Қазақстан АЭС салу идеясы бойынша Ресеймен келіссөз бастағаны хабарланды

/image/2021/12/27/crop-16_3_392x697_f3b6f763cfb5812f4048894220a.jpg
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстан ықтималды атом электр станциясы құрылысына байланысты келіссөз бастағанын, келіссөз жүргізушілер арасында ресейлік "Росатом" корпорациясы да барын айтты. Бұл туралы ол ресейлік Коммерсантъ басылымына берге сұхбат барысында мәлім етті.
 
Келімбетов Қазақстан көміртектік энергия үлесін төмендетіп, 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуге тиіс екенін айта келе атом электр станциясын салудың қажеттігін атап өтті.
 
– Біз Глазно келісіміне сай 2030 жылға дейін көмір қышқыл газы бөлінуін 15 пайызға төмендетуіміз керек. Ол үшін күн мен жел энергиясына қосымша инвестиция тарту қажет. Алайда бұл көмірді толық алмастыра алмайды. Кей жағдайда газ да қажет. Бірақ Қазақстанға атом электр станциясын салуға тура келетін шығар. Біз келіссөздерге кірісіп кеттік. Оның арасында "Росатом" да бар. Қысқасы декарбонизация – көмірден бас тарту ғана емес, декарбонизация энергетикалық модельдің ескі тұрінен жаңасына өтуді білдіреді, – деді ол.
 
Бұған дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын салуға ыңғайлы орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайтын Балқаш көлінің оңтүстік-батыс бөлігіндегі Үлкен кенті белгіленіп отырғанын хабарлаған.
 
Сондай-ақ ол атом электр станциясына қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын кәсіпорындардан, атап айтқанда Ресей, Қытай мен Франциядан, АҚШ елдері өндірушілерінен ұсыныстар түскенін, шешім қабылдағанда технологиялардың қауіпсіздігі, соның негізінде қанша атом реакторлары салынды, бағасы және тағы басқа мәселелер ескерілетінін жеткізген.

Қазақстанда бірнеше жылдан бері атом электр станциясын салу идеясы көтеріліп келеді. Энергетиктер АЭС қажеттілігін энергетикалық тапшылықпен түсіндіреді. Президент Қ.Тоқаев биылғы жолдауында 2030 жылдарға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болатынын айтқан.

Алайда қоғамда АЭС салуға қарсы көңіл-күй басым. Арыс қаласы, Жамбыл облысындағы әскери қоймаларда болған жарылыстан кейін АЭС салу идеясына деген теріс көзқарас арта түскен. Азаматтар арасында екі жылда екі бірдей жойқын жарылысқа жол беріп қойған үкіметтің әрекетіне күмәнмен қарайтындар басым. "АЭС салып, соңы үлкен қайғылы жағдайға ұрындырып жүрмесіне кім кепіл" деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы жүргізген "Қазақстандықтардың АЭС құрылысы туралы пікірі" сауалнамасына қатысушылардың 55%-ы атом электр станциясының салынуына қарсы екенін айтқан. 
 
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар