Білім министрлігі оқу жылына байланысты жаңа талаптарды жариялады

/image/2021/07/22/crop-9_13_1033x1377_je6c8020.jpg

Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты ұсыныстар әзірледі. Қазір өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылар мен студенттерді дәстүрлі форматта оқытуға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

– Әрбір әкімдіктің білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар мен мектептердің жұмысын ұйымдастыруда тәжірибесі бар. Дегенмен, күндізгі оқу процесін ұйымдастыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Бастысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан әр сынып басқа кабинетке ауыспай, өз кабинетінде оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдардың болуы міндетті. Сондай-ақ оқушылардың білім олқылықтарын толтыру бойынша педагогтердің көлемді жұмыс жүргізуі маңызды, – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Министрліктің хабарлауынша, сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескере отырып жасалуы керек. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі қажет. Дәстүрлі оқыту форматында мектеп формасы бұрынғыдай сақталады.

"Санитарлық қызметтің талабы бойынша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді вакцинациялау.

Білім беру ұйымдарын дәстүрлі форматқа қайтару елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Оқыту форматы туралы шешімді коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия, елдің бас санитар дәрігері және өңірлердің бас санитар дәрігерлері қабылдайды" делінген хабарламада.

– Өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырғаны естеріңізде болар. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды. Эпидемиологиялық жағдай жеңілдеп, дәстүрлі оқуға мүмкіндік болған кезде кейбір оқушылар кезекші сыныптарға барды. Яғни, елде жаппай қашықтан оқыту болған жоқ. Іс жүзінде орта есеппен 4000-ға жуық шағын ауылдағы мектептер жыл бойы дәстүрлі форматта оқытылды. Дәстүрлі форматта оқитындардың жалпы саны кезекші сыныптарды қоса алғанда бірінші тоқсанда 1 млн бала болса, төртінші тоқсанда 2 млн балаға дейін жетті, – деді Жомарт Қарамбаев.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар