Талибан ұйымының өкілі Сухейль Шахин Дохада Sky News басылымына сұхбаттасып, әңгіме барысында АҚШ пен Ұлыбритания белгіленген мерзімде әскерін Ауғанстаннан шығармаса, салдары ауыр болатынын айтты.
Ол Байденнің әскерін елден 31 тамызда шығаратыны туралы айтқанын еске алып, мерзімді ұзартқысы келсе, оны басып алуды жалғастыру деп бағалайтынын, мұның еш қажеті жоғын жеткізді.
– Егер АҚШ пен Ұлыбритания эвакуацияны жалғастыру үшін қосымша уақыт іздейтін болса, біздің берер жауабымыз теріс болады. Немесе мұның салдары болады. Бұл біздің сенімсіздігімізді тудырады. Егер олар (АҚШ пен Ұлыбритания - ред) басқыншылықты жалғастырғысы келсе, біз үнсіз қалмаймыз, – деді ол.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан америкалықтарды, қауіп төнуі ықтимал ауғандарды эвакуациялау қарқыны жылдамдағанын, адамдарды елден шығару мерзімін ұзарту бойынша Талибан ұйымымен келіссөз жүріп жатқанын айтқан. Тараптар арасындағы келісім бойынша эвакуацияның соңғы күні 31 тамызға сәйкес келеді.
Кабул әуежайы маңында елден кеткісі келетін ауғандықтар нөпірі әлі басылар емес. Елден шетел әскері шығарылған соң Ауғанстандағы жағдай ушыға түсуі мүмкін деген қауіп бар. Қазіргі таңда Кабул әуежайын АҚШ пен оның одақтастары күзетіп тұр.
Пікір қалдыру