17 Ақпан, 2022 Саясат
Фотоколлаж
Арман Шораев, Бақытжан Бұқарбай, Бақытжан Төреғожина, Джохар Өтебеков, Дина Елгезек, Досым Сәтбаев, Ермұрат Бапи, Қарлығаш Еженова, Марғұлан Сейсембай, Мұхтар Жәкішев, Санжар Боқаев, Тоғжан Қожалиева секілді медиакәсіпкер, саясаттанушы, құқыққорғаушы, журналист, кәсіпкер, қоғам белсенділерінен құрылған топ бірлескен ұстаным мен Қазақстанның болашағы туралы көзқарастарын білдіріп мәлімдеме жасады. Белсенді топ азаматтарды мәлімдемеде айтылғандарға пікір білдіріп, дауысқа салуға шақырады. Мәлімдеме БОСТАНДЫҚ. ӘДІЛЕТТІЛІК. ТЕҢДІК принциптері негізінде жасалған. Үндеудің толық мәтіні төменде ұсынылып отыр.
М Ә Л І М Д Е М Е
Біз, түрлі салада қызмет етіп жүрген, елімізде қазір болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырған Қазақстан азаматтары, қалың жұртшылық пен еліміздің басшылығына мемлекетіміздің болашақтағы құрылымы туралы ұсыныстарымызды жеткіземіз.
Баршамыз «қанды қаңтар» трагедиясының куәсі болдық. Оған елде орнаған қатал да әділетсіз автократиялық режим түрткі болғаны анық.
Адам құқықтары тапталып, демократияның барлық институттары жойылды.
Біз мұны қатал сынға аламыз.
Қаңтар құрбандарының қаны текке төгілді демес үшін, біз еліміздің болашағына байланысты өз көзқарастарымызды жеткізгіміз келеді.
Кез келген мемлекеттің дамуы мен әлеуетін экономика да, технология да, әскери күш те анықтай алмайды. Мұның барлығы – тек дамыған адами капиталдың салдары ғана. Жалпы адамзатқа тән бірнеше негізгі қағида бар, соларды сақтаған жағдайда ғана адами капиталдың дамуы мен әлемге тарыдай шашылған дарынды отандастарымызды елге қайтаруды барынша қамтамасыз ете аламыз.
Бұл қағидалар: 1. Бостандық. 2. Әділеттілік. 3. Мүмкіндіктер теңдігі.
Бостандық – бұл құндылықтардың негізі. Бұл – еліміздің, ата-бабамыз бен ұрпағымыздың сан жылдық арманы. Бұл – БАҚ бостандығы, шерулер мен жиындар бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, өз пікіріңді еркін білдіру бостандығы, ар-ұждан бостандығы, діни сенім бостандығы және, ең бастысы, сайлау бостандығы мен адал әрі бәсекелі сайлау нәтижесі бойынша сайлану бостандығы.
Әділеттілік – бірлік пен тиімділіктің негізі. Әділеттілік – серіктестіктің негізі, ертеңгі күнге, бір-бірімізге деген сенім, төзімділік пен толеранттылық, бұл кез келген дамыған қоғамның өмір сүруінің негізі.
Мүмкіндіктер теңдігі – бұл адамдардың өз әлеуетін аша білуінің негізі. Мүмкіндіктер теңдігі – бұл ұлтқа, діни сенімге, жынысқа, әлеуметтік статус пен тілге қарамай саяси әрі экономикалық мүмкіндіктердің теңдігі. Мүмкіндіктер теңдігі – бұл Қазақстан азаматтарының табыс көрсеткішіне қарамай медициналық жәрдемді теңдей алу мүмкіндігі. Бұл – барлық азаматтардың қызметіне, статусына, атағына қарамай заң алдындағы теңдігі. Бұл – адамдардың сеніміне лайық азамат қана жеңіске жететін саяси күрестегі теңдік.
Саяси реформаларды жүзеге асырмай, аталған құндылықтарды қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол үшін президент бастап, парламент қостап, жаңа заңдар қабылдануы керек:
1. Жақында сайлау туралы жаңа заң шеңберінде жаңа партияларды, соның ішінде сайлауға түсе алатын оппозициялық партияларды адал әрі ашық тіркеу басталуы тиіс. Ол үшін биылдың өзінде «Саяси партиялар туралы» заңға өзгерістер енгізіп, оларға тіркеуге қажет шекті азайту керек. Теңдік пен әділеттілік қағидасын негізге ала отырып, «Нұр Отан» партиясының монополиясын жойып, партиялық бәсекелестікті сөз емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге шақырамыз.
2. «Партиялар және қоғамдық бірлестіктер» мен «Орталық сайлау комиссиясы» туралы жаңа заңдар шеңберінде кезектен тыс парламенттік сайлау өтетінін жариялау керек. Парламентке сайлану пропорциялы-мажоритарлы жүйе бойынша жүзеге асуы тиіс. Билік пен қоғам арасында сенім мен диалог болу үшін бізге «Бейбіт жиындар және шерулер туралы» жаңа заң жобасы қажет.
3. Елден шығарылған капиталды кері қайтару бойынша әділетті де ашық процесті бастап, оның ел экономикасы үшін жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Ал ең бастысы – мұндай модель қайталанбайтындай демократиялық институттарды қалыптастыру қажет.
4. Бұл үшін «Сот пен сот жүйесі туралы» және «Сөз бостандығы туралы» тұжырымдамалық деңгейде жаңа заңдарды қабылдау керек. Бұл заңдар олардың шынайы тәуелсіздігіне кепіл болуы тиіс.
5. Бізге орталық пен өңірлер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін, өңірлердің дербестігі мен сайлаушылардың алдындағы жауапкершілігін арттыратын жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң керек.
Саяси реформаларға көшуді келесі қадамдардан бастаған жөн деп санаймыз:
1. «Қанды қаңтар» оқиғасын ашық әрі әділетті тергеуді қамтамасыз ету. Егер кісі өлтіруге немесе тонаушылыққа қатысы бар деген нақты дәлел болмаса, тұтқындалған барлық азаматтарды босату керек.
2. Саяси тұтқындарды босату керек.
3. Азаматтарымызды азаптаған құқық қорғау органдарының барлық өкілдері мен бұл қылмысқа көз жұма қараған басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғап, оларды халықтың алдында жазаға тарту керек. Погон таққан жауыздардан құтылу үшін күштік құрылымдарды жаппай тазартып, люстрация жүргізу керек.
4. Жеке басқа табынумен күресу әрі оны жалғастыру бойынша кез келген талпынысқа қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру мақсатында Қазақстан астанасына бұрынғы атауын қайтарып, басқа салаларда да тегінен айыру процесін қолға алу керек.
Мұның барлығы билік пен қоғам арасындағы сенім қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тек алғашқы қадамдар ғана болмақ. Қазіргі саяси жүйенің шеңберінде экономикалық даму мүмкіндігі толықтай сарқылды. Не қазірден бастап тиімсіз жүйені өзгертіп бастаймыз, не ертең елімізден айырылатын боламыз.
Біз үндеуімізді қолдайтын азаматтарды осы құжаттың астына қол қоюларыңызды сұраймыз. Халықтың үні естілуі тиіс, бұған әрқайысымыздың мүмкіндігіміз бар.
1. Арман Шораев
2. Бақытжан Бұқарбай
3. Бақытжан Төреғожина
4. Джохар Өтебеков
5. Дина Елгезек
6. Досым Сәтбаев
7. Ермұрат Бапи
8. Қарлығаш Еженова
9. Марғұлан Сейсембай
10. Мұхтар Жәкішев
11. Санжар Боқаев
12. Тоғжан Қожалиева
Біз үндеуімізді қолдайтындарды өз дауыстарын беруге шақырамыз. Халықтың үні естілуі керек және бұл енді әрқайсымызға байланысты болмақ.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір