• USD 468.43

  • EUR 485.43

  • RUB 7.67

  • CNY 65.35

30 Қараша, 13:08:53
Алматы

Рио олимпиадасында чемпион атанған ауыр атлет Ниджат Рахимов жуырда сынамаларды алмастырды деп айыпталып, допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін медалін қайтарып, 8 жылға спорттан шеттетілді. Спортшы бұл шешіммен келіспейтінін,апелляциялық шағым түсіретінін мәлім етті. Бұл – допингке қатысты соңғы жылдардағы алғашқы дау емес. Қазақстанда допинг дауы неге жиілеп кетті, спортшылардың дауға ілігуіне не себеп? Оның артында кімдер тұруы мүмкін? Дәл осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік...

Допинг деген не? Тарихы қайдан бастау алды?

Сөздікке жүгінсек, «Допинг» – ағылшын тілінен аударғанда «dope» – есірткі беру деген мағынаны білдіреді. Спорт саласында, бұл термин есірткіге ғана емес, сонымен қатар оларды қабылдау арқылы спорттық нәтижелерді еселейтін кез келген табиғи немесе синтетикалық заттарға қатысты қолданылады.

Тарихта алғаш рет допинг ат жарысында қолданылған. Бұл туралы ақпарат шет ел басылымдарында 1903 жылы жарық көрген. Өз сәйгүлігінің басқалардан оза шапқанын қалағандар күшті ұлғайтатын заттарды жылқы терісіне егіп немесе тікелей ағзаға жіберу арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Допинг туралы әлем жұртшылығы 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарында естіп-білген. 100 км қашықтықтағы веложарыс ыстық уақытта өткендіктен, көптеген спортшылар велосипедтерінен құлап, естерінен танған. Оларың қатарында даниялық Кнуд Йенсен мен Юрген Йоргансен бар. Йенсен осы оқиғадан кейін қайтыс болған. Ағылшын велошабандозы Том Симпсон 54-ші Тур де Франс жарысында екі рет велосипедінен құлап, беті бері қарамай кеткен. Бұл екі жағдайда да өлімнің нақты себебі хабарланбаған. Уақыт өте келе, қайтыс болған спортшылардың қанынан күшті арттыратын қосымша заттар табылғаны анықталған.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін 1999 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Агенттіктің басты мақсаты – әділетсіздіктің алдын алу және спортшылардың шынайы, таза нәтижеге қол жеткізуін қадағалау.  

Допинг сынамалары қалай алынады?

Ережелерді, стандарттар мен нұсқаулықтарды әзірлеуге, спортшылардың деректер базасын жүргізуге Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік жауапты. Сынамаларды жинау мен талдауды қоса алғанда, тәртіп бұзушылықтарды бақылау бойынша тікелей жұмысты ұлттық допингке қарсы ұйымдар мен стандарттарға сай зертханалар жүргізеді. Аталмыш ұйымдар спортшылармен, ал зертханалар сериялық номерлері бар сынамалармен жұмыс істейді (спортшылардың деректері зертханаларға жіберілмейді).

WADA тыйым салынған заттар тізімін жаңартып отырады. Ал кез келген спортшы пайдаланған заттарына толық жауапкершілік алады. Допинг табылған жағдайда, ақпарат тәртіптік шаралар қолданатын спорт федерацияларына жіберіледі (Бұл WADA және ұлттық допингке қарсы агенттіктердің құзырына жатпайды).

Халықаралық жарыстарға қатысуға ниет білдірген спортшылар допинг-тест тапсыруы керек. 2009 жылдан бастап, олар WADA-ға өздерінің орналасқан жерінің кестесін 3 ай бұрын жіберіп, сынама алу үшін қолжетімді болған әрбір күннің 1 сағатын бөлуге міндетті.

Спортшылардан допинг анықталған жағдайда 2 жылға спорттан шеттетілуі, ал екінші рет қайталанса, 4 жылға немесе спорттық шараларға қатысуға мәңгі тыйым салынуы мүмкін.

Кей жағдайларда спортшыларға тыйым салынған препараттарды қабылдауға рұқсат беріледі. Спортшы ол үшін препараттарды қабылдау оның денсаулығы үшін қажет екенін растауы керек. Шаңғышылар мен биатлоншылардың көбі астмамен ауыратындықтарн, ұлттық допингке қарсы агенттік немесе халықаралық федерацияның рұқсатымен олар WADA-ның тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген препараттарын қабылдай алады.

Қазақстандағы допинг төңірегіндегі дау

Жуырда Токио төрінде олимпиаданың қола жүлдегері атанған Игорь Сонның допинг қолданғаны анықталды. Тест 2022 жылғы 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында жарыстан тыс допинг-бақылау аясында өткізілген.

Қазақстан Республикасы Ауыр атлетика федерациясының сайтында: «Ауыр атлетика федерациясы бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүргізуді көздеп отыр» делінген.

Игорь Соннан басқа тағы бес спортшы: Әуелханов Абылай, Потасова Юлия, Чалкарова Руфина, Дроздов Алексей, Макрушин Матвейден де допинг анықталған.

Бұған дейін де IWF шешімімен Олимпиада чемпионы болған қазақстандық ауыр атлеттер: Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза екі жылға, Светлана Подобедова сегіз жылға спорттан шеттетіліп, алған жүлдерінен айырылған еді.

 

Отандық спортшылар допинг дауына жиі түсуінің бірі ретінде таяудағы уақытқа дейінгі заңдағы солқылдақты айтуға болады. Қазақстан үкіметі олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиадада алтын алғандарға – үш бөлмелі, күміс алғандарға – екі бөлмелі, қола алғандарға бір бөлмелі пәтер береді. Бұдан бөлек, олимпиада мен паралимпиадада алтын алғандарға – 250 мың доллар, күміске – 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар тағайындалған. Допинг анықталған жағдайда спортшылардан мемлекеттен алған мол сыйақы мен пәтер қайтарылып алынбайтын. Өйткені заңда қарастырылмаған.

 

Допинг дауы қайталана берген соң 2019 жылдың қыркүйегінде «Дене шынықтыру және спорт туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, оған сай, жүлде алған спортшы допинг қолданғаны анықталған жағдайда мемлекеттен алған сыйақыны қайтаруға міндеттелді. Сондай-ақ заңда спортшыға допинг тағайындағандарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Заң жобасында допинг қолданғаны үшін дисквалификация, спорттық нәтижесін жою және біліктілік ұпайларын алып тастау, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеуді тоқтату, спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб командаларының басшыларына ай сайынғы ақшалай көмекті тоқтату, спорттық атағынан айыру, Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпионы және жүлдегері тұрғын үйді пайдалану шартын бұзу, спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама және штаттық құрама командаларының құрамынан спортшыларды, жаттықтырушыларды шығару тәрізді жауапкершілік түрледі қарастырылған.

Заңға сәйкес Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне 10 жылға жалға берілетін үй мерзімі аяқталғанда ғана спортшының меншігіне өтеді. Өйткені допинг сынама нәтижесін сақтау мерзімі – 10 жыл. Егер сынама жақсы нәтиже берсе, барлығы спортшының өзінде қалады. 

 

Екінші мәселе – тамыры кеңге жайылған жемқорлық. Бұл – біздің мемлекетте ғана емес, бұл әлем елдерінде де байқалады. Мәселен, спорт журналисі Руслан Меделбектің Азаттық радиосында 2020 жылы жарияланған мақаласында Германияның ARD телеарнасы деректі фильм жариялап, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) басшылары кейбір атлеттердің допинг сынамаларын әдейі тексермей келгені айтылады. Сонымен қатар деректі фильмде қазақстандық ауыр атлет Светлана Подобедова (2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы. 2016 жылы тапсырған сынамасынан допинг табылып, алтынын қайтарып берген) бірнеше жарыста тек бір ғана сынама тапсырғаны анықталған.

 

Руслан Меделбек допинг дауларының жиілеуінің негізгі себептерінің бірі ақша екенін айтып отыр.

Фото: Руслан Меделбектің instagram парақшасынан

– Қазақстанда допинг дауының өршуіне не себеп, осы жағдай тек ауыр атлетика саласында ғана ма?

Бірінші мәселе, допинг дауы бізде қазір тек ауыр атлетикада өршіп тұр. Ауыр атлетикада негізінен, спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылардың да «көп чемпион шығару, көп ақша алу» деген үлкен мүддесі болған. Жаттықтырушылардың бүкіл мақсаты Олимпиада болсын, Әлем чемпионаты болсын қалай да медаль алу. Өйткені Әлем чемпионаты мен Азия немесе Олимпиада ойындарындағы әрбір медаль жаттықтырушы үшін ақша. Меніңше олардың қолында өте үлкен әдіс болған. Бірақ сол әдістері дұрыс жұмыс істемеді. Қазір барлығы ашылып жатыр. Сондықтан допингке жүгінудің түпкі себеп жоғары нәтиже көрсету арқылы ақша табу.

2019 жылы допингке қатысты заңға енгізілген өзгертулердің әсері қандай болады? Бұрын чемпион атанып, кейін допинг қолданғаны анықталған Илья Ильин, Зулфиа Чиншанло, Мая Манеза, Светлана Подобедова сынды бірнеше ауыр атлет заңда көзделгендей алған сыйақыларын мемлекетке қайтара ма?

2019 жылы қабылданған допинг туралы заң енді-енді жұмыс істей бастайды. Өйткені олимпиада ойындары биыл ғана өтті. Сол жерде жүлдесін қайтарып алу деген бар. Ол тек осы Токио және Бейжің Олимпиадасынан бастап жүзеге асады. Ал Рио, Лондон, Бейжің олимпиадалары бұл заңға кірмейді. Сондықтан қазір, Ильин, Зулфия немесе Ниджат қаржысын қайтарып берсін деп шулағанның өзінде, оны қайтара алмаймыз. Өйткені ол кезде мұндай заң болмаған. Ал Токио олимпиадасында жүлде алған спортшылардың бірінен допинг табылып жатса, олардың жүлдесін, сыйақысын қайтарып алу мәселесін мемлекет көтеруі мүмкін.

Жақында допинг анықталған Ниджат Рахимов, Игорь Сондардың жағдайы не болмақ?

– Игорь Сонға келетін болсақ, оның Токио олимпиадасында алған қола медальінен кейін допинг табылған жоқ. Сондықтан «Ол қоласын, сыйақысын қайтарып береді» деген мәселелер қазір көтерілмейді деп ойлаймын. Игорь Сонның үстінен іс қозғауға мемлекеттің құқығы бар. Ал медаль тартып алу Халықаралық Олимпиада комитетінің құзырында. Егер ғайыптан тайып, Қазақстан: «Біз осы Игорьдан допинг тауып алдық. Міне, әділеттік үшін біз оның біз қола медальін қайтарып береміз» деп Халықаралық Олимпиада комитетіне хат жазатын болса, алған сыйақысын қайтарсын деп іс қозғаса ғана ол сыйақысын қайтаруы мүмкін. Бірақ қазіргі уақытта олимпиада ойындарынан кейін тапсырған оның допинг сынамасы таза болып тұр. Олимпиададан медаль алған спортшы бірден сол күні допинг тапсырады. Допингтің нәтижесі бір аптаның ішінде шығады. Игорьдікі сол кезде таза шыққан. Ал қазіргісі 2022 жылы алынған допинг сынама табылып жатыр.

Ниджат апелляцияға бердім деді. Апелляциядан қайтадан жеңіске жету мүмкіндігі жоққа тән. Өйткені спорттық арбитраж сотының шешімін дауға салу өте-мөте қиын. Әрине, Қазақстан үшін, Ниджат үшін шығын болады. Өйткені адвокатқа ақша төлеу керек. Ильин, Подобедова, Чиншанлоның барлығы күресіп көрді. Бірақ допингпен бір рет күдікке ілінген адам, судьялардың алдында мәңгілікке «Таза» деп қабылданбайды. Сондықтан өте қиын. Ниджат меніңше алтынынан айырылды.

Игорь Сонмен қатар, допингпен ұсталды деген бес спортшы бар. Бұл тізімдегілер жайлы не ойлайсыз?

– Бұл – ауыр атлетика федерациясының: «Міне допингпен күресіп жатырмыз, допингке төзбейміз» деген саясатын көрсетудің амалы ма деп ойлаймын. Алдағы уақытта жаппай медальіне, атағына қарамай спортшылардың түгелін, Қазақстанның өзінің ішінде шынымен күресіп, жаппай ұстап жататын болса, сонда ғана нәтиже болады. Бір тізім жариялағанмен, «ауыр атлетикада допингпен күрес сұмдық жүріп жатыр» деп айта алмаймыз. Әліптің артын бағу керек.

Допинг дауына шенеуніктердің жанама немесе тікелей қатысы болуы мүмкін бе?

– «Бұны айта алмаймын. Ол үшін мемлекет үлкен комиссия құрып, бұның артын тергеушілер тергеуі керек. Егер мемлекет «ауыр атлетикадағы допингтің түбін қазамыз, бұның артында кім тұр» деген үлкен тергеу жүргізіп, шынымен күресеміз деп ашуға мүдделі болса, онда Қазақстан үлкен тергеу комитетін құруы керек. Ал мемлекет тарапы мүдделі болмаса, онда оның артында кім тұрғанын біз біле алмаймыз. Әрине, ауыр атлетика федерациясы, жоғары спорттың маңында жүргендер білер. Бірақ олар мүдделі болмаса, бұның арты ашылмайды.

Рүстем Айткәрім

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: допинг дауы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір