• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:53:26
Алматы
+35°

Пандемияға қарамастан қазақстандықтардың қаржылай табысы артып, 2021 жылғы ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 205 мың теңгеге жеткен. Бұл – сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,6 пайызға жоғары. Алайда қымбатшылық салдарынан тапқан табысты тұтыну тауарларына жұмсау көрсеткіші де алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір көп. Жылдық өсім 17,9 пайызға тең. Сәйкесінше, ақшаның құнсыздануы халық тұрмысының төмендеуіне әкеліп соғуда. 2021 жылғы ІІ тоқсандағы ресми статистикаға сай, Қазақстан халқының 4,5 пайызы (855 мың адам) кедей тұрады. Алайда кедейлік деңгейін анықтауда қолданылатын қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетуге мүмкіндік береді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттар елде 2 миллионнан астам адам кедей тұрмыс кешетінін көрсетіп отыр.

Кедейлікті анықтаудың бірнеше концепциясы бар. Еуропаның дамыған елдерінде салыстырмалы тәсіл қолданылады. Ол бойынша медиандық табыстың (қызметкерлердің 50 пайызынан көбі алатын айлық ақы) жартысы кедейшілік шегін құрайды. Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы медиандық жалақы 142 мың теңге. Осылайша, еуропалық концепцияға сай, айлық жалақысы 71 мың теңге дейінгі азаматтар кедейлер қатарында.

ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда абсолютті концепция қолданылады. Бұл тәсіл ең минималдық қажеттіліктерге сүйенеді. Оған сай, табысы минималдық қажеттіліктердің құнынан төмен адам кедей деп саналады.

Қазакстанда айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің (40 725 теңге) 70 пайызынан аз табатындар кедей болып есептеледі. Яғни айына 28 507 теңгеге өмір сүретін адам кедей тұрады. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында осы көрсеткіш басшылыққа алынады.

Ал дүниежүзілік банк есебі бойынша Қазақстанда кедейлер саны ресми деректегіден әлдеқайда көп. Дүниежүзілік банк күніне 5,5 доллардан немесе айына 70 мың теңгеден аз табатындардың бәрін кедей деп есептейді. Қазақстан экономикасы туралы 2021 жылғы 8 қаңтарда жарияланған "Дағдарыстан кейін қалыпқа келудің ұзақ жолы" атты баяндамада Қазақстанда кедейлік деңгейі 12-14 пайызға дейін жетуі мүмкін екені айтылады.

Егер Қазақстан жоғарыда аталған өзге концепциялардың біріне өтсе, онда кедейлік деңгейі жоғарылайды да, мемлекетке атаулы әлеуметтік көмек үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тура келеді.

Экономист Мақсат Халық еуропалық тәсіл мен Дүниежүзілік банк концепциясы шынайы жағдайды көрсетуге мейлінше жақын екенін айтады.

 

"Қазақстан да осы тәсілдерге өту керек" деген ол осы формула бойынша есептегенде Қазақстанда ең төменгі жалақы 75 мың теңге, одан төмен еңбекақы алатындар кедейлік шегінде болуы керек деп санайды. Алайда мұндай есеп бойынша Қазақстанда кедейлік шегінде тұрмыс кешіп жатқандар саны 2 миллионнан асып кетеді.

 

Сарапшы Қазақстан кедейлікті есептеудің мұндай тәсілін әлемдік рейтингте жақсы көрсеткішке ие болуы үшін жасап отыр деген пікірде.

Сондай-ақ ол кедейлік шегін анықтауда ең төменгі күнкөріс деңгейін негіз етіп, соның 70 пайызын басшылыққа алу еш қисынға келмейтінін, бұдан дереу бас тарту керектігін атап өтті.

– Ресейдің өзі әлемдік тәжірибеге өтіп, төменгі жалақыны медиандық жалақының жартысына, кедейлік шегін медиандық жалақының 40 пайызына теңестіріп отыр. Біз де осыған өтіп, ең төменгі күнкөріс деңгейінің негізінде шығарылатын тәсілден бас тартуымыз керек, – дейді ол.

Ресейде таяуға дейін кедейлік шегі қазақстандық тәсілге ұқсас концепциямен анықталып келген. Алайда ол жақта кедейлік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызымен пара-пар болған.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір