• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 19:34:15
+35°

“Фото сұхбаттасушының жеке мұрағатынан”

Қазіргі таңда мектеп оқушыларының қосымша білім алып, өзін жетілдіріп дамыту бағытында жұмыстанатын үйірмелердің түр-түрі бар. Ал ғылыми жоба, арнайы зерттеумен айналысуына көмектесіп үйрететін орталықтар бірен-саран. Солардың бірі Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» қосымша білім беру орталығы. Жалпы осы орталықтың атқарған жұмысы, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған жоспарын білу мақсатында Ақтаудағы «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Несібелі Қуатовамен сұхбаттастық.

-Несібелі Қыдырғалиқызы, Маңғыстаудағы «Дарын» қосымша білім беру орталығының атқарған жұмысына тоқталсаңыз. Жаңа оқу жылына қандай жоспар құрдыңыздар?  

«Дарын орталығы» 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Мақсаты балаларды қолдау. Балалардың ғылыми жобалармен айналысуына көмек көрсету мақсатында ашылған орталық. Республикалық «Дарын» орталығының жоспарына сай өзіміздің жоспарымызды облыстық білім басқармасына бекітеміз. Олардың ішінде бірнеше олимпиадалар, ғылыми конкурстар, шығармашылық сайыстар болады. Айтылған жобалардың барлығы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. ҚР білім және ғылым министрлігінің арнайы бекітіліген 514-тізбесі бар. Сол тізбе бойынша жаңа оқу жылына арналған ғылыми конкурстар, олимпиадалар, шығармашылық сайыстар бекітілген. Біз соған сәйкес республикалық, халықаралық олимпиадалардың облыстық кезеңін ұйымдастырамыз. Аудандарда  ұйымдастырылуын қамтамасыз етеміз. Жыл бойы толассыз жұмыс жасаймыз. Былтырдан бастап тағы бір зертхана ашылды. Ол Елбасы қорының қолдауымен «Елбасы академиясының» ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған «Ел үміті» жобасы. Мақсаты балаларға арналған олимпиада, конкурстарды ұйымдастыру.

-«Ел үміті» жобасы жайлы тарқатып айтып берсеңіз. Ауылдағы мектеп оқушыларына қандай көмегі бар?

«Ел үміті» жобасының ауыл баласы үшін мүмкіндігі өте көп. Соның бірі, «Мың бала» олимпиадасы десем болады. Биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оған қаланың баласы қатыса алмайды. Ол тек ауыл балаларын қамтиды. Бұл жобаға оқушылар үйінде отырып онлайн тіркеліп қатыса алады. Негізінен 5-6 сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылады. Сұрақтары өте күрделі. Логикалық сұрақтары бар. Сол іріктеуден сүрінбей өткен 6-сыныптың оқушылары Қазақстан Республикасы бойынша озық мың баланың тізіміне кіріп, емтихансыз мамандандырылған мектептерге яғни, түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын «Дарын» мен «БИЛ» сынды мектептерге түсе алады. Былтыр бізден  222 бала қатысты. Олардың ішінде 38 бала жеңімпаз болды. Маңғыстау облысының балалары жалпы осы олимпиадаға тіркелу жағынан да, жеңімпаз болу жағынан да бүкіл өңірдің ішінен жетінші, сегізінші орынды тұрмыз. Жеңімпаз балалардың барлығы мамандандырылған мектептерге түсті. «Ел үміті» жобасының ішінде тағы бір ерекше жоба бар. Бұл «Елбасы медалі» жобасы. Былтыр біздің өңірден бұл медальді жеңген алғашы он баланы облыс әкімінің орынбасары қабылдап, медаль мен арнайы сыйлық ноутбук табыстады. Бұл жобаға да балалардың қызығушылығы жоғары. Мәселен, былтыр 600-ден аса оқушы қатысса, биыл 540 оқушы тіркелген. Жобаның артықшылығы  мектеп оқушысынан бастап, 29 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады. Биыл «Қабілет» деген жаңа жоба ашылмақшы. Бұл да балаларға арналған үлкен мүмкіндік дер едім. 7-11 жас аралығындағы дарынды балаларды анықтауға арналған бағдарлама. Баланың қабілетін анықтап, оған бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ, «Айқанат» деген олимпиада да бар. Бұл да ауыл балаларына арналған үлкен мүмкіндік. Ел меценаттарының қолдауымен жүзеге асады. Осы жоба аясында 12 бала Бурабайдағы заманауи мектепте оқып жатыр. Жалпы, ауыл балаларына мүмкіндік өте көп. Оны тиімді пайдаланып жатқан балаларда жетерлік. Мәселен, биыл 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиадада Маңғыстаудың 21 баласы жеңімпаз болды. Солардың 70 пайызы ауыл оқушылары. Бұл үлкен жетістік. Жоғарғы оқу орнына грант бөлу кезінде көбіне осы олимпиада жеңімпаздарына басымдық береді. Былтыр осы олимпиадаға Ақшұқыр ауылындағы мектеп-лицейдің оқушылары көп қатысып балалары жеңімпаз болып мектептері республикада «Үздік ауыл мектебі» номинациясын жеңіп алған болатын. Бұл номинация биыл да осы Маңғыстаудың мектебіне бұйырды. Мұнайлы ауданындағы №3 мектеп республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» номинациясына ие болды. Осылайша Қазақстан бойынша «Үздік 10 мектептің» тізіміне енді. Бұл да болса осы олимпиадаға қатысқан оқушылардың арқасында деп білемін. Осы пәнаралық олимпиадаға биыл өзгерістер енгізілді. Мысалы, бұрын республикалық жалпы білім беретін олимпиада тек 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылатын еді. Енді биылдан бастап 2-4 сыныпқа бөлек, 5-6 сыныпқа бөлек, 7-8 сыныпқа бөлек өткізіледі. Бұл дегеніміз барлық бала қамтылады деген сөз. Олимпиада саны көбейсе қуанамыз. Себебі, оған қатысқысы келіп дайындалатын балаларда көбейеді. Несібелі Қуатова

Фото сұхбаттасушының жеке мұрағатынан

-Дарынды баланы қалай анықтайсыздар? Жалпы қазіргі таңда дарынды бала көп пе?

Баланың бәрі дарынды. Дарынсыз бала жоқ. Тек соны дер кезінде анықтай білу қажет. Бұл тұста ата-ананың рөлі зор. Ата-ана баласының неге қызығатынын білу керек. Сол бағытта жұмыстанса, ізденсе жақсы болады. «Қабілет» деген жаңа жобада осы дарынды баланы тез анықтауға мүмкіндік береді. Нақты айтқанда баланың неге икемі бар сол бағытын тез табуға болады. Мұғалім де баланың дарынын анықтауда аянып қалмайды. Негізі сол ата-ана көп қолдау көрсету керек. Сонда ғана жақсы нәтиже болады. Қазіргі таңда ауыл балаларына жасалып жатқан мүмкіндік көп. Жоба, олимпиадалардың түр-түрі бар. Балалар уақытын босқа өткізбей, бәріне қатысу керек.

-Оқушылардың ғылыми жоба жазуға қызығушылығы қандай?

Соңғы кезде мектеп оқушылары ғылыми жоба жазуға мықтап ден қойып келеді. Бұл бізді қуантады. Осы қыркүйек айының 15–не дейін ғылыми жобалар конкурсына тіркелу керек. Қазіргі таңда облыстан 700-ден астам оқушы тіркелді. Бұлардың ішінен тағы да іріктеледі. Себебі, кейде ғылыми жобалардың тақырыбы ұқсас болып кетеді. Содан соң, оның өзектілігіне де мән береміз. Осы бағытта балаларға бағдар береміз. Балаларға бағыт-бағдармен қатар, дәріс беруге ғылыми жобалармен айналысып жүрген мұғалімдерді шақырамыз. Ол мұғалімдердің өзіне арнайы семинарлар ұйымдастырамыз. Жақында осы физика пәнінің мұғалімдеріне ғылыми жобаны қалай жасау керек, оның рәсімделуін үйрететін арнайы семинар өткіздік. Жоспар бойынша осылай жұмыстар жүргіземіз.

 

Сұхбаттасқан: Айман Нұрмағанбет

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір