13 Шілде, 2021 Сұхбат
Фото: Мадина Жанғазының жеке мұрағатынан
Соңғы жылдары қазақстандық жастар арасында Түркияда білім алу танымал үрдіске айналып барады. Мәселен, түрік елінде тегін оқуға мүмкіндік беретін үкіметтік Turkiye Burslari бағдарламасына биыл 16 мың қазақстандық құжат тапсырған. Осы ретте Қамшы тілшісі Анкара қаласы Анкара университетінде білім алып жатқан Мадина Жанғазыдан жастар Түркияда оқуға неге құмар екені, Түркиядағы өмір жайлы сұрап көрді.
Түркия несімен таңғалдырды?
2018 жылы Анкара қаласына оқуға келдім. Анкараны біздің астанамызға қатты ұқсатамын. Өйткені Анкарада теңіз жоқ, ресми, әкімшілік орталық. Ең алғаш Анкараға келген кезде "мына жер менің теледидардан көріп жүрген Түркияма мүлдем ұқсамайды. Теледидардағы Түркия қайда?" дегенім бар. Бірте-бірте бұл жақтағы өмір кинодағыдай еместігіне көз жеткізесің.
Анкара туристік емес, әкімшілік орталық болғандықтан, мұнда туристерді көп көрмейсің. Шетелдіктерден тек негізінен студенттер жиі ұшырасады. Сондықтан адамдары шетелдіктерге біртүрлі көзқарас танытып жатырқайтындай көрінеді. Ал туристер көп баратын Ыстамбұл, Анталья, Измир қалалары халқының көзі шетелдіктерге әбден үйренген. Анкарадағыдай көзқарас туристер аз баратын өзге қалаларда да кездеседі.
Түріктердің кей танымына қарап, география мен тарихты біз ғана оқығанбыз ба деп ойлап қаламын. Біз Түркияға деген махаббатымыз соншалық, олардың барлық салт-дәстүрін, тілін, дінін, әншісі мен актерлеріне дейін жаттап алғанбыз ғой. Ал түрік жастарының көбі тіпті "қазақ" деген ұлттың барын біле бермейді. Ойлары еуропаланып кеткен. Жастар Еуропаға қатты еліктейді. Түріктер қазақтарды көрсе, "корей", "жапон", "қытай" деп ойлайды. Коронавирус басталғанда қазақтарды көріп "қытай", "вирус" деп қашқан түріктер де болған.
Алғаш келгенде қыздардың ашық киінетінін, темекі шегетін қыздардың көптігін, тіпті орамалдағы қыз-келіншектердің темекі шегетінін көріп қатты таңғалдым. Дәстүр мен дінді қатты ұстанатын елде мұндай көрініске куә болып басында қабылдай алмай жүрдім. Бұдан бөлек қоғамдық көлікте жастардың үлкен кісілерге орын бермеуі, ер адамдардың бір-бірінің бетінен сүйіп амандасуы, қолтықтасып жүруі деген сияқты нәрселер маған кәдімгідей біртүрлі болып көрінді.
Түрік ағайындардың туларына деген құрметін ерекше атап өту керек. Түркияда кез-келген жерде ту ілініп тұрады. Әр азаматы туды қатты қадірлейді. Тағы бір қатты әсер еткен нәрсе – бұл жақта адамдар бірін-бірі танымаса да күлімсіреп, жылы лебіз танытады екен. Айталық, біреу жұмыс істеп жатқан кезде, оған екінші адам сәттілік тілеп өте шығады.
Түркияға барарда нені қаперге алған жөн?
Егер түрік еліне жолыңыз түсетін болса, олардың күнделікті өмірдегі қалыптасқан қарапайым қағидаларын тереңірек зерттеп, біліп алған жөн. Бізде талай қызық болған. Мәселен, біз "жоқ" деп ыммен айтарда басымызды шайқап түсіндіреміз ғой. Ал олар "жоқ" дегенде басын төбеге қарай көтереді. Басында "неге олай істейді?", "мұнысы не дегені екен..." деп түсінбеген сәттер жиі болған.
Сосын түріктер "білмеймін" деп жауап беруге ыңғайсызданады. Әсіресе жол сұрап жүгінгенде көмектескісі келіп, "білмеймін" деуге ұялып басқа бағытқа жол сілтеп жіберуі де мүмкін екен. Сондықтан көшеде түріктерден жол сұрағанда абай болу керек. Алғаш келгенде бірнеше кісі жолды қате көрсетіп, күнім адасумен өткен.
Түркияға барар кезде өзіңізбен бірге құрт, қазы, Қазақстан шоколатын алып кеткен дұрыс екен. Өйткені бұдан басқа заттардың бәрін Түркиядан тауып алуға болады.
Түркияны таңдаудағы 3 себеп
Түркияға оқуға түскен қазақ жастарының көбін мұнда білім алуға деген құлшыныстан бұрын түрлі сериал арқылы таныс Ыстамбұл, Измир, Анталья қалаларын аралау, фильмдер түсірілген жерлерді көзбен көру секілді қызығушылық жетелейтін секілді. Әрине сериалдардағы түрік елінің сұлулығы, әсем шаҺарлар мен тамаша табиғат, толқыған теңіз кімді болмасын өзіне ғашық етпей қоймайды ғой. Сондықтан жастардың Түркияға ынтызарлығының басты себебі осы деп ойлаймын.
Екіншіден, түрік тілі қазақ тіліне ұқсас болғандықтан, оны үйрену өзге шет тілдерін меңгеруге қарағанда жеңілірек. Бәлкім, Түркияны таңдау кезінде бұл фактор да аз ықпал етпеген болар.
Үшінші себеп Түркиядағы оқу ақысының арзандығы болса керек. Мәселен, Түркияда қазақ жастарының көпшілігі білім алып жатқан Сакарья, Мерсин, Болу қалаларындағы мемлекеттік оқу орындарының жылдық ақысы 50 мың мен 200 мың теңге аралығында. Атап айтқанда Сакарья университетінде бакалаврдың бір жылдық оқу ақысы 50 000 теңгеден 150 000 теңгеге дейін болса, Мерисин мен Болу қалаларындағы университеттің бір жылдық оқу ақысы 60 000 теңге мен 200 000 теңгені арылығында. Бұл – мемлекеттік университеттердегі баға. Ал жеке оқу орындарының бағасы дәл біздің елдегідей "миллион" деп аспандап тұр.
Түркиядағы оқу
Түркияда оқу қазақ жастары ойлағандай оңай емес. Тіпті өте қиын десем де болады. Бұл жақта студенттерге өте жоғары талап қойылады. Сондықтан түрік жастары күні-түні кітап құшақтап, уақытын тапсырма орындаумен өткізеді. Тапсырманы интернеттен көшіріп орындау дегенді ұмыта берсеңіз болады. Оқытушылар ғылыми мақалаларды антиплагиатқа тексеріп, соған сай балл қояды. Тағы бір айта кеткім келетіні, күнделікті тұрмыстағы түрік тілі мен ғылыми түрікше бір-біріне мүлде ұқсамайды. Алғаш сабақ басталғанда, мұғалімдер ғылыми түрікшемен сабақ түсіндіргенде "мынау түрік тілі ме?", "не айтып жатыр?" дегенім бар. "Академиялық мобильділік" бағдарламасымен елден жарты жылға оқуға келген таныстарымды білемін. Олар Қазақстанда түрік тілі курстарынан "оқыды" деген дайын сертификат сатып алып, мына жақта сабақта қатты қиналды. Сабақ, экзаменге келгенде бәсекелестік өте жоғары. Түріктің ұл-қыздары көшіруге мүлде бермейді. Тек өздерін ғана алып шығуға тырысады. Сабақтан тыс уақытта дос-құрбы ретінде жақсы араласуы мүмкін, бірақ біліммен бәсекеге түскенде ешкім ешкімге көмектеспейді. Түрік группаластарынан көмек болмай, сабақтарынан құлап, емтиханды әрең жауып жүрген қазақстандық студенттер өте көп. Сондықтан Түркияға білім алуға келер кезде, тек қыдыруды ойламай, білім жүйесін алдын ала зерттеп, дайындалып келген жөн.
Мархабат Ілияс
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір