• USD 424.85

  • EUR 504.21

  • RUB 5.84

  • CNY 65.86

26 Қыркүйек, 05:40:40
Алматы
+9°

Фото: "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі

"Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыда азаматтарды қабылдады. Ол 2016 жылы оңтүстік астанада орын алған теракт кезінде қаза тапқан полицей Аян Ғалиевтің отбасымен және 10 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы жалғызбасты анамен кездесті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі "AstanaTV" телеарнасына сілтеме жасап.

 Фото: Astana tv

5 жыл бұрын алматылық полицей Аян Ғалиевтің отбасы асыраушысынан айырылды. Полиция қызметкері террорист қолынан қаза тапты. Марқұмның зайыбы мен екі баласына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбек пәтер кілтін табыс еткен болатын.

Фото: Astana tv

Жаңа қоныс иелерінің тұрғын үйге алаңсыз жайғасуы үшін жөндеу жұмыстарына да көмек берілді. "Содан бері мемлекеттің ғана емес, барша қазақстандықтардың қолдауын сезініп келеміз" дейді полиция қызметкерінің жесірі Анар Асанова партия Төрағасының бірінші орынбасарымен кездесу барысында.

 Фото: Astana tv

– Бұл трагедия болған кезде мен балаларымыз, олардың болашағы үшін қатты алаңдадым. Өйткені, біз асыраушымыздан айрылып қалдық. Бірақ, кейін біз жалғыз емес екенімізді ұғындық. Бізге мемлекет, Елбасы ауқымды көмек пен қолдау көрсетті. Бізге сыйға берілген пәтер мен ерекше назар аударғандары үшін алғысым шексіз. Жұбайымның өзі өмірден өтсе де, ол бізге мемлекеттің атынан әлі де көмек беріп жатыр, – деді Анар Асанова.

Фото: Astana Tv

Бауыржан Байбек көпбалалы ана Айнұр Арғынбековамен де кездесті. Күйеуі қайтыс болған соң 10 баласымен қалған келіншек небір қиын күндерді бастан өткергенін айтты. Қаражат тапшылығынан өлместің күнін кешіп, үй-күйсіз жүргенде мемлекет көмек қолын созған. Меценаттардың қолдауымен жалғызбасы ана Алматыдан үш бөлмелі пәтер алды. 

– 4 жыл бұрын Елбасы атынан Бауыржан Қыдырғалиұлының қолынан пәтер кілтін алдық. Бүгін ол бізді тағы да кездесуге шақырып, хал-жағдайымызды сұрап жатыр. Осындай қамқорлығы үшін рақмет айтамын. Егер мемлекет болмаса, не істерімді тіпті, білмес едім, – деді Айнур Аргынбекова. 

"Өз кезегінде "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек азаматтарды қабылдау барысында бүгінде Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әлеуметтік осал топтарға, көпбалалы отбасыларға да ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. "Бақытты отбасы" бағдарламасы қарқынды іске асырылуда.

Бұл мәселеден "Nur Otan" партиясының мүшелері де шетте қалмайды. Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдаулары 14 мыңнан астам қабылдау өткізіп, 74 мың қазақстандықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Өтініштердің 96%-ы оң шешімін тауып, консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді. Қалған 4% орындалу үстінде. Жалпы, соңғы 2 жылда партия мүшелері жарты миллионнан астам өтініш қабылдады. Олардың 74% интернет арқылы жолданған" делінген сюжетте.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір