• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:35:27
Алматы
+35°

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананы 3 күнге жуық уақыт экстремистерден қоршауға алған. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов айтып берді.

– Біз 5-8 қаңтар аралығында, 3 тәулікке жуық уақыт қоршауда болдық. Аурухана маңайына экстремистік топ қоршау құрып алды. Олар бізден 50-100 метір қашықта болды. Аурухана үш көше арасында тұр: Райымбек, Әшімов, Алтын Алаш. Осы көшелерде қарулы адамдар тобы болды. Олар қоршау тұрығызып аурухана жұмысына кедергі болды. Кіріп-шығуға мүмкіндік бермеді. Жедел жәрдем көліктерін кіргізбеді, – деді бас дәрігер. 

Содырлар от жағып, ауруханаға оқ атқан. Бірнеше рет шабуыл жасап, есік, терезелерді шаққан. Дәрігерлерді қорқытып, дәрі, спирт сұраған және қару кезенген. Куәгерлердің айтуынша, олардың арасында маска таққаны, сақалды-сақалсыз, әскери киінгендері болған.

– Біз терезеден қарап отырдық. Олар аурухананы кепілге ұстап отырды. Психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу өте қиын болды, – деді ол.

Бұл кезде клиникада 300-ге тарта науқас, 200-ге жуық қызметкер болған. Кей қызметкерлер 3 тәулікке жуық ауруханада жатқан. Оларға шабуыл жасау қаупі болғандықтан екінші ауысым жұмысқа келе алмаған.
 
– Өзімнің көзім жетті, көлігіме қылмыскерлер тобы тап бергенде қашуға тура келді. Бұл таңертеңгі уақыт болатын, таңғы 6-7 шамасы, жұмысқа келген кезім. Жеке сектор арқылы көлікті қалдырып, дуал арқылы қашып, жұмысқа келуге тура келді. 6-7 күндері жағдай ушығып кетті, екі күндей жағдай қиын болды. 8 қаңтарда арнайы органдар күштік операцияны бастап, оларды мына жерден шығара бастады, – деді №7 аурухананың бас дәрігері. 

5-6 қаңтарда митинг пен тәртіпсіздіктер кезінде жарақат алғандар ауруханаға түсе бастаған.

– Түрлі дене жарақатын алғандар түсті. Бірақ кім екенін айта алмаймын. Орган қызметкерлері келіп, алып кетті. Бүгінде клиникада митинг кезінде зардап шеккендер де, құқық қорғау органы өкілдері де жоқ, – деді дәрігер.

Ауруханаға жеткізілгендердің екеуі қайтыс болған.

– Медициналық қызметкерлер арасында дүрбелең болған жоқ, бірақ қорқыныш болды. Ауруханада көбіне ер адамдар, хирургтар, травматологтар, нейрохирургтар, жеке қауіпсіздік қызметкерлері болды. Әйелдер қауымын қысқартуға тырыстық. Ауруханада болғандарды жоғарғы қабаттарға жасырдық, – дейді Рамазанов. 

Дәрігерлерге шабуыл жасалмаған, бірақ қорқытып, қарумен қоқан-лоқы көрсетілген. Бүгінде №7 қалалық клиникалық аурухана радикалдардан азат етілді, мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 

– Ол жердегі жағдай қазір тұрақты, бәрі жақсы. Олар (террористер - еск.) жараланғандарды емдеу үшін сол жерде тосқауыл жасамақ болған. Арнайы операция жүргізіліп, дереу шара қолданылды, – дейді Алматы ПД баспасөз қызметі басшысы Салтанат Әзірбек.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Алматы Митинг

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір