• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 22:35:36
Алматы
+12°

Фото: Олжас Қуатбаевтың жеке мұрағатынан

Соңғы жылдары елде түрік тауарларына деген қызығушылық артып келеді. Сәйкесінше, сұраныстың жоғарылауына байланысты Түркиямен алыс-беріс жасағысы келетіндердің де саны көбейген. Осы ретте Қамшы тілшісі Түркиядан тауар әкелудің қауіпсіз жолдарын, мәселеге қатысты ең жиі қойылатын сұрақтардың жауабын іздеп, Ыстамбұлдан Қазақстанға тауар жөнелтумен айналысатын жеке компания құрылтайшысы Олжас Қуатбаевпен тілдесіп  көрді.

Бұл бизнеске қалай келдім?

2021 жылы Қазақстанға 115 миллион теңгеге тауар жібердік. Негізгі мамандығым – химик. 2016 жылға дейін вахтада жұмыс істеп келдім. 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалатынбыз. Бір күні youtube-тан бизнес жүргізуге байланысты видеолар қарап, өз кәсібімді ашуды жөн көрдім. 2017 жылы "Бизнес бастау" кәсіпкерлік мектебінде екі ай оқыдым. Досым арқылы Қытайдан тауар алып, елде сата бастадым. Ол уақытта қытай тауарларынан жақсы пайда түскенімен, сапасы туралы ауыз толтырып мақатана алмайтынбыз.

2017 жылдың сәуір айында жаңа мүмкіндіктерді байқап көруге бел шешіп Ыстамбұлға келдім. Ыстамбұлдан 1,5 миллион теңгеге "Wanex kids" атты балалар киімін алып, елге жібердім. Сол уақыттарда өз бизнесім жайлы әлеуметтік желіде жазып жүретінмін. Адамдардың Түркиядан тауар әкелуге қызығушылығы артқанын байқадым. Алғаш бизнесті бастағанда бәсекелестер тым аз еді. Өзім логистика жағынан хабарым болғандықтан, тауар әкеліп, оны сату қиынға соққан жоқ. 2017 жылы алғашқы мастер класс өткізгенімде Түркиямен жұмыс істеуге сұраныс өте көп болды. Бәрі осылай басталды.

 Тауар сатуды алғаш бастағанда қандай заттарға тапсырыс берген дұрыс?

"Мына тауарды алып сатсаң, миллонер боласың" деп Қазақстандағы ең мықты бизнесмен де айта алмайды. Себебі тауарды алатын халық. Мен өз командама мынадай әдісті қолдануға кеңес беремін. Тауарды алмай тұрып Instagram, Facebook, WhatsApp топтарға, Olx.kz сияқты адамдар көп отыратын жерге балалар киімін, аяқкиім, қыздар киімін салып, тест жасап көріңіз. Ішіндегі сұранысқа ие  тауарларға ойланбай тапсырыс берсеңіз болады. Біз айына 5 млн теңгеге тауар салатын болсақ, соның  40% -ы балалар киімі, 40%-ы қыздар киімі, 20%-ы ерлер киімі мен басқа тауарлар.

Сондықтан Түркиядан тауар алдырарда өз қалаңыздағы бәсекелестік қандай, кім, не сатып жатыр, нарықта қандай тауар жоқ, қандай тауар көп деген сияқты сұрақтардың жауабын іздеп, зерттеу жүргізу маңызды. Тауар алдыру проблема емес, оны сату проблема. Мен "Бизнес бұл – клиент". деген қағиданы ұстанамын. Егер сіз өз қалаңызда тауарыңызға клиент таба алатын болсаңыз, "саудам жүрді" дей беріңіз.

Тауарға қалай тапсырыс берем? Тауар алу үшін Түркияға бару қажет пе? Делдалдарға сенуге бола ма?

Егер қолыңызда 1 миллион теңгеден көп қаражат болса, онда тауарды өзіңіз келіп алғаныңыз жөн. Одан төмендеу ақша болса, шығындарды үнемдеу үшін "делдал" арқылы алдырған жөн. "Делдалдарға сенуге болмайды" деп бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Олардың араларында сенімсіздері де болуы мүмкін. Сондықтан ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, командасы бар делдалмен жұмыс істеген дұрыс.

Ал тауарды іздеу кезінде дүкендерге жүгіне аласыз. Түркияда қала орталығында үлкен фабрикалардың дүкендері орналасқан. Фабрика мен дүкендердегі бағада айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондықтан тауарды уайымдамай дүкендер арқылы тапсырыс бере беруге болады.

Кәсіп бастаушы Ыстамбұлға өзі келетін болса, қалада тауар сататын бірнеше ірі базар бар екенін айтқым келеді. Жастардың киімін "Мертер" базарынан, қыздар киімін арзан бағада "Гюнгерен", балалар киімін "Зейтунбурну", аяқкиім мен сөмкелерді "Кумкапы", "Баязид", "Капалы чаршы" базарыннан алуға болады. "Лалели" деген шамалы қымбаттау базар бар. Ол базардың бағалары Ресей нарығына жақсы келеді. Ыстамбул қаласынан 150 шақырым жердегі Бурса қаласынан балалар киімін арзан бағада табуға болады.

Сұхбаттасқан Мархабат Ілияс

Мархабат Ілияс

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір