15 Қыркүйек, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
Ауғанстанда билікті басып алған тәліп басшыларының арасында кикілжің туды, деп хабарлады Би-би-си ақпарат агенттігі.
Өткен аптада Кабулдағы президент сарайында "Талибан" үкіметінде премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған Абдул Гани Барадар мен босқындар істері жөніндегі министр Халил Рахман Хаккани сөзге келіп қалған.
Екі шенеунік тәліптердің билік басына келуінде кім маңызды рөл атқарды деген мәселе төңірегінде бір тоқтамға келе алмаған.
– Бұл – Катарда АҚШ-пен келіссөз жүргізген топтың еңбегі, – деді премьер-министрдің орынбасары Барадар.
Ал министр Хакканидің айтуынша, бұл ауған жеріндегі қарулы топтар қимылының арқасы екендігін айтып, ол өзінің соңғы жылдардағы лаңкестік әрекеттерін меңзеген.
Жанжалдан кейін Барадар Кабулдан Кандагарға кетіп қалған. Алайда тәліптер жанжалды жоққа шығарып отыр.
Талибан қозғалысы өткен айда Ауғанстанды "Ислам әмірлігі" деп жариялап, уақытша үкімет құрды. Үкімет құрамы тек ер адамдар мен тәліптердің қайраткелерінен тұрады. Бұл адамдардың кейбіреулері соңғы 20 жыл ішінде АҚШ күштеріне жасалған шабуылдарға қатысқан.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір