• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 23:38:43
Алматы
+35°

Фотода Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Төрехан Исин

"Демпартия" белсенділері 6 шілде күні Алматыда өткен митингте қамалған 3 жақтасының қайда ұсталып отырғанын анықтауға тырысып жүр.

Кеше Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңында Демократиялық партия бастамашыл тобы және олардың жақтастары митингке шығып, 10 жарым сағат полиция қоршауында болған. Бейбіт жиын барысында белсенділер полиция арнайы жасағымен қақтығысқа түсіп, Абзал Достияров, Теміртас Нағимутуллаев, Даная Калиева, Ырысбек Тоқтасын есімді белсенділер түрлі дене жарақатын алған.

Артынша Ырысбек Тоқтасын, Дәурен Достияров, Уәлихан Сұлтанов есімді үш белсендіні полиция ұстап алып кеткен.

Белсенділер кетлингтен босаған соң түнгі уақытта қамалған жақтастарын іздей бастады. Бостандық аудандық полиция басқармасы өкілдерінің айтқандары бойынша Қаскелеңдегі уақытша қамау изоляторына барғанында ол жақтағылар өздеріне белсенділердің түспегенін айтқан. Алматыдағы Лобачевский көшесінде орналасқан уақытша қамау изоляторындағылар да белсенділерге жақтастарының түспегенін жеткізген.

Бүгін, 7 шілдеде белсенділер жақтастарын іздеп Алматы қаласы полиция департаменті ғимаратына барды. Оларға полиция департаментінің өкілі Төрехан Исин шығып, ұсталған 3 азамат әкімшілік жазаға тартылғанын, Дәурен Достияров Қарасай аудандық полиция басқармасына, Ырысбек Тоқтасын Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына жеткізілгенін мәлім етті. Сөзінше, белсенділер Алиматыдағы изоляторларда орын болмағандықтан Алматы облысы аудандарына жеткізілген. Полиция өкілі үшінші азамат Уәлихан Сұлтанов денсаулық жағдайына байланысты ауруханада жатқанын мәлім етті.

Белсенділер жақтастары қатты соққыға жығылып, полиция оларды жарақаты жазылсын деген мақсатпен қамап қойған болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Белсенділер бүгін полиция жақтастарын көрсетпесе, олардың амандығына көз жеткізбесе, ертеңнен бастап полиция департаменті ғимараты алдында аштық жариялайтынын хабарлады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Демпартия митинг

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір