Фото: Видеодан скриншот
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда азаптауға ұшарып қолхатпен үйге шығарылған 10 жігіт құзырлы органдарға үндеу жолдады. Олар "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлімі) деген айыппен қозғалған қылмыстық істі қысқартып, өздерін ақтауды талап етеді. Бұл туралы "Тамшы" әлеуметтік қайыр қоры жетекшілерінің бірі, журналист Бақытжан Қосбармақов facebook парақшасында мәлім етті.
Ербол Шаханов, Бақыт Ыстыбаев, Саят Әділбекұлы, Дархан Дүсибаев, Дәулет Жаппарбеков, Азат Талғатбек, Нұртас Қаранаев, Марат Ихсаниев, Ақылжан Қисымбаев, Қосай Маханбаев ешқандай да террорист емес екенін, ештеңені шағып, қиратпағанын, жараланған адамдарға көмектескенін, өздері оққа ұшып, түрмеде азапталғанын айтады. Көбі мүгедек болып қалған. Бірі алаңға бейбіт түрде ойымызды айтуға шықтық, енді бірі алаңға кездейсоқ тап болдық деп отыр.
"Қаңтар қырғынына қатысты Алматыдағы СИ-18 түрмесінде отырып, қазір қолхатпен үйге шыққан бұл 10 жігіттің бәрі де – жаралы. Бірінің аяғына, бірінің ішіне, бірінің қуығына оқ тиген. Олардың бәрін 8-9 қаңтарда больницада жатқан жерінен алып кетіп, түрмеге апарып, бірнеше күн азаптап, қатыгездікпен қинаған. Аяқ-қолын сындырған, керіп қойып, "груша" қылып ұрып-соққан. Үстіне қайнаған су құйып, терісі сыдырылып күйіп қалғандар да, көзі соқыр болып қалғандар да бар. Бұл жігіттердің бәріне ҚР Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 2-бөлімі – "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. Бұл – өте ауыр статья. Егер осы айыппен сотталса, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қаңтаршы жігіттер өздерінің еш кінәсі жоқ екенін, тек бейбіт митингіге шыққанын айтады. Кейбірі тіпті алаңға да бармаған, көшеде, дүкенге бара жатқанда жазатайым оқ тиген. Олар өздерінің ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, халыққа үндеу жолдады және өкіметтен қылмыстық істі тоқтатып, қысқартуды, өздерін ақтауды талап етті" дейді журналист.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір