Қазақстанның көптеген қалаларын шарпыған халық наразылығынан кейінгі жаппай тәртіпсіздік басылып, бүгінде құқық қорғау органдары күдіктілерді ұстау, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда әлеуметтік желіде полиция алаңда ештеңе бүлдірместен, бейбіт түрде талабын айтқан адамдарды да ұстап, бөлімшелерде оларға күш көрсетіп жатқаны туралы деректер шығып жатыр. Осыған байланысты facebook желісінде ақын, журналистерден тұратын бір топ адам билікті, оның ішінде құқық қорғау органдарын жазықсыз азаматтарды қуғындамауға үндеп, тергеу-тексеру шараларын әділ жүргізуге шақырып жатыр.
ЕЛ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН ЕРЕУІЛШІЛЕР мен ЕЛГЕ ҚАРСЫ ЛАҢКЕСТЕРДІ АЙЫРА БІЛЕЙІК!
Қазыбек Иса
Парламент мәжілісінің депутаты
Біз ең алдымен әрнәрсені анықтап алып, өз атымен атауымыз керек! Ел қамы үшін Ереуілге шыққандар мен Мемлекетке қарсы лаңкестікті, халыққа қарсы қарақшылықтың басын айырып алуымыз керек! Өйткені, Ел қамы үшін ереуілге шыққандар
- елге қарсы соғыспайды,
- ешкімді өлтірмейді,
- ауруханаға, жеделжәрдемге, әкімшілік орындарға, полицияға, құзырлы орындарға, банкіге, дүкендерге, мәдени орындарға, халықтың мүлкіне, көлігіне шабуыл жасап, өртеп жібермейді!
- Телеарналарға шабуыл жасап, ел тарихының алтын қорын өртеп жібермейді.
- Дәрігерлерді, науқастарды, Жеделжәрдемді, Қызыл крест, Жарты ай қызметкерлерін қандай соғыс кезінде де ешкім ұрып-соғып, тонамайды!
Алматыда полиция мен әскерден 16 боздақ өлтірілді, екі полицияның басын кесіп алған. Мыңнан аса адам жарақат алған, жүзге жуығы жансақтау бөлімдерінде жатыр. Олардың 200-дейі әйелдер мен қыздар!
Бұл қаза тапқандар, ауыр жарақат алып, тоналғандар, біздің бауырларымыз, аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз емес пе?!. Бұндай жауыз қанішерлікті қалай жазасыз қалдыруға болады? Мәдени ордамыз – ару қаламыз Алматының тас-талқанын шығарған соғыс болды, әлі басыла қойған жоқ!
Тіпті, бес телеарнаны басып алып, “Қазақстан” ұлттық арнаны, ордағы Алтын қорымызды, яғни, өз тарихымызды өртеп, тонаушылар ішінде оларды бастап, сақалы сапсиған (жасына байланысты сөз), өздерін “саясаткер” санайтын, “Аңқау елге Арамза молдалар” жүргеніне не деуге болады?!. Бұлар сонда өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға, өз тарихымызға, мемлекетімізге қарсылар ма?!.
"Медальдың екі жағы бар" дегендей, жазалау “шаш ал десе, бас алуға” жалғасып, енді жазықсыз жастар жазаға ілініп кетпеуі тиіс! Бізде сан қуалап, жоспар орындау деген келеңсіздіктер бұрын да болған.
Жас балаларға біреудің ауыр қылмысын нақақтан нақақ жаба салуға жол бермеңіздер
Ақберен Елгезек
Қазақстан жазушылар одағы
басқарма төрағасының бірінші орынбасары
Болары болып, бояуы сіңіп үлгірмеген кезеңде отырмыз. Бояу демекші, “бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты” деген мәтеліміз бар. “Шаш ал десе, бас алады” деген де біздің мәтел. Бекер айтылмаған. Ғасырлар бойы өмірлік тәжірибеден сұрыпталып шыққан сөздер.
Пәлен мың содыр, лаңкес, қоғамдық тәртіп бұзушы, тонаушы-қылмыскер ұсталды деп жатыр. Енді осы лаңкесін бөлек бөліп, бір қораға, қоғамдық тәртіпті бұзушылар мен мародерлерді бөліп, бөлек қораға қамап, жаза шығарарда ойланған абзал. “Біреу қыз алып қашыпты, біреу босқа қашыпты” деген де біздің сөз. Сол тұрғыдан қарау керек. Әлбетте, оқиғаға қатысушы заңды бұзып, қылмысы дәлелденсе, ол - айыпты. Бірақ, әр қылмыстың өзіне сай жазасы болады емес пе. Дүрбелең кезінде көрсеқызарлығы ұстап дүкенге кіріп, зат ұрлаған немесе “халықтық шеру екен, мен де үні бар азаматпын ғой!” деп көзқарасы үшін алаңға шыққандарды ешуақытта лаңкеске теңеп, оған ауыр жаза кесу - әділеттің ісі болмайды. Осыған құқық қорғаушы, күштік органдар баса назар аудару керек.
Кезінде Атырау жақта бір сұлтан мал ұрлаған 10 жігітті ұстап ап, ашу үстінде Сібірге айдамақшы болыпты. Сол кезде дуанның қариялары сұлтанға барып: “Сен 10 адамды емес, 60 адамды итжекенге айдатқалы отырсың!” деген екен. Сонда сұлтан: “Қайдағы 60 адам, алдарында 10 жігіт тұрған жоқ па?!”- депті. Сол кезде қариялар айтыпты дейді: “Мына тұрған әр жігіттің белінде 6 баланың ұрығы бар. Егер сен бұлардың көзін құртсаң, қазақ 10 кісіге емес, 70 кісіге кемиді!”. Сұлтан ақылды болмаса, несі сұлтан, тез ұғына қойып, райынан қайтқан көрінеді. Әр 10 жігітке қылмысының салмағына сәйкес айыппұл салып, қоя берген дейді.
Осының бәрін неменеге тәптіштеп жазып отырғанымды түсініп отырған боларсыздар. Талай жауынгерден, полиция және қауіпсіздік қызметінің офицерлерінен, бейбіт тұрғындардан, кіп-кішкентай балалардан айырылдық. Үлкен трагедия! Олардың орнын ешкім толтыра алмайды. Әсіресе ата-ана үшін. Солардың өліміне нақты қатысы барларды аяусыз, қатаң жазалау керек! Оған дау жоқ! Алайда біреудің ауыр қылмысын я болмаса бұрындары ашылмай жатқан қылмыстарды жас жігіттеріміздің мойынына іле салу болмасын! Әрқайсысының қылмысын нақты анықтап, істі әділ жүргізу жоғарғы биліктің де, қоғамның да бақылауында ұстау мүмкін емес.
Сондықтан біздің тергеушілер, өзге де құқық қорғаушы мамандар! Ашу үстінде, әріптесімнің өшін алам деп, болмаса істі тезірек бітірем деп науқаншылыққа салынып, жас балаларға біреудің ауыр қылмысын нақақтан нақақ жаба салуға жол бермеңіздер. Адам көрмесе де, Алла көріп тұр. Соны ұмытпаңыздар. Кез келген әділетсіздікке - Құдай тарапынан жаза бар, кез келген әділеттілікке - Тәңір тарапынан сауап бар. Әрі беріден соң, Ардың соты жаман. Ол тозақ отынан да бетер күйдіреді.
Бүгін репрессияға жол берсеңдер, алда бізді шын революция күтіп тұр!
Дина Елгезек
Журналист
Діни экстремизмге қатысы жоқ мұсылман бауырларымызды, саяси азаматтық көзқарасын білдіру үшін митингке шыққан қазақты қудалап, жала жауып, түрмеге тығуды тоқтатыңдар! Митингке шығу - қылмыс емес! Әрбір азаматтың саяси еркі! Саяси еркіндікке қол сұғу тоқтатылсын!
Қазақ өз қазағын қорқытып ешқашан ел болмаған! Онсыз да алданып ашынып отырған қазақ ертең одан бетер ашынып, содан соң оны тоқтату қиын болады. Сендердің кланаралық қақтығыстарыңа қарапайым халықтың қатысы жоқ! Разбирайтесь сами! Бүгін репрессияға жол берсеңдер, алда бізді шын революция күтіп тұр! Сендердің ескі әдістерің енді өтпейді! Репрессияны тоқтатыңыздар!
САУ САНАЛЫ АДАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІН АЙТАЙЫҚШЫ...
Қанат Әбілқайыр
Журналист
Жай ғана сау саналы адамның әңгімесін айтайықшы...
Жасы жиырмаға да толмаған сарбаздар не үшін, кім үшін, неге бола жан тапсырды?
Бесіктен белі шықпаған 4,11 жастағы сәбилердің не күнәсі бар еді?
Қаңғалақтап жүріп оқ құшқан бейбіт шерушінің сұрауын кімнен сұраймыз?
Еш кінәсі болмаса да ұсталып, көкала қойдай сабалып, таяқ жеп жатқан жігіттерді кім қорғайды?
"Ланкес" бар шығар, "арандатушы" бар шығар, солардан ала алмаған кекті түк күнәсі жоқ қара халықтан аламыз ба (Бас ланкестің, бас арандатушының аты неге аталмайды)?
Маған бүгін бірнеше адам хабарласты. Еш кінәсі болмаса да, 11-12 сағат бойы таяқ жеген. Олардың ішінде аты қазаққа танылған Қайсар Қауымбек, Ретбек Мағаз, Айбол Мінәуар секілді ақын жігіттер бар.
Адам құқығы деген дүние қайда қалды? Адамның өмірі конституциямыздағы басты құндылық саналмаушы ма еді? Бізге Қазақстан керек. Бізге Қазақстан деп соққан жүрек керек. Бізге ғана емес, алдымен ол жүрек биліктегілерге қажет болуы керек еді. Елді ашындырып, ешкім де жеңіске жете алмайды... Ондай жеңістің бұ халыққа елу теңгелік құны жоқ...
Алаңға шыққанның бәрі "террорист" емес
Мақсат Толықбай
Журналист
Қаңтардың бесіне қараған түні Алматыға ұшып барып, "Алматы аренаның" маңына жиналған елдің арасында біз де жүрдік. Жаңаөзендіктерді қолдап, бейбіт шеруге шыққан халықтың қарасы көп болды.
Жазықсыздар "лаңкес" атанып кетпесе екен деймін. Тергеу әділ жүргізілсін! Ал, қандықол қылмыскерлерді және жоспарлы түрде күштік құрылымдарды құрал ретінде пайдаланып, мемлекетке сатқындық жасағандарды аяусыз, қатаң жазалау керек!
Президенттің үндеуінде қамтылмаған сала қалмады. Енді нақты қадамдар күтеміз. "Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталды" деген ұрандар
ұран күйінде қалса
халық тағы да көшеге шығуға мәжбүр болады.
Жаңа саясатты ескі кадрлар қалай жүргізеді? Уақыт көрсетеді. Олигархтармен күресе алмаса, таяқ айналып өздеріне тиеді.
Парламент те жаңарған Қазақстанға сай болу керек. Депутаттық сауалдарға үкіметтің бір парақ қағазбен қайтаратын жауабын місе тұтуды доғару қажет. Парламенттің рөлі, құзіреті қолдан немесе заңмен күшеймейді. Депутаттар, бәрі өздеріңіздің табандылықтарыңызға байланысты. Халықтың мұңы алаңда емес, парламенте айтылу керек.
Пікір қалдыру
пікір