• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Желтоқсан, 11:04:10
+7°

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тұңғыш Президент күнінде Алматы облысы Іле ауданында «Дәулет - Бекет» ЖШС-ның құрғақ шұбат өндіретін зауыты іске қосылды. Кәсіпорын айына 30 тонна дайын ұнтақ шығарады. Жобаның құны – 1 млрд. теңге. Экспортқа бағытталған зауыт шұбат өңдейтін Қазақстандағы жалғыз ірі кәсіпорынның базасында ашылды. Зауыттың өнімдері отандық нарыққа, сол сияқты Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Францияға жөнелтіледі, - деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Зауыттың ашылуында сөз алған Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев:

- Ең алдымен бәріңізді Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Елбасы мен Президенттің тапсырмаларына орай инвестиция тартылып, жаңа кәсіпорын ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Жыл соңына дейін Іле ауданында 15 жаңа кәсіпорын ашылып, 12 кәсіпорынның іргесі кеңейтіледі. Жыл қорытындысында аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 122 млрд. теңгеге, ашылған жұмыс орындарының саны 515-ке жетеді. Сол қатарда бүгінгі «Дәулет-Бекет»серіктестігінің зауыты да бар. Зауытқа 1 млрд. теңге инвестиция тартылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының 20 жылдық даму тарихы бар және оның жетістіктері тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихымен тікелей байланысты. Кәсіпорын фермасында 5 мыңдай түйе бар, сонымен бірге шұбатпен емдеу орны жұмыс істейді, енді шұбатты өңдейтін зауыт ашылып отыр. Осылайша өндірістің толық циклы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта жүн өңдейтін, косметикалық құралдар шығаратын кәсіпорындар ашып, іргесін кеңейту жоспарда бар. Зауыт ашып отырған кәсіпкердің қайырымдылық шараларын белсене атқарып жүргеніне ерекше рахмет айтамыз. «Дәулет-Бекет» ЖШС өңір экономикасына бұдан былай да үлес қоса береді деп сенемін. Аудан тұрғындарын мерекемен және жаңа зауыттың ашылуымен құттықтаймын! – деді Б.Қарасаев.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін көпшілік зауыттың ішін аралап көріп, «Дәулет-Бекет» ЖШС-ның өнімдерімен танысты. Кәсіпорынның директоры Сыдық Дәулетов зауыттың ерекшелігі, іргесі қалыптасудан бастап бүгінге дейінгі тарихы туралы қысқаша баяндап берді.

 «Алғашында қой-ешкіні, сиыр мен жылқыны көп өсіретін Жетісу аймағы менің түйе бағамын деген бастамама сенімсіздікпен қарады. Түйенің еті, жүні, сүті нарықта өтімді деп есептелген жоқ. Дегенмен түйенің сүтінде адам ағзасына керекті дәрумендердің көп екенін білгендіктен мен бұл бағытты табанды түрде дамытуға бел будым. Өздеріңіз көріп отырғандай бұл ісім нәтижесіз емес», - деді еңбек тәжірибесімен бөліскен фермер.

С.Дәулетовтің айтуынша, алғашында шұбатқа деген сұраныс көп болмаған, сол кезде кәсіпкер түйе сүтінің ұнтағын өндіру туралы ойлана бастаған. Соның нәтижесінде шұбаттың пайдалы қасиеттерін жоғалтпай сақтауға мүмкіндік туған. Қазіргі кезде әуе жолдары арқылы «Дәулет-Бекеттің» өнімдері Мәскеу, Бейжің, Шанхай қалаларына жөнелтіледі. Жуық арада Еуроодақ елдері мен Америкаға жіберу жоспарланып отыр. Дайын өнімдердің экспортынан түскен кіріске алдағы 2-3 жылда түйенің басын 15 мыңға дейін жеткізу көзделген. Бүгінгі күні шаруашылықта 5 мың бастан астам түйе бар. Соның 2,5 мыңы - аналық бас. Олардың дені қазақтың қос өркешті түйесі, түркіменнің арвана тұқымы. Күніне орта есеппен 5-7 мың литр шұбат сауылады. Мәселен, ЖШС мал азығын өз бетінше өсіреді. Фермада түйелер 8 сағат жайылымда ұсталады. Мұнда шөптің 120 түрі өсіріледі, бұл табиғи жайылым ретінде түйе сүтінің сапалы болуына ықпал етеді. Алдағы уақытта жайылым алқабын тамшылатып суару жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні шаруашылық күнінен 5 тоннаға дейін сапалы шұбат өндіреді, зауыт ашылғаннан кейін тәулігіне 1 тонна, ал айында 30 тонна шұбат ұнтағын шығаруға мүмкіндік туды.

Фермада 100 орынға арналған шұбат және саумалмен емдеу орны жұмыс істейді. Мұнда күрделі операциядан шыққандардың, химиялық ем қабылдағандардың, коронавируспен ауырып жазылғандардың ағзасын қалпына келтіру үшін ем жасалады. Емдеу мекемесінде 3 жылдың ішінде 5 мыңдай қазақстандық түйе сүтінің терапиясын қабылдаған.

Шұбат пен түйе етін дәм ретінде ұсынатын Алматы қаласында арнайы кафе бар. Осындай дәмхананы Іле ауданы мен Талдықорғанды жалғайтын трассаның бойынан ашу жоспарланып отыр. Түйе сүтінен жасалған құрт пен ірімшіктің түрлерін көбейту де алдағы уақыттың еншісінде. Алдағы жылда түйе сүтінен жасартатын және теріні емдейтін жақпамай әзірлейтін зауыт ашу көзделген. Келесі жылдан бастап күріш пен қарақұмық қосылған ет консервісін өндіру де жоспарда тұр. Түйенің жеңіл әрі жылы жүні де назардын тыс қалмайды. Болашақта түйе жүнінен киім тоқу жобасы да қолға алынбақ.

Атап өтсек, «Дәулет-Бекет» ЖШС-да 150 адам жұмыс істейді, бұл тек өндірісте істейтіндер мен түйе бағумен айналысатындар ғана. Бұған бүкіл Қазақстан бойынша серіктестік өнімін саудалайтын 168 дүкенде жұмыспен қамтылғандарды қосыңыз.  

«Дәулет-Бекет» ЖШС-ның қайырымдылық шаралары да ерекше айтуға тұрарлық. Серіктестік құрылған 20 жылдың ішінде Сыдық Дәулетов көп игі іс жасады. Бүгінгі күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кәсіпорын өз қаржысы есебінен тұрғызған 120 шаршы метрлік жаңа үйді Ақши ауылында 7 бала өсіріп отырған көп балалы отбасыға сыйға тартты. Үйде барлық қажетті жағдай жасалған, тіпті газ да тартылған. Аудан әкімдігі тарапынан жиһаз, тұрмыстық техника сатып алуға көмек көрсетілді.

- Бұған дейін біз тұрғын үй жалдап келдік, оңай емес еді. 2019 жылы үшемді өмірге әкелдім. Қазір біздің 4 қыз, 3 ұлымыз бар. Аудандық әкімдіктен көмек сұрағанбыз. Олар көмектесуге уәде берді. Бірақ мен мерекелерді өз үйімізде қарсы аламыз деп ойлаған жоқпын. Үйді бізге бизнесмен Сыдық Дәулетов сыйға тартып отыр. Бұл – біз үшін үлкен бақыт. Кәсіпкерге шын жүректен алғыс айтып, бизнесінің өрлей беруіне тілектеспін, - деді көп балалы ана Ақмарал Айтжанова.

Сыдық Дәулетов өз сөзінде тұрғындарды мемлекеттік мерекелермен құттықтап, елімізде кәсіппен айналысуға, оны дамытуға, адамның жан-жақты жетілуіне үлкен мүмкіндіктер жасалып отырғанын тілге тиек етті.

- Тәуелсіздіктің 30 жылы бізге таңдау еркіндігіне, қалаған кәсібімізді өркендетуге, арманыңа қадам жасауға, өзіңе сенуге, өз-өзіңді дамытуға жағдай жасады. Ең бастысы – табанды болу, талмай еңбектену. Менің кәсіпорным – ел тәуелсіздігінің жемісінің бірі. Мұнымен тоқтап қалмаймын, бизнесімді одан әрі дамытуға тырысамын, мүмкіндігінше Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық өміріне өз үлесімді қоса беремін. Жерлестерімді әрдайым қолдаймын, - деді С.Дәулетов.

Жалпы Іле ауданы – Алматы облысының ең ірі өндірістік аудандарының бірі. Мұндағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 450 млрд. теңгеден асады. Ауданда 21 ірі және орта кәсіпорын, 6 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір