• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 01:12:53
Алматы
+12°

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі қорға қарайтын "Жасыл-Жер" компаниясы ешқандай бәсекесіз тендер арқылы 6 жылда Ақорда, Үкімет үйі, Министрлер үйі, Қаржы министрлігінің ғимараты, Тұңғыш президент музейі және Бейбітшілік көшесінде орналасқан әкімшілік ғимаратты күтіп-ұстау мен абаттандыру жұмыстары үшін мемлекеттен 7 млрд 636 млн теңге алған. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай өзінің telegram каналында жазды.

Журналисттің айтуынша, мекеме биылға 1 млрд 530 млн теңгенің тендерін жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алу "бір көзден сатып алу" тәртібі бойынша, яғни бәсекесіз, ашық конкурссыз жүргізілген.

"Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы 24 желтоқсанда Президенті іс басқармасына қарасты "Президенттің әкімшілігі мен үкімет әкімшілік ғимараттары дирекциясы" деп аталатын кәсіпорын "Жасыл-Жер" компаниясымен екі келісімшарт жасасты. Біреуінің құны 773 млн, екіншісінікі 757 млн. Келісімшартқа сәйкес, «Жасыл-Жер» ЖШС 2022 жылы жоғарыда аталған алты ғимарат аумағының қарын күреп, бау-бақшасын күтуге міндетті.

Екі тендер де "бір көзден сатып алу" тәсілі бойынша өткен. Яғни, тапсырыс беруші ашық конкурс жарияламаған, тікелей "Жасыл-Жер" компаниясымен келісімшарт жасасқан" дейді журналист.

Кейінгі алты жылда "Президенттің әкімшілігі мен үкімет әкімшілік ғимараттары дирекциясы" кәсіпорыны дәл осы "Жасыл-Жер" компаниясымен 23 келісімшарт жасасқан. Олардың жалпы соммасы – 7 млрд, 636 млн теңге. "Жасыл-Жер" ЖШС барлығында тендерді "тікелей бір көзден сатып алу" тәсілі арқылы алғаны белгілі болды. 

"Жыл сайын Президент іс басқармасына қарасты мекемеден миллиардтап тендер алып отырған "Жасыл-Жер" ЖШС-ның Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар. Қалай дейсіз бе? Баяндап берейін. Мұқият оқыңыз, шатасып қалуыңыз мүмкін.

"Жасыл-Жер" ЖШС 2005 жылы сәуірде құрылған. Бастыпқыда құрылтайшылары жеке адамдар болды. Ал 2012 жылдан 2020 жылға дейін компанияға Назарбаевтың түрлі қорлары иелік етті. Нақтырақ айтқанда, 2012 жылдан 2017 жылға дейін "Фонд-Инвест" Мүлік басқару дирекциясы"  деген компания "Жасыл-Жер" ЖШС-ның құрылтайшысы болды. Ал бұл компанияның құрылтайшысы – Назарбаевтың "Елбасы қоры" деп аталатын қоры.

Бұдан кейін, 2017 жылы Назарбаевтың "ҚР тұңғыш президенті – Елбасының қоры" деген қоры бірнеше ай бойы "Жасыл-Жер" ЖШС-ның құрылтайшысы болды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың ақпанына дейін бұл компанияға "Жылжымайтын мүлікті басқару жөніндегі дирекция" ЖШС құрылтайшылық етті. Бұл ЖШС да Назарбаевтың "Елбасы қоры" деген қорына тиесілі.

Қорыта айтқанда "Жасыл-Жер" компаниясына сегіз жыл бойы Назарбаев иелік етті. Сол кезеңде компания мемлекеттен миллиардтаған тендер алып, қыруар пайда тапты. Тіпті, "Жасыл-Жер" ЖШС Назарбаев президент болып тұрған кездің өзінде де Президент іс басқармасына қарасты кәсіпорыннан тендер алып отырды. Бұл – Назарбаевтың мемлекеттік қызметте жүріп те бизнеспен айналысқанын дәлелдейтін бірден-бір факт" дейді ол.

Мият Кәшібайдың сөзінше, 2020 жылдың ақпанынан бастап "Жасыл-Жер" компаниясының құрылтайшысы жеке адамдар болған. Солардың бірі – Тіленді Қуғабаев деген азамат. Ол бұл компанияны бірнеше жыл басқарады, кейін құрылтайшысы да болды. Қазір де Қуғабаев "Eco city group" деген компания арқылы "Жасыл-Жер" ЖШС-ға иелік етіп отыр.

"Ашық дерекөздегі ақпаратқа қарағанда, Тіленді Қуғабаев бір кездері "Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының Қызметтік тұрғын үйлерді пайдалану жөніндегі дирекциясы" деген мемлекеттік кәсіпорынды басқарған. Алматыдағы әйгілі "Алатау" санаторийінің директоры болған. Былтыр Азаттық радиосы бұл демалыс орынына Назарбаев иелік ететінін анықтаған еді. Соған қарағанда, Тіленді Қуғабаевты Назарбаевтың сенімді адам деп топшылауға негіз бар" деп жазады журналист.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір