• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қазан, 22:22:33
Алматы
+8°

Миллиардер, Tesla компаниясының бас атқарушы директоры Илон Масктың Twitter аккаунтында біраз шытырман оқиғалар болды.

2018 жылы Маск "Tesla-ны жекеменшікке алуды қарастырып жатырмын" деген твитінен кейін оған АҚШ-тың бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы айып тағып, 20 миллион доллар айыппұл салған болатын.

2020 жылдың сәуіріндегі локдаун кезінде, Маск Twitter-де "ДӘЛ ҚАЗІР АМЕРИКАНЫ ЕРКІН ЖІБЕР" деп жазып, тағы да дау тудырған.

Келесі айында Маск "Мен барлық дерлік физикалық меншіктерімді сатамын. Ешқандай үй болмайды" деген.

Енді 62 миллион жазылушысы бар Маск тағы да бір қызықты твит жариялады.

Твит ағылшын тілінде "адамзат" деген сөзден басталған. Одан кейін қытай тіліндегі ежелгі өлең жолдары кетеді.

Өлеңді біздің заманымыздың 220-280 жылдар аралығындағы Қытайдың Үш мемлекетке бөлінген кезеңінде өмір сүрген ақын Цао Чжи жазған. Деректерге сәйкес, Цао Чжи бұл сөздерді ағасымен арадағы дауды шешу үшін дауыстап айтқан.

Деректер бойынша, император Цао Пи інісі Цао Чжидің билікті құлатпақ ниеті бар деп күдіктеніп, оның адалдығын анықтау үшін ақынды шақырады. Император Цао Чжи ақынның кінәсіздігіне көз жеткізу үшін одан жеті қадам аттамай тұрып өлең жазуды талап етеді.

"Жеті қадам төрт тармақ" деген өлең императордың осы сынағынан туындаған. Содан кейін император эмоциясын жеңіп, інісіне күдігі сейілген-ді.

Өлеңнің төрт тармақты нұсқасының (Маск бөліскен) аудармасы келесідей:

"Бұршақ сабағының жалынында бұршақтар қуырылды,

Қазанның ішінде бұршақтар) ашуланды:

"Біз бір тамырда өстік -

Бізді отта пісіруге неге асығасың?".

(Humankind

煮豆燃豆萁

豆在釜中泣

本是同根生

相煎何太急)

Бұл қытай әдеби шығармасы әдетте бауырластар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін және ұсақ келіспеушіліктерге жауап ретінде "бір-біріне зиян келтіру" деген идеяға қарсы тұратын метафора ретінде түсіндіріледі.

Масктың твиті Қытай мен АҚШ әлеуметтік желісінде қызу талқыға түсті. Өлең жолдарына талдау жасаған, оның кімге бағытталғанын түсіндірген әр түрлі теориялар пайда болды. 

Әлеуметтік желі қолданушылары мен әлемдік БАҚ Маск айтып отырған "метафоралық ағайындылар кім болуы мүмкін?", "бүкіл адамзат?", "климаттың өзгеруіне қарсы күрес пе?", "Маск пен ғарышқа құмар миллиардер Джефф Безос пе?", "Қытай мен Америка Құрама Штаттары ма?" деген сұрақтар қойған. 

"Біздің батыстық достарымыз үшін. Бұл Үш Патшалық романсындағы өлең. Біз (осы өлең жолдары арқылы) бір-бірімізбен соғыспау керектігін бейнелейміз" деп жазады OKEX бас директоры Джей Хао Twitter-де. Ол Масктың твиті Шығыс пен Батысты меңзегенін,  қақтығысты болдырмау керек екенін айтты деп сенеді.

"Ол Тайвань мәселесін айтып жатыр. Оның көзқарасы білінуде" делінген Масктың Weibo жазбасының астындағы танымал пікірде.

"Мұның себебі демократтар байларға салық салғысы келеді, оның ішінде Масктың 50 миллиард АҚШ доллары және Безостың 44 миллиард доллары бар" деп жазады тағы бірі.

Масктың поэтикалық твиттерінің астындағы кейбір түсініктемелерде  "Shiba Inu және Dogecoin криптовалюталарына сілтеме жасалуы мүмкін" екендігі айтылған.

Алғашқы кезде Маск Dogecoin криптовалютасын қолдап, ол жүздеген есе қымбаттаған. Кейінірек оған бәсекелес ретінде Shiba Inu криптовалютасы шығып, оның да бағасы көрнекті көтерілді. Тіпті жақында Shiba Inu-дың нарықтық құны Dogecoin-нан асып түсті. "Бұл тиісті монеталарды жақтаушылар арасында шиеленіс тудырды" деп хабарлады Fortune.

Ал, Қытайдың "Синьхуа" мемлекеттік агенттігіне қарасты "Reference News" басылымы Масктың жазбасына басқаша талдау жасайды. Басылым твитті Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының атқарушы директорымен қайырымдылық туралы Масктың қызу пікір алмасуымен байланыстырады.

Tesla компаниясы ежелгі қытай өлеңі туралы твитке түсініктеме беру сұрауына жауап бермеді.

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Илон Маск Қытай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір