• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 14:48:12
Алматы
+12°
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың есебін тыңдады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасында хабарлады.
 
Министр президентке қазіргі эпидемиологиялық жағдай, екпе егу жұмыстарының барысы және елге вакцина жеткізу жөніндегі уағдаластықтар туралы баяндаған.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар өңірде карантин шараларының күшейтілгені, жұқпалы аурулар стационарлары мен жансақтау бөлімдерінде ем қабылдап жатқан науқастар саны, дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті жабдықтар қоры, вакцина салу қарқыны баяу өңірлерге көрсетіліп жатқан әдістемелік көмек жайында мәлімет берілді.
 
Алексей Цойдың айтуынша, маусым айындағы жағдаймен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында індет жұқтырғандардың саны 4,8 есеге көбейген. Күнделікті жүргізілген мониторинг бойынша 24 шілдедегі мәліметке сәйкес, жұқпалы аурулар бөлімдерінің 51 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 41 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Вирус жұқтырғандар санының көбеюіне және денсаулық сақтау жүйесіне түскен салмақтың артуына байланысты шілде айында қосымша 10 мың төсек-орын әзірленген. Қазіргі уақытта 21,4 мыңға жуық орын резервте тұр.
 
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі президентке әлемде коронавирус індетінің жаңа "Лямбда" штамының пайда болуы мен таралуы туралы айтты. Бұл вирус алғаш рет 2020 жылғы желтоқсанда Перуде тіркелген. Бүгінде індеттің осы түрін 30 мемлекетте, негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінде 3 мыңға жуық адам жұқтырған.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға елдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, жаппай екпе салу қарқынын арттыруды, науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету жұмыстарын, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдемді сапалы ұйымдастыруды тапсырды.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір