• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 21:30:26
Алматы
+35°

Токио олимпиадасында грек-рим күресінен бәсекелер жалғасып жатыр. Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді, деп хабарлады  Olympic.kz.

– Кеше Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, біздің тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ. 

Бүгін Демеу Жадыраев белдесуді ұпай санымен жеңіп тұрған болатын. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық.

Ертең Нұрсұлтан Тұрсынов белдеседі. Күрестің қандай болатынын кілем көрсетеді, – дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Грек-рим күресінен олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев қатысып, алғашқы айналымда жеңіліске ұшырады. Ертең, 3 тамыз күні 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір