• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 14:16:54
Алматы
+7°

«Адамның бір жасы мен алпыс үш жасы тойлану керек» дегенді естіп қалатынымыз бар. Нақты бірдеңе деу қиын. Қазір сол бір жасты дүрілдетіп, тұсаукесер той жасап, тойлатып жатса таңғалмайтын болдық. «Әр елдің салты басқа» дегендей, бір Қазақстанның ішінде тойдың өзі түрліше тойланады. Мысалы, Маңғыстауда  бала бір жасқа толған кезде нағашылары шаш алады. Ырым ба, салт па оны да дөп басып айту қиын. Кей жерлерде бала дүниеге келгенде нағашылары бесіктен бастап баланың керек-жарағын түгел әкеледі. Құдды бір қыздың жасауы сияқты. Сол бір жаста жасалатын негізгі салт – тұсаукесер.

Жолын берсін, жасын берсін деген ниетпен үлкендерге тұсау кестіріп жатады.  «Өздері зорға жүрген үлкендердің тұсаукесерге жолайтын жөні жоқ»  дегенге саятын пікірді Зейнеп Ахметова апамыз да айтып  жүр. Тұсауды  негізінен жүгіріп жүрген жас балаға кестіру керек дейтін пікір көңілге қонымды секілді. Қазір  ырымдап, мейілінше танымал адамдарға, жолы болғыш адамдарға, өнер иелеріне тұсауды кестірту сәнге айналғандай. Бір күнде мынанша баланың тұсауын кесті дегенді оқып қалатынымыз бар.  

Бұрындары тұсауды әркімге кестіре берген сияқты. Бұйырған  адамға. "Балам өзі жүріп кетті, сонымен қалды" деген де пікірлерді  ара-тұра естіп қалып жатамыз. "Жолым бола бермейді, тұсауды қайта кестіруге бола ма екен?" деген  ойда жүрген адамдарды да кездестіресіз. Тұсауын кім кескенінен хабарсыз адамдар да болады.  Қыз баланың тұсауын кеспеген дегенді де айтатындар бар. Бірақ тұсауы кесілмеген баланың сүріншек, жығылғыш болады деп пайымдайтын  қазақ халқының бұл дәстүрді елемей өтуі де мүмкін емес...

Қазақтың тұсаукесері дегенде көз алдыңызға бірден ала жіп келетіні рас. Ал, ол ала жіптің маңызы неде?

Қазақы түсінік бойынша, жалпы этнографтардың айтуынша, ала жіп – баланы алда ақ пен қарасы қатар жүретін өмір күтіп тұрғанын және одан сүрінбей өту керектігін білдіреді. Сол үшін тұсауды жолы болған, өсіп-өнген жандарға кестірген. Тұсаукесер жайында әңгіме басталса, пышақ әлде қайшы деген талас болатыны да жасырын емес. Тұсауды қайшысыз, пышақпен баланың артынан кесу керек немесе алдынан кесу керек деген де талас тудыратын жағдайлардың бірі.

Этнографтарды тыңдасақ, тұсауды пышақтың жүзін жоғары қаратып кесу керек екен. Ол баланы көкке қарай өсіп-өнуіне, көбеюіне тілектес болуды меңзейді. Баланың қадамы қайшымен байланысты болмасын, қайшыланып қалмасын деген ниетпен қайшымен кесуді құптамайды.

Айтпақшы, корей халқында да бізге ұқсастықтар бар. Олар да баланың бір жасын тойлап, тұсаукесер рәсімін жасайды екен.                                       

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: #тұсаукесер #шашалу

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір