Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов өңірдегі қуаңшылыққа байланысты мал басын сақтап қалу мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайында баяндады. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс басшысы мал азығы қорын молайту үшін жергілікті бюджеттен 200 млн. Теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты.
«Биыл қыста қардың, көктемде жауын-шашынның түспеуі – мал өсіріп отырған шаруаларға қиындық тудырып отыр. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылды. Өлкенің жеке шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз ету үшін жақын орналасқан Ақтөбе облысымен келіссөздер жүргізілді. Оның ішінде мал азығын қажетті мөлшерде жеткізуге және Маңғыстау облысының шаруашылықтарына жайылымдыққа, шабындыққа жер учаскелерін беруге келісілді. Бүгін күні бұл жұмыстарды бастап кеттік. Жергілікті бюджеттен мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында 200 млн. тг астам қаражат бөлінді. Көрші облыстардан тиелген жем-шөп өңір шаруаларына жеткізілуде», - деді С. Трұмов.
Сонымен қатар, орын алған жағдайға байланысты құрамында Ауыл шаруашылығы, Экология министрлігі өкілдері, Мәжіліс депутаттары республикалық «Қазгидромед» басшысы, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылып облыстың қазіргі жағдаймен танысты, жергілікті халықпен кездесті. Нәтижесінде мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізу, Үкімет тарапынан қолдау көрсету қажеттігі бойынша ұсыныс беріліп жұмыс жалғасуда. Осы жұмыстар аясында «Азық түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы 1700 тонна арзан бағада арпа алдыру жоспарланып отыр.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Маңғыстауда жауын-шашынның мөлшері қажетті норманың 17% құрап отыр.
Пікір қалдыру