14 Желтоқсан, 2021 Саясат
Санжар Боқаев/Фото: Ашық дереккөз
Саясаттанушы, белсенді Санжар Боқаев "Утильалымға жол жоқ" қозғалысы саяси партияға айналуы мүмкін екенін мәлім етті. Бұл туралы ол Алматыда өткен баспасөз-митинг барысында айтты.
Ол өзінің 100 мыңдаған жақтасы барын, утильалымға қарсы петицияға екі күнде 150 мың адам қол қойғанын жеткізді. "Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз" деген ол қажет болса, саяси партия құратынын атап өтті.
– Үкіметке ультиматум қоямыз. Үкіметке бір ай уақыт береміз. Бір ай ішінде үкімет саясатын (утильалымға байланысты - ред) өзгертпесе, референдум жариялаймыз. Бізді (азаматтар - ред) қолдайтынына сенімдімін, – деді саясаттанушы.
Қозғалыс мүшелері "Утильалымға жол жоқ" қоғамдық бірлестігін құруды, митинг пен демонстрация түрінде бейбіт жиындар өткізуді, 1 ақпанға дейін утильалымды жою бойынша түбегейлі шаралар жасалмаса автокөлік ауыл шаруашылығы техникасы, кабель бағасы секілді мәселелер бойынша сотқа арыз түсіруді жоспарлап отырғанын айтты.
"Утильалым автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасы, кабель бағасының өсуіне әкеліп соғып отыр. Сәйкесінше, тауар мен азық-түлік, құрылыс материалдары, көлік тасымалы, коммуналдық тарифтер бағасы да қымбаттап жатыр. Автопарк қартайып, экологиялық тұрғыда нашарлай түсті. Утильалым жүйесі кесірінен бұдан кейін де осындай теріс салдар туа береді" делінген қозғалыс мәлімдемесінде.
Боқаевтың сөзінше, утильалым жүйесі жемқорлықты өршітіп, автокөлік құнын қолжетімсіз етеді. 5 жылда утильалым төлемінен 579 млрд теңге жиналғанын атап өткен ол утильалым нарықтыққа, халыққа қарсы аморальдық, қаржылық тұрғыда ашық емес жүйе екенін жеткізді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір