• USD 468.43

  • EUR 485.43

  • RUB 7.67

  • CNY 65.35

30 Қараша, 12:31:09
Алматы

Фото: Ашық дереккөз

«Бозмұнар» романын оқып шыққаныма үш айдың жүзі болыпты. (мақала жазылған кездегі уақыт – ДБ) Жиналыста сөз сөйлеу үшін емес, өзім үшін, замандас қаламгердің кезекті еңбегіне деген ыхластың болғандығынан, достық пейілмен қолыма алған болатынмын. «Сабақты ине сәтімен» деп, бүгін бірер ауыз сөз айтудың реті келіп тұр.

Роман тәуелсіздік жылдарындағы аумалы-төкпелі өмірді өзек етеді. «Жарбол Шаяхметұлы» деген өспірім жастың есею жолы, мектеп бітіргенге дейінгі Қытайдағы қым-қуыт күндері суреттеледі. Қазақстан тәуелсіздігін алып, көк туымыз желбіреген сәттен бастап, шартараптан атажұртқа ағайындар келе бастады. Ағылған көшпен бірге білім іздеп, Отан құшағына мыңдаған студент жастар асығып жетті. Солардың бірі Жарбол еді, көптің бірі болып шекарадан өткен арманы асқақ, талабы таудай Жарболдың тағдыры күтпеген жағдайлармен бетпе-бет келіп күрделі барыстарды басынан өткізеді. Алғаш келгендегі бас сұғар пана таппай сенделу, таныс-білісті жағалау, адамдарға күмәнсіз сену, алаяқтарға алдану, қара жұмысқа жегіліп қара табан құл болу, барахолка деген қара қазанда қайнау, көз шырымын алатын қуыс таппай вокзалдарда түнеу секілді қым-қуыт көріністер көз алдымыздан жылжиды. Жастыққа тән махаббат, адамға тән сүйіспеншілік өз бедерімен кестелендеді. Ауылдағы алғашқы махаббаты Жанботаның атажұртқа жете алмай қайтыс болып кетуі, оның өліміне қызғаншақ қара ниет Жеңістің себеп болғанын көреміз. Салы суға кетіп Алматыға қайта оралғанда, өмір жолына Ақеркенің тап болуы өзінше ауыр, тосын, қиын эпизодтармен өрбиді.

Фото: Ашық дереккөз

Романның соңғы жағының тығыздығы жоғары, жиілігі үлкен. Алматыға еті үйреніп, ортаның тілін тауып тынысын сезе бастайды, өйткені Жарбол жалғыз емес, өзі секілді сансыз сергелдең болған, жастығын тәуелсіздік деген үмітке байлаған, арманын Отанына қосақтаған азаматтармен бірге өмірдің асау ағысымен алпарысқа түседі.

Романды қайталап баяндап шығу міндет емес, десе де, жазушы көрген өмір мен фантазиясы арқылы өрген өмірі астасып кәдімгідей шым-шытырық оқиға желісі түзіліпті (кейіпкерлерінің көбі ортамызда жүр...). Бұл романның басты ерекшелігі өзіміз өмір сүріп отырған кезеңді, қолымызбен ұстаған, көзімізбен көрген тіршілікті жан сүзгісінен өткізе суреттеуі дер едім. Көп қаламгер өткен қоғамды, арғы замандарды жазуға әуес. Ең қиыны, өзің жасап жатқан дәуір туралы көркем шығарма жазу болса керек. Көптеген мәселеге уақыт әлі жауабын беріп үлгермеген. Ақ пен қара ажыратылмаған, дұрыс дегенің бұрыс болып шығатын, теріс дегенің оң болып құбылатын кездер көп ұшырайды. Ал шығармада адам суреттелетіндіктен оның дүниетанымы, білімі, діни көзқарасы, саяси сауаты бәрі қамтылады. Әдеби шығарма «ксерокопия» секілді көшірме болмаған соң, қоғам жасайсың, саясат белгілейсің, кейіпкер тағдырын сомдайсың... Шығармаң шындық тамырынан нәр алмаса, қиялың көркем ойларға құрылмаса, ешкімге қызық емес екені тағы бар.

Жарбол ойламаған жерден ұшырасып, жанына қамқор, тәуекелге бел буған қыз Ақеркемен қосылып шаңырақ көтереді. «Басың екеу болмай, малың екеу болмайды» деген аталар даналығына сай жоғары оқу орнына түседі, оны ынта-жігерімен оқып орыс, ағылшын тілдерін меңгереді. Кәсіпкерлікке ден қойып, мол табысқа кенеледі. Шетелдерге сапар шегіп, Отаны мен алыс елдердің ара жігін ашып көре алады. Топ алдында шешен, жұрт алдында көсем тұлғалық сипаттары қалыптасады. «Тоғай аралаған үйші болады, ел аралаған сыншы болады» деп, үлкен саясатшыға айналып «Жанпида» деген қоғамдық ұйым құрып, белсенді адамдармен бірлесіп, бел шешіп қызмет етіп қазақ қоғамының қыртыстарын жазып, дамудың жолына пайдалы жұмыстарға араласады. Өз сөзімен айтсақ: «Ұлт үшін күресуші топтарды біріктіріп, ел ертеңіне жарқын жол нұсқау» мақсатының жолында басын бәйгеге тігеді. «Рух», «Жауһарлар» қатарлы партия-топтар қолдап қуаттағанымен кейбір партиялармен бірлестіктер қызғаныштан, көреалмаушылықтан жолына кедергі жасап, қастандық ұйымдастырады. Мемлекетке пайдалы, халықтың тұрмысына оңды, алыстан елім деп келген қандастардың орнығуына көмектесемін деген ниеті терістеліп, Жарбол Шаяхметұлының тілін тиып, сөзін кесіп, көзін жою үшін әшкере және құпия қастандықтар ұйымдастырылады.

Жарболдың өлімі тікелей кісі қолынан болмағанымен, ол жұмбақ жағдайда қаза табады. Алдынан қарсы кездескен автобус толы балаларға соғылмау үшін жеңіл машинаны бұра тартқанда, көлік жолдан шығып аударылып, апатқа тап болып өртеніп кетеді. Жарбол мен жүргізуші күйіп күлге айналады. Артында жұбайы Ақерке жесір, ұлы Арман жетім болып қалады. Машина өртенген жерден жинастырған бір уыс күлді отбасына әкеліп тапсырады, олар оны биік төбенің басына апарып «жерлеп», белгі тас орнатады. Ылғи қабір басына барып, Құран оқып жүретін Арман бір жолы барғанда, ойламаған оқиғаға тап болады. Бейіт басынан бір чемодан тауып алады, ішін ашып қарағанда, кітаптың қолжазбасы шығады, ондағы парақтың соңғы беттері былай аяқтайды. «...күндердің күнінде, көктемнің шуағы даланы құлпыртып, Бозмұнарға малынған қалалармен далалардың үстінен тұман айыққан сәтте, бүкіл әлем өзім туған мамырдай майда мінезге шомылып, сүттей ағарып, судай тазаланған кезде қастарыңа ораламын. Қазірше періштелермен біргемін», депті. Хатты оқып бізде ойландық, бұл не? Хат жазып бейіт басына қойып кеткеніне қарағанда, Арманның келетінін біліп аманат етіп отыр, періштелермен біргемін дегенін екі түрлі түсінуге болады. Бірінші, бақилық болғанын, екіншісі, ақиқатты сүйетіндермен, шыншылдармен біргемін дегені. Демек, бой тасалап қалтарыста жүргенге ұқсайды.

Роман әуел баста: «Адамды адам сағынады. Адам атаның ұлдары Әбіл мен Қабыл сәби шағында бірін-бірі көрмесе, тұра алмайтын еді. Олардың томпаң қағып жүгіргені, балғын жүздерінен көрінетін тұп-тұнық күлкінің уыз табы ата-анасын қуанышқа бөлейтін. Ағайынды екеуі әке-шешесінің жылы шуағына шомылып, ыстық мейірімен марқаятын. Иә, адамдардың бақыты балалық шағында» деп басталады. Роман аяқталар тұста: «Адамды адам сағынады. Адам ата перзенттерінің сағынышы мәңгіге сарқылмақ емес» деп нүкте қойылады. Бәрілеріңіз білесіздер, Адам ата баласы Қабыл бірге туған бауыры Әбілді қызғаныштан өлтіреді. Жер бетіндегі тұңғыш қаза қызғанышпен басталады. Адамдар сәби кезінде бірін-бірі жақсы көреді, есейе келе нәпсі оянып, мүдде пайда болып имансыздықтан бірін-бірі жеккөріп, өлтіруге дейін барады екен.

Бұл роман 2008 жылы жазылып, 2012 жылы өңделіп, 2018 жылы жарық көріпті. Егер соңғы бір айда жазылған болса, қазақ қоғамындағы болған «бір оқиғаға» қатты ұқсатар едік. Жазушы Қытайдан келген студент Жарболды өмірдің қиындығына әбден салып, мол тәжірибеге кенелдіреді. Орыс, ағылшын тілін меңгертеді, кәсіпкерлік жақтан ілгері бастырып байытады, соңынан ұлтына пайда тигізу үшін атқа мінгізіп қоғамдық күреске қатынастырып «Жанпида» ұйымына жетекшілік еткізеді. Сөйтіп жүргенде, өмірден, заманнан теперіш көрсетіп, саяси қысымдарға тап қылып, тағдырын қиындатып жібереді. Мұзафар Әлімбаев атам айтқандай: «Мойны озғанды оқ табады» деп, авариядан өлтіреді. Кімнің оқиғасына ұқсап кеткенін ойлай беріңіздер!.. Бірақ қайталап айтайын, роман осыдан он жыл бұрын жазылып, бір жыл бұрын басылып шыққан шығарма. Сонда бұл жазушының ішкі түйсігі ме? Қоғамның табиғи даму заңының қортындысы солай болу керек пе? Немесе жазушының жаман ойлауынан туындаған мысық тілеу ме? Қалай ойласаңыз да, романдағы сюжет өмірде қайталанып жатыр, алдын ала жазылған сценарийге ұқсап қалған... Не десеңіз де, өз еркіңіз!..

Қытай билігі дәурендеп тұрған елдегі шалғай ауылда туған Жарбол бала кезінде ауылдың саясиланған адырақ байларынан әкесінің таяқ жегеніне куә болып жаны жасиды, көңілі құлазиды. «Мәдениет төңкерісінің» сұрқия сұмдықтарын басынан өткізіп жүрегі жаралы болған бала өзінің қазағынан қатігездік көреді. Арада жарты ғасыр тыныштық орнағандай болып еді, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деп, қытайдың жантүршігерлік, ардан аттаған саяси науқаны тағы басталды. Ондағы мұсылмандар мен қазақтардың басына әңгір таяқ ойнатуда. Бар қылмысы, қазақ болғаны мен мұсылман болғаны. Олар мемлекетке, қоғамға зәредей зиян келтіріп отырған жоқ. Сөйте тұра әділетсіз биліктен зардап шегуде.

Жазушы Жәди Шәкенді әулиеге теңемеймін, десе де, жазушы қиялының құпиясына назар аудармай амалымыз жоқ. Дәл бүгінгі таңдағы қазақ қоғамындағы «әлгі оқиғаға» мынау «Бозмұнар» кітабы алдын ала жазылған жоспарына ұқсап қалды. Автор фантазиясына ерік берген, қаламның жетегі бастап отырып «Жанпиданың» тағдырына тіреледі. Адам атадан тараған ұрпақ мынау кең байтақ әлемге сыйыспай бір-біріне тұзақ құрады. Кенеттен өртеніп кеткен әке «арғы дүниеден», бергі дүниедегі баласы Арманға хат жолдапты, ол шынында тірі ме? Тірі қалған әлде оның рухы ма? Міне, мен оқыған «Бозмұнар» романы осы болатын.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Ақын

ҚЖО-ның мүшесі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір