• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:11:38
Алматы
+35°

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық еткен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңы жобасын қарап, төмендегіні атап өтеді.

Заң жобасы 2021 жылғы 24 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.

Заң жобасы орфография нормаларын және мәтіндердің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіруді мақсат етеді.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар:

- әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физикалық-географиялық объектілердің дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын мемлекеттік тілде жазуға;

- мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға бағытталған түзетулер енгізді. Бұл ретте, егер мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгілері пайдаланылған жағдайда, олар өзгермейтін түрде жазылады;

- егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазуға;

- егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға;

- көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру мәселелері жөніндегі заңнамалық актілердің нормаларын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейтін нормалар енгізілді. Айталық, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізу туралы хабарлау рәсімі хабарлама тәртібіне ауыстырылады, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу кезіндегі талаптар өзгертілді, дінге сенушілердің және дінге сенбейтіндердің азаматтық құқықтары нақтыланды, дінтану сараптамасын жүргізуге тартылатын адамдар тобы кеңейтілді.

Діни қызметті регламенттейтін ұсыныстардың енгізілуіне байланысты заң жобасының тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту бойынша түзету енгізілді.

Бұдан басқа, жекелеген нормалар нақтыланып, заң жобасының мазмұнын жақсартатын редакциялық түзетулер енгізілді.

Депутаттардың ұсыныстарын қарау қорытындысы бойынша заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодексіне және 16 заңына түзетулер енгізу көзделген.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобасына оң қорытынды берді.

Жұмыс тобының 13 отырысы және Комитеттің кеңейтілген екі отырысы өткізілді. 70-ке жуық түзетулер келіп түсті, оларды жұмыс тобы қарап шықты. Салыстырмалы кесте қабылданған 54 позициядан тұрады.

Осы айтылғандарды ескере отырып, Комитет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Қазақстан Республикасы парламенті сенатының қарауына жіберуге болады деп есептейді

Мәжілістің баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Мәжіліс заң жобасы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір