• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 02:48:17
Алматы
+35°

Батыс елдері Ауғанстандағы әуежайдың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе, олардың Кабулдағы дипломатиялық өкілдіктерінің болашағына қауіп төнетінін айтты. Австралия елдегі елшілігін жабатынын алғашқылардың бірі болып жариялады.

Ал Түркия бұл әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ауғанстанда болуды жоспарлап отыр.

Таяуда АҚШ делегациясы Ауғанстан президенті Эшреф Гази Вашингтон мен келіссөздер жүргізді. Ал Талибан Түркияның Ауғанстанда қалуына қарсы.

Ауғанстандағы Талибан қозғалысының жағдайы қалай? Елдегі соңғы жаңалықтарға шолу жасайық.

Әскери жағдай қандай?

АҚШ әскерлері елден кетуді жалғастырып жатқан кезде, тәліптер Ауғанстанның 421 ауданының 80-ін басқаратынын айтып, мәлімдеме жасады.

БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Дебора Лайонс бөліскен ақпаратқа сәйкес, осы аудандардың 50-ден астамы мамыр мен маусым айларында Ауғанстанның бақылауына өткен.

Откен аптада тәліптер Тәжікстан шекара бекеті орналасқан Шар Кан Бандарды басып алды.

Француз AFP ақпарат агенттігі, екі күш қақтығысқан кезде Ауған әскері үлкен шығынға ұшырайтын хабарлады.

– Талибан өз күштерін үлкен қалалардың айналасында көбейтіп жатыр, бірақ бұл олар жақын арада қалаларды басып алуға тырысады дегенді білдірмейді, – деді Халықаралық дағдарыс тобының қызметкері Эндрю Уоткинс.

БҰҰ-ның арнайы өкілі Лайонстың айтуынша, тәліптер әр аймақтың астаналарын басып алуға тырысуда, және олар бұл қалаларды шетелдік күштер шыққаннан кейін алуы мүмкін.

Ауған халқы не ойлайды?

Француз AFP ақпарат агенттігі мүмкіндігі барлардың барлығы елден кетуге ұмтылып жатқанын, көптеген адамдардың бірінші таңдауы Түркия болып отырғанын хабарлады. Мемлекеттік шенеуніктердің едәуір бөлігі отбасыларын елден алып кеткен.

АҚШ пен НАТО елдері, керісінше, Ауғанстанда жұмыс істеген адамдарына виза беруде қиындықтарға тап болды. Бұл адамдар егер талибтер басып алса, "шабуылға ұшыраймыз ба.." деп алаңдап отыр.

Ал тәліптер өкініп, кешірім сұраған адамдарға зиян келтірмейтінін, дипломаттар мен халықаралық агенттік қызметкерлерінің қауіпсіздігіне кепілдік беретінін мәлім етті. Бірақ бұл мәселеде Талибанға деген сенім жоқ. Себебі, тәліптер 1998 жылы Иран консулдығына кіріп, 11 адамды өлтіргені, олардың көпшілігі дипломат болғаны және осыдан екі жыл бұрын БҰҰ ғимаратында экс-президент Мұхаммед Наджибулланы ұрлап, азаптағаны олардың әлі есінде.

– Ауғанстан халқы ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан соғыстың аяқталғанын қалайды. Елімізге АҚШ-тың 2001 жылы кіруі жағдайымызды жақсы жаққа өзгере бастаған еді. Білім, сауда, саясат, мәдениет және баспасөздегі еркіндікке де қол жеткізе бастадық. Кейін тәліптер ортаға қайтадан шығып, жағдайды күрделендіріп жіберді. Қазір елде жағдай өте нашар. Егер Америка әскері толығымен шығатын болса, билік тәліптердің қолына өтеді. Сауда, саясат, білім бәрі құлдырайды. Себебі, ауған әскері қазіргі жағдайда өте әлсіз. Американың кеткенін біз де қаламаймыз. Тәліптерге Иран мен Пәкістаннан қолдау көп. Сондықтан АҚШ әскері әлі 20 жылдай бізді қорғаса, мүмкін сол кезде елдегі жағдай жақсарып бір қалыпқа түсер, – дейді ауған азаматы Шерхан Афгхан.

Орталық Азия мен Қазақстанға әсері қандай?

Журналист Естай Божан Ауғанстандағы АҚШ пен НАТО әскерінің шегінуі тәліптерден өзге де радикалды діни ұйымдардың көбеюуіне әкеліп соғып, терроризм қаупі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап шыға келуі мүмкін екенін айтады.

– Ауғанстанды "Орта Азияның жүрегі" деп айтады. Неге? Себебі Ауғанстанның геостратегиялық орналасу маңызы өте жоғары. Ауғанстан Азияның дәл ортасында орналасқандықтан Орта Азия арқылы Ресейге және Батыс Қытайға шыға алады, оңтүстігінде Үндістан, Пәкістан, Иранмен шектесіп жатыр. Осындай орталықта терроризм қауіпінің артуы Ауғанстанға шекаралас барлық аймақтарға қауіп тудырады. Сырт елдегі саяси жағдайлар Қазақстанға әсер етпейді деп ойласақ, қатты қателесеміз. Қазір олар елдегі пандемиядан кейінгі әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты пайдаланып, өздерінің үгіт-насихаттарын жүргізіп  қатарына шақыруы әбден ықтимал, – дейді Естай Божан.

Тәліптер Өзбекстан ислам қозғалысына материалдық үлкен қолдау көрсетеді. Бұл топқа бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінен, сондай-ақ Қытай, Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Шешенстаннан мыңдаған содырлар кіреді.

Өздерін "радикалдық исламшыл ұйым" деп көрсететін күштердің билікке жетуі Ауғанстанға шекаралас елдердегі содырлардың бас көтеруіне әкеліп соға ма деп алаңдатады. Олардың да Ресей, Иран, Пәкістан, АҚШ-пен қатар геосаяси мүдделері бар.

Мархаббат Ілияс

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір