Маңғыстау облысының әкімі ауылшаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс жолдады

/image/2021/07/15/crop-26_129_697x1239_whatsapp-image-2021-07-15-at-15.46.48.jpeg

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР ауылшаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевке бірқатар ұсыныс жолдады.

1. Маңғыстау өңірінде төрт түлікті өсіруге қатысты кешенді ғылыми-сараптау жұмысын жүргізіп беруді сұрады.

2. Қазір еліміздің өзге облыстарында бір тонна шөптің бағасы 5 мың теңге, бұл Маңғыстауға жеткізілгенше жол шығыны қосылып, бір тонна шөп 15 мың теңгеге көтеріліп отыр. Бұл жағдай өңір шаруаларының қалтасына ауыр тиюде деген облыс әкімі С.Трұмов ауылшаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Е.Қарашөкеевтен жем-шөп тасымалының шығынын жабу үшін субсидия бөлуді қарастыруды сұрады.

3. Шаруалардың құдық қазуға кеткен шығынының 80% субсидиялауды сұрады.

Айта кетейік, Маңғыстау облысына екі күндік жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қарақия, Түпқараған және Маңғыстау аудандарының мал өсірушілерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен және кәсіпкерлерімен кездесті. Жергілікті деңгейде азықпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Облыс әкімімен кездесіп, өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кеңесте белгілі болғандай, елден азық шығаруға тыйым салу бойынша шаралар қабылданатын болады. Жемшөп дайындау үшін арзандатылған ЖЖМ көлемдерін қайта бөлу мәселесі де қосымша қарастырылуда.

Мал шаруашылығын қолдау үшін, өңірде фермерлердің кредиттер бойынша төлемдерін ұзарту мәселесі қаралатын болады.

– Әкімдікпен бірлесіп жем-шөп өндірісін дамыту және жайылымдарды жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз. Мұнда барлық иесіз жатқан құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу, су бөгеттерін салу және ғалымдармен бірлесе отырып құрғақ дақылдарды өсіру қажет, – деп атап өтті Қарашөкеев.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сапар қорытындысы бойынша ұсыныс, тілектер Үкімет деңгейіне қарауға шығарылмақ.

Жалпы Маңғыстау облысында төрт түлікті жем-шөппен қамту үшін бірқатар жұмыстар жасалды.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ауылшаруашылығы министрлігінің қолдауымен 1733 тонна арпаға келісім жасалды. Жергілікті бюджет есебінен 54 млн.теңге қарастырылып, «Каспий» ӘКК 637 тонна арпа сатып алды. Арпаның алғашқы бөлігі өңірге жеткізіліп, 19 маусымнан бастап сатылымға шығарылды. Бүгінгі күні 592 тонна арпа қала және аудандарда сатылып, 45 тонна саттықта тұр. 1 кг арпа бағасы 92 теңге. Қалған арпа жақын күндері еліміздің солтүстігінен Маңғыстауға жөнелтіледі.

Облысты нарықтық бағадан төмен жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 150 млн теңге қаражат көзі бөлінген болатын. Қазіргі таңда 0,1 % несие қаражатын алуға ниетті, Ақтөбе облысынан шөпті тасымалдап әкелетін операторлар анықталды. Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы жануарларының қыстауы үшін азық құнын арзандатуға Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы отбасылық шаруашылықтарға, шаруа қожалықтары мен жеке-қосалқы шаруашылықтарға (ЛПХ) беріледі. Қаржы түскен бойда атқарушы орган тарапынан үлестіріледі.

Тағы бір жаңалық, өңірдегі табиғи резерваттарға мал жаю және сол жерлерден шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Қазіргі уақытта Бопай мен Тасорпа резерваттарында шөп шабу жұмыстары басталып та кетті. Тоғыз шөп шабушы бригада жұмыс істеуде.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар