16 Мамыр, 2022 NEWS
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Достық үйінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Өскемен қаласында VIІІ облыстық дәстүрлі «Студенттік көктем-2022» фестивалі өтті. Соңғы екі жылда коронавирус індетіне байланысты онлайн форматқа көшкен еді. Биыл байқау жастарға қайтадан айқара есік ашты.
Білімді де өнерлі студенттер үлкен сахнада жүзбе-жүз қауышты. Шара шығармашылық, «Жастар таңдауы» және кәсіптік бағдар беру атты 3 бағытта өтті. 4 университет пен 6 колледж студенті бас қосты.
Фестивальге қатысушылар еліміздегі ұлтаралық келісімді ұлықтап, береке-бірлікті ту етіп көрсетті.
«Өңірде жастар саясатын насихаттауда «Студенттік көктем» фестивалі ерекше роль атқарады. Достық үйінің 30 жылдығын мерекелеу аясында, шара ұлтаралық бірлік тақырыбына арналған. Ең басты Қазақстанның құндылығы бұл әрине біздің тұрақтылығымыз әрине біздің ұлтаралық келісіміміз сондықтан осы идеологияны насихаттау үшін осындай үлкен форматта өткізіп отырмыз» деді ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
«Студенттік көктем-2022» фестивалінің басты мақсаты студенттердің қоғамдағы белсенділігін және мәдени-шығармашылық әлеуетін арттыру, орындаушылық шеберлігін шыңдау, дарынды студенттерді қолдау, облыстағы оқу орындардың кәсіби бағдар беру бойынша жұмыстарын жандандыру.
Фестиваль қорытындысы бойынша бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі «үздік кәсіби алаң» номинациясы бойынша, ЖОО арасындағы «Үздік шығармашылық бағдарлама» Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ жеңімпаз атанды. Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университеті «жоғары оқу орындары арасындағы үздік кәсіби алаң» деп танылды. «Жастар таңдауы» номинациясын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жеңіп алды.
Сонымен қатар мұнда болашақ мектеп және колледж түлектеріне кәсіптік бағдар берілді Оқу орындары мамандық түрлерімен таныстырды. Өскеменнің мыңнан астам жоғары сынып оқушылары қатысты.
«Болашақта мен журналист болғым келеді. Өзім үшін ЖОО таңдап қойдым. Ұйымдастырушыларға әрбір оқу орнымен танысуға мүмкіндік бергені үшін рахмет» деді болашақ талапкер Юлия Соломатина.
Бүгінде ШҚО-да жастардың 25 пайызын студенттер құрайды. Өңірдің 8 жоғары оқу орны мен 86 колледжінде 66 548 студент білім алуда. «Білікті маман» жобасы бойынша, соңғы екі жылда, өңірде тапшы мамандар дайындауға облыс әкімінің арнайы гранттары бөлініп келеді. Осы күні 646 жас грант иегері атанып отыр. Жұмыстың оң нәтиже бүгіннің өзінде көрініс табуда. Соңғы екі жылда мектеп түлектерінің білім алу үшін шетелге кетуі үш есеге азайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір