• USD 466.44

  • EUR 487.71

  • RUB 8.56

  • CNY 69.65

01 Шілде, 23:46:20
Алматы
+22°

Түркменстандық әйелдерге кірпік жабыстыруға, татуаж, ботокс жасатуға заң жүзінде тыйым салынған болатын. BBC деректеріне сүйенсек, жабық мемлекеттегі әйелдерге қатысты тыйымдар күн санап артып жатыр. 

Бұл бастамаларды 12 наурызда әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтың орнына келген 40 жастағы президент Сердар Бердімұхамедов көтерген. Әйелдерге қатысты бұйрықтар мен тыйым – Түркменстан билігінің "ата дәстүрі" десек те болады. Себебі мұндай жағдай Түркменстанның алғашқы президенті билік еткен күннен бастап жалғасып келеді. 

"Түрікмендер Сердар Бердімұхамедов әкесінен гөрі прогрессив жолды ұстанады деп үміттенді, бірақ олар қатты қателесті", делінген Халықаралық жоспарлы ата-ана федерациясының мәлімдемесінде.

Федерация дерегінше, Түркменстанда түсік жасатуға да тыйым салынған. Ал жүктілікті тоқтатудың рұқсат етілген мерзімін 12 аптадан 5 аптаға дейін қысқартқан. Бірақ мұндай ерте мерзімде көбіне әйелдер өзінің жүкті екенін білмей жатады. 

"Ұлттық дәстүрге қайшы келеді"

Түркменстандағы әйелдер мамыр айынан бастап таксидің артқы орындығына отыруға мәжбүр. Әйелдердің айтуынша, такси жүргізушілеріне таксипарк басшыларынан осындай бұйрық келіп түскен. Алайда мемлекеттік құжаттарда мұндай бұйрық туралы ақпарат көрсетілмеген. 

"2017 жылдан бері Түркменстандағы әйелдерге жүргізуші куәлігі берілмей келеді. Тіпті, жүргізуші куәлігінің берілмеу себебін де түсіндірмейді. Сол себепті қазір салынып жатқан тыйымдар мен бұйрықтар көпшілікті таңғалдырмайды" дейді Turkmen.news сайтының редакторы Руслан Мятиев. 

Оның айтуынша, көліктің алдынғы орындығына отырған әйелдерді полицей тоқтатып, ескерту жасаған. 

Айыппұлдар мен жұмыстан қуу

Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің тырнақ бояп, татуаж жасауына тыйым салынған.  "Радио Азатлык" сайтының мәліметінше, ботокс пен татуаж жасаған 20 бортсерік әйелді жұмыстан шығарып жіберген. Ал сұлулық салонының басшыларына ескерту жасалған. Егер заңға бағынбайтын болса, айыппұл салынады немесе 15 күнге қамалады. 

Куәгерлер қоғамдық орындарда полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп, бұйрыққа бағынбаған әйелдерге ескерту жасап жүргенін де айтып жатыр. 

Түркменстандағы халықаралық компанияда жұмыс істейтін Умида (есімі өзгертілген) есімді тұрғын қазір тексеріс тек мемлекеттік қызметтегі әйелдер арасында қатаң жүріп жатқанын айтады. Әзірге Умида жұмыс істейтін компанияда тырнақ бояп, кірпік жабыстыруға тыйым салынбаған көрінеді. 

Түркменстан билігі әйелдердің боянуынан бөлек қоғамдық орында сезімін білдіруі де ұлттық құндылыққа қарсы келеді деп есептейді. Шетелдік БАҚ-тың дерегінше, көшеде қол ұстасып жүрген жастар қамауға алынған. Қамауға алынған жастарды "алдағы уақытта көшеде қол ұстасып, сезімін ашық білдірмейміз" деген мәтінде қолхат жаздырып алғаннан кейін босатқан. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір