• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:06:09
Алматы
+12°

Жамбыл облысы Байзақ ауданыдағы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстардан 4 адам қаза тапты. Бұл туралы Жамбыл облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті.

Қаза тапқандардың екеуі келісім-шарт бойынша қызмет еткен. Сержант Марат Мешінбай Сайлауұлы мен ефрейтор Руслан Жанболатов Жүрсінбайұлы 1981 жылы туған. Үшінші адам әскери күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев Дайрабекұлы 1969 жылы туған. Қаза тапқан төртіші адам әскери прокурор Арман Қапезов екені анықталды.

Марат Мешінбай мен Руслан Жанболатов өрт басталған алғашқы сәттерде өрт сөндірушілер сапында жалынды өшірумен айналысқан. Сол жердегі жарылыстардың бірінде жараланған.

Ал Оразбек Дәлібаев қойманы күзетіп тұрғанда жарылыс болып, соның салдарынан көз жұмған.

Жалпы 88 адам ауруханаға жүгінген. Қазіргі уақытта 28 адам ауруханада жатқаны, олардың арасында 6 адамның жағдайы ауыр екені, іс-түссіз жоғалғандардың бары хабарланды.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта қоймалардағы өрт сөндірілген, жарылыс қайталанбаған. Ол кешігі түнде әскери бөлімде 10-нан астам жарылыс болғанын айтты.

Сондай-ақ ол қоймадағы зарядталмаған снарядтар Арыс әскери бөлімінен жеткізілген қарудың қалдығы екенін жеткізді.

Министр брифингтен соң Азаттық радиосы тілшісінің отставкаға кету туралы сұрағына жарылыс болғанын естіген алғашқы сәтте отставкаға кету туралы ойлағанын, отставка туралы арыз жазатынын, шешімді басшылық қабылдайтынын мәлім етті.

Кеше Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінен өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан. Апат болған жерге жақын Қайнар, Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланған. Темір жол байланысы уақытша тоқтап, Тараз қаласына кіру, шығу шектелген.

Осыдан 2 жыл бұрын Арыс қаласында әскери қоймада ірі жарылыс болып, 5 адам қаза тапқан. Ол кезде 50 мыңнан астам адам тұратын қала толық эвакуацияланған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір