• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 20:36:59
Алматы
+35°

Қаңтардағы оқиғадан кейін ұсталып, Қырғызстан билігінің араласуынан соң босатылған қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов қамауда отырғанда азапталғанын мойындап, өзін экраннан көрсеткен жергілікті телеарналарға алғысын білдірді. Сөзінше, телеарналар көрсеткеннің арқасында оны отандастары танып, қамаудан босауына мүмкіндік туған.

– Мені уайымдап, бостандыққа шығуыма ықпал еткендердің барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Қазақстанның телеарналарына рахмет. Егер де бұл сұхбат болмағанда ешкім менің қайда екенімді және маған не болғанын білмейтін еді. Сіздердің арқаларыңызда бүкіл әлемдегі парасатты адамдар болып жатқан оқиғаларға шынайы қарап, Қазақстандағы оқиғаларға байсалды баға бере алды. Мен журналистерге Қырғызстанда менің жұмысым бар екенін айтқанда ешкім сенбеді және олар мені тыңдамады. Негізсіз ұсталған, кінәсіз жүздеген адамның ішінен мені таңдап, камераға түсірген адамға рахмет. Дәрігерлер мен сәл болмағанда өліп кетуім мүмкін еді деп отыр. Өйткені сынған қабырғалар сол жақ өкпеме зақым келтірген, тағы бірнеше соққы болса, жүрекке зақым түсер еді, – дейді Рузахунов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Викрам Рузахунов соққыға жығылған уақытта туыстары, достары, шоу-бизнестегі әріптестері және оны видеодан таныған адамдардың барлығы оны қолдағанын және болған жағдайды белсенді түрде желіде жариялап отырғанын атап өтті.

– Қазақстанның құзырлы органдары менің тұлғамды тексеріп көрмеді. Жауап алу кезінде мен белгілі музыкант екенімді қайта-қайта қайталадым, ал азаптау кезінде айқайлап мен туралы ғаламтордан қарауларын сұрадым. Жауап ретінде олар мені ұра түсіп, мазақ етті, – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, 9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингке қатысқаны үшін ақша алды" деп қырғызстандық азаматты көрсеткен еді. Видеода беті-аузы көгерген азамат 1 қаңтарда бейтаныс адамдар телефон арқылы хабарласып, митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. 

Көп ұзамай қырғызстандық басылымдар Викрам Рузахунов Қырғызстанда белгілі джаз музыканты екенін, Қазақстанға концертке келгенін жарыса жазды. 

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп, Рузахуновқа полиция зәбір көрсеткенін мәлімдеп, Қазақстанға қарсылық нотасын жариялады.

10 ақпан күні Викрам Рузахунов қырғыз билігі араласқан соң босатылған. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір