10 Қараша, 2021 Әлеумет
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Ұлжан Қыдырбаева – Алматы облысы Панфилов ауданы Тұрбан ауылы Сатай батыр атындағы орта мектепте 3 жылдан бері логопед болып жұмыс істейді. Маман ерекше балаларға білім беру тәсілі, балаларға телефон ұстатудың зияны, баланы дарынды бала етіп тәрбиелеу жолдару туралы айтып берді.
Қазіргі таңда "логопед, психолог" үлкен сұранысқа ие
Ұлжан Қыдырбаева Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетін "педагогика-психология" мамандығы бойынша тәмәмдаған. М. Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде психолог мамандығы бойынша әлеуметтік ғылым магистрі атанған. Маман психология мен логопедия салалары бір-бірімен аса тығыз байланысты екенін айтады.
– Психолог болмай, логопед болып жұмыс істеу қиындау. Тілінің кемістігі бар балаларға ең алдымен психологиялық дайындық керек. Сондықтан алған білімімді артық деп есептемеймін. Өзімнің тәжірибем барысында қандай білім болса да бір-бірімен ұштастырып қолданамын. Бұл мектепте істеп жүргеніме биыл 3 жыл болғанымен жеткен жетістіктерім де жоқ емес. Педагогикада мұғалім алдында отырған 30 баланың бәріне бірдей білім беріп шығады. Ал логопед жұмысының қиындығы алдыңдағы бала әртүрлі диагнозбен келеді. Балаларға облыстық психологиялық-педагогикалық кеңестердің шешімімен диагноз қойылып, баланың сөйлеу кемістігіне немесе дефектологиялық, психологиялық ауытқуына байланысты арнайы бағытпен жұмыс істеу туралы анықтама беріледі. Қазіргі таңда мектепте 400 бала оқиды, олардың ішінде 10 баламен жұмыс істеймін. Бұл аз болып көрінгенмен жұмыс өте күрделі. 10 баланың әрқайсысына жеке оқыту жоспары жасалады. Бұл жерде логопед маманының басқа мамандардан ерекшелігі – әрбір тоқсан сайын жеке бағдарлама жасалады. Өйткені әрбір тоқсан сайын балалардың дамуы жөнінде есеп беріледі. Бала қаншалықты деңгейге көтерілді, немесе дамуы жоқ деген сияқты есептер жүргізілетін болады, – дейді маман.
Логопед балалардың сөйлеуіне телефон кері әсер ететінін атап өтті.
– Қазіргі таңда мектепте даярлық топтарында, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, бастауыш сыныптарда "с", "ж","з","р" секілді ызың дыбыстарды айта алмайтын балалар өте көп. Оған екі баланың бірінің қолынан телефон түспейтіні де әсер етеді. Жан тыныштығы үшін баласының қолына телефон ұстата салатын ата-аналар көп. Немесе олар баласы телефоннан пайдалы дүние қарап отыр деп ойлауы мүмкін. Ал телефонға қадалған баланың ауыз қуысы мен жақ бұлшық еттері қимылдамайды. Жақ сүйек пен тіл бұлшық ет қозғалмағандықтан, баланың сөйлеу қабілеті төмендейді. Ерін мен тіл қимылдап қатайған сайын баланың сөйлеу қабілеті өте жоғары болады. Бізде қазір басты кемшілік осы болып тұр. Бұдан бөлек телефон баланың көру қабілетін төмендетеді, – дейді ол.
Балаларды бір шеңбердің ішінде ұстап отыруға болмайды
Маман арнайы диагнозы бар балаларды дамыту үшін байқауларға апарып, жүлделі орындар алып жүр.
– Инклюзивті білім беруде тек ғана 10 баланы отырғызып білім бердім деп қарап отыруға болмайды. Жалпы инклюзивті білім беру балаларға тең дәрежеде білім беру дегенді білдіреді. Яғни балаларды ерекшелігіне бола кемсітуге, қоғамнан бөлшектеуге жол берілмеуі керек. Сондықтан жұмыс барысында тілінде кемістігі бар балаларды басқа балалармен қатар түрлі байқауға апаруға тырысамын. Жуырда Алматыға шығармашылық байқауға апарып, 1-орын алып қайттық. Мұндай іс-шаралар ерекше балалар үшін аса пайдалы. Баланың қай жағынан да дамуына әсері өте жоғары. Жалпы балаларды бір шеңбердің төңірегінде ұстауға болмайды. Ал мұндай орта қалыптастыру, жан-жақты дамыту шығармашылық пен мұғалімінің тікелей ізденісін талап етеді, – дейді Ұлжан Қыдырбаева.
Оның айтуынша, баланың дамуына ата-анамен тікелей жұмыс та әсер етеді.
– Арнайы мамандардың жұмысында қатып қалған заңдылық жоқ. Баланы дамытамын деген кез келген тәсіл кәдеге жарайды. Өз саламдағы психолог, дефектолог, логопед секілді әріптестеріме жаңа нәрсеге ұмтылудан қорықпау керектігін айтқым келеді. Баланы түрлі олимпиадаға, конкурстарға қатыстыру керек. Тіпті бала орын алмаса да оларды қоғамға шығарып, ортаға, жаңа нәрсеге бейімдеу керек. Дарынды бала қайдан шығады? Дарынды бала адамды дамытатын дүниелерден шығады. Сондықтан мүмкіндігінше балаларды бір жерде ұстап қалуға болмайды. Балалармен жұмыс істеу барысында олардың ата-аналарымен де жұмыс жасаймыз. Педагогтер ата-анамен жұмыс істеу қиын екенін түсінеді. Бастысы баламен қалай жұмыс жасайсың, сондай қарым-қатынасты балаға ата-ана да қалыптастыруы керек. Баланы тек арнайы мамандар ғана дамытады деген түсініктен арылған жөн. Бала көп уақытын үйде өткізеді. Сабақта өткендерді үйде қайталатып, баланы жаттықтыру керек. Олимпиада, конкурстарға жіберіп тұру қажет. Осылай ұстаз бен ата-ана бірлесіп жұмыс істегенде ғана мақсатқа қол жеткіземіз, – дейді логопед.
Ұлжан Қыдырбаева ғылымда жаңалық ашу үшін мүмкіндіктер өте көп екендігін айтады. Болашақта мектепте кішігірім логопункт ашқысы келеді, түрлі тәжірибелерді сынап көріп, ерекше балаларды дамыту үрдісін жетілдіре түсуді жоспарлайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір