• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 14:07:40
Алматы
+35°

Фото: Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро сайты

Құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі ақын, белсенді, диссидент Арон Атабектің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түскені туралы хабар алғанын айтты.
 
 
"Қазір ғана Арон ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат алдым. Қылмыстық-атқару жүйесінен ақпаратты растауды немесе терістеуді сұраймын және Аронның жағдайы туралы білгім келеді" делінген құқыққорғаушының facebook парақшасында.
 
 
Бұған дейін Бақытжан Төреғожина, Ғалым Ағелеуов, Елена Семёнова секілді құқық қорғаушылар Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, қол жинаған.
 
Ал 18 тамыз күні Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі тобының өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан ақынға барғанында  Арон Атабек топ мүшелеріне денсаулығына байланысты шағым айтқан.

– Екі қолым аурады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым да ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксафонға коляскамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық (медициналық-ред) тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда сәуле (облучение) алу қауіпті деп есепеймін, – деген Арон Атабек.

Бюро сайтының мәліметінше, мекеме әкімшілігі топ мүшелеріне Арон Атабектің амбулаториялық картасын көрсеткен. Онда ол 2021 жылғы 4 тамызда қан анализін тапсырудан, флюрографияға түсуден, буындарын ренгенге түсіруден бас тартқаны жазылған. Мекеме басшысы Қапышев Әділхан Темкенұлы Арон Атабек медицина қызметкерлерінің бақылауында екенін айтқан.

"228 медициналық хаттамасында Арон Атабектің сүйек-буыны ауыратындығы, екі қолының да саусақтары деформацияланғаны, жарты жылдан бері іш қату салдарынан үлкен дәретке баралмай, клизма алатындығы және жүргенде өнебойы дірілдейтіні жазылған. Бұдан бөлек, хаттамада оның 30.07.2021 жылы медициналық тексеруден бас тартқаны жөнінде, кейіннен терапевт дәрігердің тексеруді камерада өткізгендігі жөнінде айтылған. Дәрігер Арон Атабекке церебросклероз, дисциркуляторлық энцефалопатия, стенокардия, созылмалы гастрит, созылмалы геморрой, қол-аяқтың артрозо-артитті диагноздарын қойып, жалпы клиникалық анализ тапсыруға, витаминдер ішуге, невропатолог пен кардиологқа баруға, УЗИ, ОБП және ренгенге түсу кеңес берген. Бірақ Арон Атабек оның барлығынан бас тартқан" делінген бюро ақпаратында.

Арон Атабек 15 жылдан бері түрмеде отыр. Ол 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот Атабекті "Шаңырақ" оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің өліміне айыпты деп таныған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір