• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Қазан, 16:31:41
Алматы
+8°

Саясаткер, осыдан 17 жыл бұрын үйінен өлі табылған мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов әкесінің қазасын қайтадан тергеу мәселесін көтеріп, бас прокуратураға хат жазған. Бұл туралы ол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатындай айтты.

Ресми нұсқа бойынша Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі кеудесінен екі рет, басынан бір атып өлген.

Қайрат Нұрқаділов әкесінің өліміне қатысты ресми нұсқамен еш келіспейтінін, оның кісі қолынан қаза тапқанына сенімді екенін айтады. Ол "осы уақытқа дейін үндемей келуге мәжбүр болдым, 17 жыл бойы іште сақтап жүру оңайға соқпады, әкемді бір сәт те естен шығармадым" деп отыр.

 

– Әкем қайтыс болғанда полиция департаменті іс қозғап, мені жәбірленуші ретінде қатыстырды. Департаментке шақырып, қылмыстық іс аяқталған соң тергеу қорытындысына өзің қол қоясың деді. Мен әкемді өлтіргенін білдім. Департаменттен шыққанымда пальто киген екі жігіт күтіп алды. Олардың жәй адам емес екенін, органда істейтінін түсіндім. Келді де "Қайрат, өзін-өзі өлтірді дегенге келісесің" деді. Келіспеймін десем, олар "сені өлтіру ас үйде ұшып жүрген шыбынды өлтіруден де оңай, сен бізге проблема емессің" деп айтты. "Балаларың, қарындасыңды әлі кішкентай, оларды кім асырайды, түсіндің бе" деді. Ойлануға уақыт сұрап едім, бір тәулік берді. Мен Фурмановтың (қазіргі Назарбаев - дер) бойындағы Рамстортағы телефон будкасы арқылы әкімнің досына хабарластым. Ол кісі де қайтыс болып кетті, енді айта беруге болатын шығар. Ол кісі "3 сағаттан кейін үйдің жанындағы магазинге темекі алуға шық, сол кезде сөйлесеміз" деп айтты. Кездестік. Ол кісі "келіс, келіспесең, сен де кетесің. Сен қазір шенеуніксің, парамен түрмеге отырғызып, туберкулез камерасына қамап, сол жақтан шықпай қаласың, ертең әкеңнін артынан жүгіретін адам табылмай қалады. Бала-шағаңды кім асырайды? Ертең бәрінің уақыты келеді" деді. Бірақ мен 17 жыл уақыт керек болады деп ойламадым. Көп болса, 5 жыл кететін шығар, 2011 жылғы сайлауда Назарбаев кететін шығар деп ойлағам. Қараңыз, 17 жыл өтіп кетті,  –  дейді ол.

 

Қайрат Нұрқаділов отбасына қатер төніп тұрғанын, "мен өлім кетсем, әкемнің мәселесін көтереді" деп амалсыз келіскенін, бұл сырды 17 жыл бойы сақтап келгенін, енді бәрін жайып салатын уақыт келгенін жеткізді.

Сондай-ақ ол "өзін өлтіріп кетуі мүмкін" деген ой үрейлендіретінін, бірақ енді шындықты айту парызы деп санайтынын атап өтті.

Оқи отырыңыз:

♦ Назарбаев 60 жасқа толғанда әкімдер 1 миллион доллардан жинап берді – Қайрат Нұрқаділов

 ♦ "Назарбаевты мақтап, "әкем қателесті" десең, Алматы әкімі боласың" деді". Нұрқаділовтың сұхбаты

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір