• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:48:50
Алматы
+12°

АҚШ президенті Джо Байден бейсенбі күні Қытайдың Шыңжаң аймағында өндірілетін өнімдерге тыйым салатын жаңа заңға қол қойды.

Америка Құрама Штаттары Конгресінің мүшелері ұсынған заң осы айдың басында Өкілдер палатасында да, Сенатта да бірауыздан мақұлданған және заң жобасы Ақ үйге жіберілген. АҚШ президенті Джо Байден оған қол қоятынын айтқан. Бұл – "Бейжіңнің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ сияқты мұсылман азшылығына жасаған қатал саясатына қарсы Вашингтонның жауабы" деп саналды.

Заң жеткізушілерден өнімдерінің мәжбүрлі еңбекпен жасалмағанын дәлелдеуді талап ете отырып, Шыңжаңнан АҚШ-қа тауарларды импорттауға жаппай тыйым салады. Шыңжаң мақта мен күн панельдерінің ірі жеткізушісі болып есептеледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары мен құқық қорғау топтары соңғы жылдары Шыңжаңдағы лагерьлер жүйесінде бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты азшылықтардың түрмеде отырғанын мәлімдейді. АҚШ пен көптеген құқық қорғау ұйымдары мұны "геноцид" деп атады.

Жаңа заң бойынша, Шыңжаңдағы мәжбүрлі еңбекке жауапты деп анықталған кез келген адамға санкция салынады. Бұл Қытайдан материалдар алатын кейбір АҚШ компаниялары үшін жеткізу тізбегін қиындатады.

Байден әкімшілігі сондай-ақ өткен аптада Бейжіңді "Шыңжаңдағы аз ұлттарға жоғары технологиялық бақылауды күшейтіп отыр" деп айыптап, бірнеше қытайлық технологиялық компанияларға және мекемелерге сауда санкцияларын салған.

Таяуда Бейжіңнің Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр сияқты азшылықтарға жүргізген саясатына қарсы Вашингтон санкциялар жариялаған. Көп өтпей АҚШ-тың діни бостандықты бақылайтын үкіметтік комиссиясының төрт мүшесіне Бейжің санкция жариялады. 

Сонымен қатар, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания және Канада Бейжің қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялап, өз министрлерін жібермейтінін мәлімдеген

АҚШ президенті Джо Байден алдыңғы айда Бейжің олимпиадалық спорт ойындарына бойкот жариялау жоспары бар екенін мәлімдеген. Кейінірек АҚШ Бейжің Олимипиадасына бойкот жариялаған алғашқы ел атанды.

Вашингтонның бұл әрекетінен көп өтпей Бейжің АҚШ-ты айыптады

Кейінірек BBC "Бейжің-2022 бойкотының қаншалықты маңызы бар" екені туралы сараптама мақала жариялады.

Халықаралық ұйымдар және көптеген демократиялық елдер Қытайды "Шыңжаң автономиясында тұратын ұйғыр, қазақ сияқты мұсылман азшылықтарына геноцид жасады" деп айыптайды.

Сонымен қатар, Бейжіңнің Гонконгтағы саяси бостандықтарды басып-жаншу әрекетіне қатысты да шиеленіс күшейе түсті.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: АҚШ Қытай Шыңжаң

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір