• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:14:15
Алматы
+35°

01 Сәуір, 2022 Саясат

"Қырым, Донбасстағы жағдайды Қазақстан мойындамайды". Тимур Сүлейменовтың Брюссельге сапары

"Қазақстан Ресейге қарсы салынған санкцияны айналып өтетін жол қызметін атқармайды", Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығына құрметпен қарайды".

Фото: euractiv.com

Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов Брюссельде қаржылық тұрақтылық бойынша еурокомиссар Валдис Домбровскиймен келіссөз жүргізіп, Батыстың Ресейге салған сакциясының Қазақстанға салқыны, Қазақстанның ендігі әрекеті, Украинадағы жағдай бойынша әңгімелескен. Бұл туралы ол Euractiv.com басылымының журналисіне берген сұхбат барысында мәлім етті.

– Келгендегі мақсат – геосаяси дағдарысқа байланысты қалыптасқан жағдайды талқылау, Украинадағы әскери әрекеттер, Ресей экономикасы мен қаржы жүйесіне салынып жатқан санкциялар мен олардың Қазақстанға салдары, оларды жеңілдету жолдары туралы мәселелерді талқылау.

Екіншіден, еуропалық серіктестерімізге Қазақстан Ресейге қарсы салынған санкцияны айналып өтетін жол қызметін атқармайтынын айтқым келеді. Ресей, Беларусь және өзге де елдермен бірге Еуразиялық экономикалық одақта екенімізге қарамастан, біз санкция шараларын орындайтын боламыз. Сондықтан Қазақстанға АҚШ пен ЕО тарапынан қосалқы санкция салынғанын қаламаймыз.

Үшіншіден, Еуроодақпен серіктестігімізді кеңейтуді талқыладық, – дейді Тумир Сүлейменов.

Ол негізгі сауда және инвестициялық серіктестермен орнаған жағдайды ашық талқылау, Ресеймен де сауда алыс-берісі жалғаса беретінін жеткізу үшін келгенін де атап өтті.

 

– Біз Ресейге инвестиция құюды, Ресейге инвестиция тартуды жалғыстыра береміз, экономикамыз үшін басқаша жол жоқ. Бірақ санкцияға ілінген тауарларды бақылау үшін мүмкін болған барлық шараны жасаймыз. Сондай-ақ санкция салынған кез келген тұлға мен ұйымның инвестициясына аса мұқият боламыз. Сол арқылы өзіндік жүйемізді көрсеткіміз келеді, – деген ол еуропалық серіктері Қазақстан позициясын толық түсіністік танытқанын, келіссөз нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

 

Журналист Тумир Сүлейменовтен "Қазақстанда Украинадағы соғысты атымен атауға байланысты қиындық бар ма?", "БҰҰ бас ассамблеясы соғысты тоқтату туралы қарар қабылдарда Қазақстан Ресеймен бір ұйымдағы міндеттемелерге байланысты қалыс қалды ма?" деп сұрады. 

 

– Бізде заттарды өз атымен атауға қатысты мәселе жоқ. Расында да Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше. Соған байланысты біз Ресеймен экономикалық та, әскери де сала бойынша одақтамыз. Бірақ келісім-шарттардың сипаттамасы осы нақты жағдайға еш қатысы жоқ. Әрине, Ресей біздің өзінің жағында болғанымызды қалайды. Бірақ Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығына құрметпен қарайды. Қырым, Донбасстағы жағдайды (Қырымды Ресейдің бір бөлігі, Донбассағы сепаратистік республикалардың тәуелсіздігін – ред) Қазақстан мойындамайды. Өйткені оны БҰҰ мойындамайды. Біз тек БҰҰ деңгейінде қабылданған шешімдерге ғана құрметпен қараймыз, – деді ол Қазақстан Ресей-Украина қақтығысының бір бөлігі емес екенін мәлім ете.

 

Сондай-ақ ол экспортталатын мұнайдың 90 пайызы Ресей ауғамы арқылы өтетінін, қазіргі жағдай көптеген қиындықтар туғызып отырғанын атап өтіп, Қазақстанға экспорттық маршруттарды әртараптандыру қажеттігін жеткізді.

Тумур Сүлейменов Қазақстан Еуроодақпен серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін, президент ұсынған реформалар еуропалық, демократиялық құндылықтарға жақын екеніне назар аударып, үш-бес жылдан кейін Қазақстанның авторитарлық Азияға қарағанда, ЕО-ның Нидерланды, Франция, Польша сияқты елдерімен ұқсастығы көбірек болатынына сенетінін жеткізді.

Сұхбат барысында қаңтар оқиғасы бойынша тергеу әлі жүріп жатқаны, тергеу қорытындысы міндетті түрде жарияланатыны туралы айтылды. Осы тұста Тимур Сүлейменовтың "қаңтар оқиғасында 150-ге жуық адамнан айрылып қалдық дегені түсініксіз болып тұр. Ресми дерек бойынша елде трагедиялық жағдай кезінде 230 адам қаза тапқан.

Әңгіме соңында Қазақстанда саяси алаңды либерализациялау бойынша реформалар ұсынылып, соны жүзеге асыру шаралары жүріп жатқаны туралы сөз болды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір