін де айта кетті.
– Әлемдегі бар қазақтың тек ғана бір отаны бар, ол – Қазақстан. Қазақстанға сағынышпен жылы көзбен қараймыз. Әр уақытта көк туымыздың желбіреуін, дамыған елдердің қатарына кіруін, біз сізден бұрын жүрекпен тілейміз, – деді Бешір Ахмет Көсе.
Қазақ-түрік тілдерінде ортақ сөздерді пайдаланып, бізге шырқап берген өлең шумағын осында жазып кетуді жөн көрдік.
– Бір алманың жартысы Қазақстан ата жұртым,
Бір алманың жартысы Түркия ғой ана жұртым.
Ойлансақ анықтап екеуі де өз жұртым.
Алғаш келдім алдыңызға "қазақ" ұлтым, – деп шырқаған өлеңнің арасындағы "басқа елден пайда жоқ, қазақты "қазақ" асырады" деген сөз тіркестері де жүректі елжіретпей қоймайды.
Мархаббат Ілияс
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір