• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:11:07
Алматы
+35°

6 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «Рухы мықты Ер қазақ» деген атпен бірнеше іс-шара өтпек. Іс-шаралар алаштану, абайтану, шәкәрімтану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері, Қазақ ССР Гимні авторы Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған.

Жоспарланып отырған іс-шаралер кестесі төмендегідей:

  1. «Қайым және ұлттық болмыс» атты бірыңғай сынып сағаты (9:50-10:35) ;
  2. Орта оқу орындарындағы білім беру мәселелері мен ұлттық мектеп моделі талқыланатын «Ұлттық мектеп – ұлт болашағы» ғылыми-тәжірибелік семинар (10:30-12:50);
  3. Ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының құрметіне арналған қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы “Алтын Белбеу” республикалық турнирі (9:00-18:00);
  4. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының таныстырылымы (14:00-15:00);
  5. «Қайым мұражайының» ашылуы (15:00-16:00);
  6. Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған «Рухы мықты Ер Қазақ» концерті (16:00-17:30);
  7. «Ұлылар есімі ұрпақ жадында» атты Алаш арыстарының атындағы аллеяның ашылуы (17:30-18:00);
  8. Қайым рухына арналған ас (18:00-19:00).
  9. Фото: Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия

Бұл іс-шаралар тұтасымен Қайым тұлғасын таныстыру, насихаттауға бағытталған. Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы негізінде жас ұрпақ санасында отаншылдық сезімін ұялатып, елшілдік идеяны сіңіруді көздейді.

«Ұлттық мектеп – ұлт болашағы»  ғылыми-практикалық семинары қазіргі таңда аса өзекті болып тұрған «ұлттық мектеп қандай үлгіде болуы керек» деген мәселені қозғайды. Осы тақырыпта ғылыми ізденісте жүрген зерттеушілер арнайы баяндама жасап, тәжірибелі мамандар тұжырым ұсынады. Баяндамашылардың сапында біраз жыл білім саласының менеджері, басшысы қызметтерін атқарған, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова бар. Оған қоса ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы мен ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сафура Сейдуәліқызы қатысатыны белгілі. Әртүрлі билік тармақтарынан өкілдер болуы, әрі кәсіби мамандардың ой жарыстыруы семинардың нәтижелілігін арттырып, көтерілген тақырыптың игерілуіне игі әсер ететіні сөзсіз.  

Ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының құрметіне арналған қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы “Алтын Белбеу” республикалық турнирі – ауқымды шараның бірі. Турнирде республиканың 14 облысынан құралған 200 жас өрен боз кілемде белдеспек. Шараға «Қазақ күресі» ассоциациясының бас директоры Ербол Мырзабосынов, ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Жұмабекұлы арнайы қатыспақ. Жас ұрпақ санасына салауатты өмір салты мен спортты насихаттай отырып, Қайым болмысынан күрескерлік рухты сіңіру – осы іс-шараның басты ұстыны.

Толық күнге ұласатын іс-шараның бір белесі – «Қайым мұражайының» ашылуы. Елімізде мектеп жанында музейі бар орта оқу орындары көп емес. Айталық, ел астанасындағы 93 мектептің тек 16-сында ғана музей бар. «Қайым мұражайы» – осы қатарды толықтыратын біргей жоба. Өйткені мұндағы экспонаттар Қайым Мұхамедханұлы тұтынған, пайдаланған заттар. Мысалы, ол кісінің өзі киген костюмы мен шапаны, шерткен домбырасы, көптеген пайдаланған заттары осы музейге жинақталып отыр. Музей қорын 260-тан асатын фотоқұжаттар, 50-ден артық заттай экспонаттар құрайды. Музей ашылуына Тұрсын Жұртбай бастаған ғалымдар, Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Сайыров, Мақпал Мыса қатарлы депуттар қатысады.

Мұражай тұсаукесері Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған «Рухы мықты Ер Қазақ» концертіне ұласып, одан кейін Алаш арыстары атындағы аллеяның ашылуына жалғасады. Ал тұтас іс-шараның қорытындысы Қайым рухына берілген аспен түйінделеді.

Іс-шараға жоғарыда аты аталған депутаттар, білім саласының басшылары, ғалымдардан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшылары, астанадағы орта оқу орындарының директорларының қатысатыны жоспарланған.Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, Қайым Мұхамедханұлының ұрпақтары мен шәкірттері, тағы басқа ұлт руханиятының тілеулестері – аталған шараның құрметті қонақтары.

Қайым Мұхамедханов (5 қаңтар 1916 ж. – 30 маусым 2004 ж.) –  ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1996), Қазақ ССР Гимнінің авторы (1945), Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы (1940), Абайдың ақындық мектебі мен Қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану, әуезовтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері.

1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Аягөз қалалары, Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы.

Көптеген мәртебелі атақтар мен марапаттар иегері:

Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері (1995 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Абай сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, профессор, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір