Алматы облысында ГМО-сыз соя өсіру мүмкіндіктері жайлы жоспарлар талқыланды. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың Іле ауданына жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары кезінде Қанат Бозымбаев алдымен сояны терең өңдеумен айналысатын «Аgritech» ЖШС-да болып, өндіріс процесімен және зауыттың мүмкіндіктерімен танысты.
Белгілі болғанындай, зауыттың қуаттылығы жылына 6,5 мың тонна соя үгіндісін шығаруға жетеді. Бұл өнім тамақ өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Бүгінгі күні экспортқа бағытталған кәсіпорын өз қуаттылығының 70 пайызына шыққан. Жобаның жалпы құны - 3,7 млрд. теңге. Өнім жергілікті нарыққа шығарылады, шұжық өнімдерін дайындауда пайдаланылады. Қазіргі кезде нанотехнологияны қолдана отырып, ферменттелген соя белогын өндіретін желі іске қосылды. Соның арқасында оның ағзаға сіңірілуі жақсартылды, яғни оны балаларға арналған және спорттық тағамдарға пайдалануға болады. Өндіріс кезінде тек ГМО-сыз, сапасы жоғары соя ғана қолданылатынын атап өту керек. Өзімізде өсірілетін соя тек мал азығына арналғандықтан, әзірге сояның азық-түлікке пайдаланылатын тұқымы Ресейден әкелінуде.
-Біздің өңірдің соя өсірудегі тәжірибесі мол. Сондықтан сіздерді жергілікті шаруашылықтармен байланыстыру керек, егер оларды сапалы тұқыммен қамтамасыз етсеңіздер, ГМО-сыз соя өсіру ісін осы аймақта да қолға алуға болады. Сонда шикізатты сырттан әкелудің қажеті болмайды. Сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытындағы жоспарларымыз ауқымды. Сондықтан бұл жағынан мүмкіндіктеріміз мол, - деді Қ.Бозымбаев кәсіпорынға барған кезінде.
Сол сияқты Қанат Бозымбаев зауыттың алдағы даму жоспарлары туралы сұрап білді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт жұмысын ілгерілетуде сатылас интеграцияға басымдық беріліп отыр. Облыс әкімі электр энергиясының үзіліспен берілу мәселесін шешуге, өндірістегі буға қажетті екінші резервтік қазандық сатып алуға қолдау көрсетілетінін айтты.
Ауданға іссапары барысында Қанат Бозымбаев Gate city серіктес қаласын дамытудың жобаларымен танысты.
Серіктес қаланы дамыту жоспары, атқарылған істер, жүргізілген инфрақұрылым және туындаған проблемалар туралы «Алатау» АҚ басшысы Асқар Тұтұбаев баяндады.
Спикердің сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде жалпы алаңы 2370 га болатын Gate city бірінші серіктес қаласының жобасы іске асырылуда. Жобадағы қала халқының саны – 90 мың адам. Мамыр айында жалпы алаңы 43 мың шаршы метр болатын 10 үйдің құрылысы басталды. Барлық магистралдық желілері бар, негізінен өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның бәрі жүргізілген. Дегенмен газ бен су жетіспеушілігі туындауы мүмкін, тұрмыстық және өнеркәсіптік нысандарда кәріз жүйесінің де мәселесі бар.
Осыған байланысты барлық нысандардың техникалық тексерісін жүргізу керек. Қажет болса күрделі жөндеу жүргізіп, іске қосып тексеріп көру керек.
Баяндаманы тыңдап болған соң Қанат Бозымбаев жер учаскелері бойынша есеп беруді тапсырды:
- Бірінші кезекте бас жоспарды тағы бір рет егжей-тегжейлі қарау керек. Ол үшін облыстық комиссия құрылып, барлық жер учаскелері иелерінің қатысуымен жер мәселесі кеңінен талқылануы тиіс. Олардың жер учаскелерін дамытуға мүмкіндіктері бар ма, жоқ па, анықтауымыз керек. Содан кейін барып тиісті шаралар қабылдаймыз, - деді облыс әкімі.
Мұнан соң Қанат Бозымбаев «Даму» индустриалды-логистикалық орталығында және оның аумағында орналасқан сорғы құралдарын шығаратын «Wilo» зауытына барды. «Wilo» зауыты - Алматы облысында іске асырылып жатқан 9 трансұлттық компания жобаларының бірі. Бұл жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған кәсіпорынның сорғы стасасын жинақтауда жоғары деңгейлі автоматтандырылған жүйесі бар. Мұнда шығарылатын өнімнің басты ерекшелігі – ең озық технологияны қолданатындығы, электр энергиясын пайдаланудағы үнемділігі. Мәселен, қазірдің өзінде кәсіпорында сұйық магнитті сорғылар қолданылады. Өнім Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолияға экспортталады. Жылына 500 бірлікке дейін өнім шығарылады. Компания кеңсесі Нұр-Сұлтан, Өскемен, Атырау қалаларында бар.
Өнеркәсіп цехында және дайын өнімдер қоймасында болған Қанат Бозымбаев өнім ассортименттерімен танысып, сорғы стансасын жинақтап қана қоймай, өндіруді де қолға алу туралы ұсынысын айтты. Бұл ретте кәсіпорынға барлық қажетті қолдаулар көрсетілетін болады.
Пікір қалдыру