15 Сәуір, 2022 Мәдениет
Фото: Qamshy.kz
Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетов атындағы залында көрнекті жазушы, этнограф, баспагер Зейнолла Сәніктің шығармашылығына арналған «Дәнекер тұлға», «Халық мұрасының жанашыры» кітаптарының тұсаукесері мен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қоры арнайылап белгілі қаламгердің туған күніне орайластырып ұйымдастырған. Оған зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар мен жазушының шығармашылық жолы бойынша ізденіп жүрген магистрант жастар қатысты.
Іс-шара барысында жазушының жары, ақын, ұстаз, Зейнолла Сәнік Мәдениет қорының президенті Шамшабану Хамзақызы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжан, Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы құттықтау сөз сөйледі. Жазушының шығармашылығындағы өзіндік ізі, оқиғаны хатқа түсірерде дәлелді-дәйекті дүниелерді жазғаны жайлы баян етті.
Жиын тізгінін ұстаған журналист Жарқын Сәленұлы Зейнолла Сәнік шығармашылығы жас ізденушілер арасында жиі зерттеу нысанына айналатынын, 2018-2021 жылдар аралығында жазушы-этнографтың шығармашылығы бойынша 11 магистрлік, 6 дипломдық жұмыс жазылып, қорғалғанын, 2 ғылыми монография, 2 естеліктер жинағы жарық көргенін атап өтті. Биылғы оқу жылында да Зейнолла Сәнік шығармашылығын арқау еткен жұмыстар аз еместігін жеткізді.
Қалың оқырманға жол тартқан қос еңбек Зейнолла Сәнік шығармашылығын жаңаша қырынан тануда қаламгер еңбегіне тереңірек бойлап, зерттей түсуде олжалы туынды дейді жиналғандар.
«Дәнекер тұлға» кітабына жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктер, зерттеу мақалалар енген. Онда қаламгердің адами асыл қасиеті айшықталып, әртүрлі жанрдағы бай шығармашылық мұрасына әдеби-ғылыми тұрғыдан талдау жасалған. Жаңаша ізденіспен баға берілген. Еңбек оқырманға Зейнолла Сәніктің болмысы арқылы шетелдегі қазақ әдебиеті мен тарихи тұлғалар өмірінен тың мәліметтер ұсынады.
Ал фольклортанушы Дүйсенгүл Жаһанның «Халық мұрасының жанашыры» еңбегінде Зейнолла Сәніктің этнографиялық-фольклорлық мұрасы алғаш рет жүйелі түрде талданып, ғылыми ой-тұжырымдар, қорытындылар шығаруға талпыныс жасалған. Қазақ руханиятының ажырамас құрамдас бөлігі болып саналатын Қытайдағы қандастарымыздың мұраларының жиналу, жариялану, зерттелу жағдайлары жөнінде жүйелі жұмыс жүргізген этнографтың жалпы шығармашылық болмысындағы халықтың дәстүрлі мәдениетіне деген көзқарасы тұңғыш рет тұтас кешенді түрде қамтылып, ғылыми-танымдық тұрғыдан талданады.
Қос кітап та Зейнолла Сәніктің еңбектерін насихаттау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу, сол арқылы біртұтас қазақ әдебиетінің жинақталуы мен дамуына үлес қосуды көздейді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Елордадан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Семей, Талдықорған және тағы басқа өңірлерден келген әдебиеттанушылар, әдебиет және ғылыми институттардың басшылары мен қызметкерлері, профессорлар мен жас ғалымдар түрлі тақырыпта мазмұнды баяндама жасап, жазушының мінезін, болмыс-бітімін жан-жақты ашуға тырысты.
Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып қырық жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» ауыр соққысына ұшырап, «халық жауы» атанып ауыр күндерді де өткерген. 1978 жылы толық ақталып, қызметі қалпына келтірілген.
Қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман, повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген. Қазақстанда «Қаракерей Қабанбай», «Хас батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Халық күйшісі Қайрақбай», «Баспай» атты кітаптары мен еңбектері жарияланған.
Көрнекті жазушы, этнограф 2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір